Ел үмітін ер ақтар

Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «Ел тірегі – 2019» республикалық акциясы аясында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Алматы облысы, Чунджа кентіндегі 2534 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтемекке 39 жас сарбаз аттанбақ. Ел тірегі болсам дейтін азаматтар енді шекара шебінде сап түземек.

Президент Жарлығына сәйкес, болашақ сарбаздарды мерзімді әскерге шақыру 2019 жылдың 11 қыркүйегінен басталған болатын. Салтанатты шара барысында Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Болатжан Ыдырысов:
– «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген аталы сөз бар. Бұл сөз әрбір қазақстандық үшін үлгі болуы керек. Өйткені ел тағдыры Отан қорғаушы сарбаздардың қолында, – деп жастардың Отан алдындағы борыштарын адал атқарып келуге тілектес екенін айтты.
Әскерге шақырылған жастарға ыстық ықыласын білдіріп, ақжолтай тілектерін айта келген Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Дүкенбай Ермеков Отан алдындағы міндетті өтеу әрбір азаматтың парызы екенін айтып, Әулиеата жерінен шыққан Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сынды батыр бағландардың ізін жалғаушы ретінде жастарға үлкен сенім білдіретінін жеткізді. 2534 әскери бөлімінің өкілі Дулат Алдербаев шекара шебінде «Отан қорғаушы» деген атқа сай жастарды әскери өмірге тәрбиелейтінін тілге тиек етті.
Жастайынан әскери қызметте жұмыс атқарғысы келетін Мойынқұм ауданы, Мыңарал ауылынан шақырылған Дамир Куликов өзінің әскери өмірге дайын екенін, ел қорғаны атану бала арманы екенін айтты. Медициналық тексеруден 2-3 күн аралығында толықтай өткен ол әскерден кейін келісімшарт бойынша өз міндетін одан әрі маман ретін жалғастырамын дейді. Болашақ сарбаздардың қазіргі мақсаты – Отан алдындағы міндетті абыроймен өтеу, ел тыныштығын күзететін сарбаздар қатарына қосылу.

Сәндібек Піренов,
ТарМУ студенті

Comments (0)
Add Comment