«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың қатысуымен өткен жиналысқа партия қалалық филиалының бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, БПҰ төрағалары мен «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты. Отырысты ашқан филиал төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов күн тәртібіне ұсынылған мәселелерге тоқталды.
Жиында қаралған бірінші мәселе ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тараз қалалық қоғамдық штабының атқарған жұмысы туралы болса, екінші мәселе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және 2019 жылдың 12 маусымындағы ҚР Президентін ұлықтау рәсімінде белгіленген негізгі 10 бағытын жүзеге асыруға байланысты ұсыныстар туралы болды. Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасау үшін алғашқы сөз «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаеваға берілді. Ол өз сөзінде баса мән берілетін маңызды бағыттардың бірі әділетті әлеуметтік саясат екенін атап өтті. Осы мақсатта жаппай білім беруді қолдау, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесі жайлы көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды.
– Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін кемінде 40 мың жалдамалы пәтер пайдалануға беріліп, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін үш жыл ішінде кемінде бір мың жалдамалы пәтер іске қосылатын болады. Цифрлық медицинаны дамытуға баса назар аударылып, медицина ғылымының жаңа жетістіктері енгізіледі. Дәрігерлердің мәртебесі мен жалақысы арттырылады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, ауыл халқына медициналық көмек көрсетудің тиімді моделі құрылатын болады. Баса мән берілетін 10 маңызды бағыт іске асырылатын іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік биліктің күші, өкілетті Президент, әрекетке қабілетті Парламент, халыққа есеп беретін Үкімет формуласының шын мәнінде жүзеге асырыла бастағанын көрсетеді,– деді Жанар Рымбекқызы.
Өз кезегінде сөз алған «Таразкоммуналкөлік» БПҰ төрағасы, Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілетіні белгіленген күннен бастап «Таразкоммуналкөлік» БПҰ белсене жұмысқа кірісіп, сайлау науқаны барысында үгіт жұмыстарындағы іс-шараларға қатысқанын айтты. Сонымен қатар өз ұсынысын да айта кетті.
– Біріншіден, жемқорлықтың өсуі қызметкерлердің лайықты жалақымен қамтамасыз етілмегендігінен. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы төртінші бағытында айтып өтті. Екіншіден, қызмет бабында басшы қызметіндегі азаматтар өз мүмкіндігін асыра пайдаланып жатады. Бұл ащы болса да шындық. Осы орайда, құқықтық сауаттылық пен мәдениетті қалыптастыруды қолға алуға барынша ықпал жасау керек деп ойлаймын,– деді Бекбол Баянғалиұлы.
Одан кейінгі «Nur Otan» партиясы «Жамбыл жылу» БПҰ бюросының мүшесі, Н.Тілендиев атындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова сөз алды. Ол өз баяндамасында мемлекеттің дамуына ең қажетті деген 10 бағыттың ішіндегі 6-шы бағытқа тоқталды.
– Педагог мәртебесін көтеру мәселесінде 20-30 жыл еңбек өтілі бар ұстаздарды арнайы тест тапсырудан босатуды ұсынар едім. Сондай-ақ мұғалімдердің қоғамдағы беделін арттыру мақсатында оқушының мектептен тыс уақытта тәртібі бұзылса немесе басқа да болған жағдайда мұғалімдердің жауапкершілігін алып тастау қажет деп есептеймін. Әр ат-ана сонда ғана өз баласына деген жауапкершілігін толық сезіне алады. Ал ел болашағы үшін «Жас дәуір – Қазақстан патриоты» факультативтік сабағын енгізуді ұсынар едім, – деп сөзін аяқтады Эльмира Сауқымбекқызы.
Жаңа жобаларды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен «Nur Otan» партиясының алдына қойылған міндеттердің маңыздылығы жөнінде сөз қозғалған жиын соңын қала әкімі Қайрат Досаев түйіндеді.