Ел дамуына үлес қосу – әр азаматтың міндеті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Күмәнді көрсеткішке алданбаймыз», – деді. Бұл дегенің әр істі көзбен көріп, қолмен ұстауды талап етеді. Ең бастысы, халықтың жүйкесін жұқартқан жалғандық емес, өтірік сандар мен бюрократияның жолы кесіледі дегенді білдіреді.

Осындай талап әр мекеменің маңдайшасында, әр басшының желкесінде тұрса, Президент айтқан күмәнді көрсеткіштер орын алмайтыны хақ. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауды дүрілдетіп қолдаумен емес, тапсырманы орындаумен іске асырсақ, жұрттың соңғы сенімі оянып, бұдан кейінгі жерде үміті үкілей беретіні сөзсіз. Сонда ғана жаңа Қазақстанның жарқын жұмысы, ақиқат ісі көрініп, халқымыз «осылай өмір сүруіміз керек екен ғой» дейтіні айдай ақиқат.
Жолдауда көтерілген ең алғашқы мәселе – ел тыныштығы, бірлігі, алауыздыққа жол бермеу және болған оқиғалардан сабақ алу. Ұстаз ретінде Мемлекет басшысының осы ойын Абайдың 25 қара сөзіндегі мына сөздермен үндестігіне ерекше тоқталып өтер едім: «Адам алдын, артын, осы күнін – үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі…». Тәуелсіздікті сақтау, ел тұтастығын сақтау Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті деп білемін.
Жолдауда Мемлекет басшысы батыс өңірлерінде оқу орындарын ашу және шетелдердегі озық білім ордаларымен кәсіби ынтымақтастықты жаңа жолға қоюды міндеттеді. Бұл Абайдың 33 қара сөзіндегі негізгі идеямен астасып жатқанын байқауға болады. «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды…», – деген. Дамыған мемлекеттердегі жаңа инновациялық жетістіктерді өз тыныс-тіршілігімізде пайдалану өмір қажеттілігінен туындаған мәселелер болып отыр. «Партия болды да, ел іші бүлінді», – дейді Абай. Бүлінгені шын. Мемлекет басшысының бас партиядан бас тартуы, Ата заңымыздың шеңберінде шектеу қойылғаны – соның дәлелі деп білемін. Өзінен бастап облыс, аудан әкімдері партия мүшелігінен кететінді- гі – өте дұрыс шешім.
Өз ойымды қорытындыласам, еліміздің дамуы, өркендеп өсуі – Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың жауапкершілігі. Әр қазақтың азаматы патриот болуға тиіспіз!

Базарбай Дүйсенбаев, «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Comments (0)
Add Comment