Егеменді еліміз 30 жылдың бедерінде талай асулардан асты. Осынау Ұлы даланы құраушы ұлтымыз өз тарихында көптеген қиындықтар мен кедергілерді еңсеріп, зор жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде Қазақстан – ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт-бағдарын айқындаған әлемге үлгі санаулы мемлекеттердің бірі. Мұның айқын дәлелі – Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы.
Аталған жоспардың басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі. Құнды құжатта «Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм», «Кәсіпкерлік-ті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау», «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік», «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары», «Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту», «Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту» және «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» сынды ұзақ мерзімді 7 басымдықты іске асыру қарастырылған.
Елімізде біртұтас экономикалық кеңістік құрылып, билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып, маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргізілді. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан өзгерістердің сипаты жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Енді екі-үш жылдан кейін елімізде тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келеді. Қазіргі кезеңде еліміздің алдында тұрған басты мақсат – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру. Қазақстан XXI ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған елінің қатарында болуы тиіс. Дамудың қазақстандық үлгісі жаңа саяси бағыттың негізі іргетасы болып қаланды. Қазақстан халқын бір ортаға топтастыратын саяси мәні зор «Қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты бағдарламада әлеуметтік-саяси дамудың «қазақстандық үлгісін» демократиялық жолмен өркендетудің негізгі тетіктері көрсетілген. Қазақ елінің басты мақсаты – дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.
Жалпы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы ойдан құрастырылған жоқ. Озық елдердің даму үлгісінде мұндай ұзақ мерзімді даму бағдарламасын қабылдау бұрыннан бар. Дәл осындай бағдарламаны ғаламдық саяси институт БҰҰ-да қабылдаған. Ол «2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының әлемдік даму тенденциясы» деп аталады. Сондай-ақ Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жариялады.
Бүгінде еліміз 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 озық мемлекетінің қатарына кіруді межелеп отыр. Бұл – ғылыми негізделген қаржылық және кадрлық ресурстармен тиянақталған, қол жеткізуге мүмкіндіктеріміз бар мақсаттар. Стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыруда әрбір қазақстандық азаматтың еншілес үлесі бар.
Бүгінгі таңда кез келген мемлекеттің абыройы мен беделі халқының әлеуметтік жағдайымен өлшенетіні белгілі. Осы ел тұрғындарының назарына ұсынылған ауыл-аймақтардың әкімдерін сайлау сияқты азаматтық қоғамды дамыту істерінің маңызы зор. Сонымен қатар жер өңдеу мәдениетін өзгерту, ауыл еңбеккерлерінің жаңа буынын қалыптастыру, жаңа ғасырдың әлемдік нарығының сұранысына лайықты агроөнеркәсіп кешенін дамыту сияқты Жолдауда көтерілген өзекті жобалардың маңыздылығы жоғары. Шынымен, ел шырайын келтіріп, ауылдың гүлденуіне тірек болатын, болашағы зор жобалар да қолға алынуда.
«Қазақстан – 2050» Cтратегиясын әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды құжат деп атауымыздың себебі – ол ең әуелі еңбек пен ынтымақтың арқасында толағай табысқа қол жеткізу мемлекеттік саясаттың басым мәртебесі екендігін айқындап берді. Әлеуметтік саясаттың басты бағыттар: шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, жұмысқа орналастыру немесе жаңа мамандық игерудің жолдарын көрсету. Сондай-ақ демократиялық даму жолындағы зайырлы қоғам құрудың нақты міндеттерін де нақтылады.
Тәуелсіз Қазақ елі бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық даму жолында жаңғыру кезеңін бастан кешіріп отыр. Осы даму үдерісіндегі басты жетістіктеріміз – әлеуметтік-саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім. Тарихи кезеңмен салыстырғанда аз ғана уақыт аралығында ғасырлық жолдарды жүріп өткен, уақыт сынында шыңдалған еліміздің жарқын болашағын бағдарлаудағы аса маңызды стратегия ретінде қоғамға үлкен қозғау салды, тың серпін берді. Тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуы күн санап дамып қарыштап, адам құқықтары саласындағы жаңғыртулар жоғарғы халықаралық өлшемдерге жақындап келеді. Сондықтан 2050 жылға дейінгі стратегиялық мұраттарымыз бен кешенді ұлттық жоспарларымыздың белгіленуі тарихи сипатқа ие болып отыр.
Аталған құнды құжатта еліміздің Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс», – деген болатын. Ол үшін ең бірінші кезекте мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту, экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу, ұлттық экономиканың жетекші күші болып табылатын кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету, жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру міндеттерін іске асыруымыз керек. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру, мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру, халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне пара-пар саясат құру мақсаты алға қойылып отыр.
Біздің еліміздің бейбітшілікті қалайтын, барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынаста болуды көздеген және алпауыт елдерді ядросыз әлем құруға шақырған сыртқы саясатын дүние жүзі мойындап отыр. Тәуелсіздік жылдары осы мақсатта жүргізілген жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп, жас мемлекетіміздің абыройы артып, тез арада әлемге танымал болды. Құжатта сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтарына екпін түсірілді. Оның ішінде аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту, мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру, азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту мақсаты көзделгені анық. Әрине, дамыған елдердің қатарында болу үшін біздің азаматтарымыз білімді де білікті, парасатты да пайымды болуы тиіс. Өз Отанын шын сүйетін адам ғана ортақ мүдде жолында аянбай қызмет жасап, еңбегімен алда болатыны анық. Биік межені белгілеген мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі тиіс. Ендеше, жас ұрпақтың тәрбиесіне де жаңаша көзқарас керек.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы – еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының нақты жолдарын көрсетіп, болашақтағы негізгі мақсат-міндеттерін белгілеп берген тарихи құжат. Бұл бағдарламадағы қарастырылған мәселелер тек еліміз үшін ғана өзекті емес, жалпы әлемге ортақ көкейкесті проблемалар екені шындық. Сондай-ақ бұл стратегияда осындай толғақты мәселелердің түйінін тарқатудың, шешімін табудың жолдары көрсетілген. Бүкіл әлемге өзекті болып отырған энергия, су тапшылығы, табиғи апаттар, қаржылық дағдарыс, оны шешу жолдары жан-жақты қарастырылған. Яғни стратегиялық саяси мәні зор бағдарлама қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыру үшін ортақ мақсатқа топтастырады.
Руслан САҒЫМБАЕВ,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы