Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында

Тараздың оқу-ағарту саласында оң өзгерістер көп

Раушан ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы

Соңғы уақытта заман талабына сай технология қарыштап дамыған сайын қоғамға қойылатын талаптар да күрделене түсуде. Осындай сындарлы кезеңде білім саласының басты мақсаты – тек білім беріп қана қоймай, адалдықты ту еткен, адамгершілігі жоғары, кәсіби жауапкершілігі мықты азаматтарды тәрбиелеу болып отыр.

Білім – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».
Тәуелсіздік жылдары білім саласын дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Бұл бағытта Тараз қаласында да атқарылып жатқан айшықты жұмыстар жетерлік. Айталық, өткен оқу жылында саладағы өзекті мәселелердің бірқатары шешімін тауып, оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Бүгінде қаламызда 294 білім мекемесі болса, оның 141-і – мемлекеттік, 153-і – жекеменшік мекемелер мен ұйымдар. Мәселен, жыл басында Тараз қаласы шекарасының өзгеруіне байланысты Байзақ, Жамбыл аудандарынан шаһар аумағына 37 білім беру мекемесі қосылса, жаңа құрылыс есебінен 5 мектептің құрылысы аяқталып, 5 180 оқушы орны ашылды. Нәтижесінде «Бәйтерек» шағынауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысым мәселесі өз шешімін тапты. Енді таяу күндері «Шөлдала» алқабында тағы бір «Келешек мектебін» ашу жоспарланып отыр. Осының есебінен №55 орта мектептегі орын тапшылығы жойылады. Сондай-ақ №7, 15, 27 орта мектептерде жапсарлас жаңа ғимарат құрылысының жүргізілуі есебінен оқушылардың сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасалады.
Өткен оқу жылында мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қарастырылған 801 миллион 149 мың теңге қаражатқа 15 модификациялық кабинет, 84 сынып жиынтығы, 3 шеберхана алынды. Оның ішінде 418 миллион теңге қаражатқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан 4 оқу ордасының материалдық-техникалық базасы жабдықталды.

Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша білім беру ұйымдарында оқу және тәрбиемен 109 057 бала қамтылған. Биылғы жаңа оқу жылын жалпы саны 110 білім ордасында 84 502 оқушы бастаса, оның 7605-і мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге де барлық жағдай жасалып келеді. Айталық, биылғы жаз маусымында бюджеттен 232 миллион 629 мың теңге қаражат қарастырылып, қала сыртындағы лагерьлерде – 2 489, мектеп жанындағы лагерьлерде 9 822 бала сауықтырумен қамтылғанын айта кетейік.
Жаңа Қазақстан жағдайында мектепке дейінгі білім беруді дамыту мен сапасын арттыру да айрықша маңызға ие. Бүгінде қаладағы 171 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 23 916 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 2-6 жас аралығындағы балалар – 96,6, 3-6 жас аралығындағы балғындар толығымен 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Өткен оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізіліп, ата-аналар осы платформа арқылы бөбекжай-бақшаны таңдауға, бюджетті қадағалауға мүмкіндік алды.
Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын жетілдіру басты назарға алынып, балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу бағытындағы жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, бүгінге дейін мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 1 000 ойын жаңартылып, 264 ойыншық патенттелсе, 130 ойыншық патенттеуге ұсынылды. Сонымен қатар тәжірибелердің тиімділігі ескеріле отырып, қаламыздың педагогтері әзірлеген «Ойын сиқырының құпиялары», «Дамытушы 1000 ойын» жинақтары шығарылды және ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ерте дамыту институтының» сайтына орналастырылды. Білікті педагогтарымыздың тәжірибелері республика көлемінде таратылып, оң бағаға ие болды.
Өткен оқу жылы орта білім деңгейіндегі көрсеткіштерде оң динамика байқалып, білім сапасы өсті. Атап айтсақ, республикалық, халықаралық ғылыми жоба, пән олимпиадалары мен шығармашылық оқуларда оқушыларымыз 79 жүлделі орын иеленіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 28 орынға артты. Жүлдегерлер санының басымдығымен Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы, Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы алғашқы үштіктен көрінсе, аталмыш №5 мектеп-гимназиясы, №40 гимназия және Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы республиканың «100 үздік олимпиада мектептері» тізіміне енді.
Еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал сол болашаққа апарар жол білім мен бәсекеге қабілеттілікте жатыр. Бұл тұрғыда әрбір түлектің 11 жыл бойына санаға тоқыған білім сынға түсетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің маңызы зор. Ағымдағы жылы мектепті аяқтаған 3 900 түлектің 3 118-і, яғни 80 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 4 оқу ордасының орташа балы 100-ден жоғары болды. Осылайша 100-ден жоғары ұпай жинаған мектеп бітірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 62-ге өсті. Нәтижесінде түлектердің 148-і – «Алтын белгі», 214-і «Үздік аттестатқа» қол жеткізді.
Сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру ісі де біздің назарымыздан бір сәтке тыс қалған емес. Соның айқын дәлелі – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында алты ірі жоба жүзеге асырылып, 30-ға жуық қалалық іс-шара өткізілді. Сонымен бірге буллингтің, құқық бұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары жүзеге асырылды. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектептерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасы іске қосылды.
Хакім Абай өзінің 38-ші қара сөзінде «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, жақсы адам болып қалыптасу – тек өз қолыңда емес, айналаңдағы ортаның, тәрбие берушілердің әсері зор екенін айтқан болатын.
Бұл тұрғыда ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Себебі ұстаз – күллі қоғамның айнасы. Қазіргі таңда қала бойынша 10 мыңнан аса педагог қызмет атқаруда. Олардың қол жеткізген толайым табыстары да өте мол. Айталық, өткен оқу жылында мұғалімдеріміз 20 халықаралық және республикалық кәсіби байқауда жүлделі орын иеленді. Оның ішінде республикалық «Үздік педагог» байқауында топ жарған Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Абаханова мен №1 гимназияның математика пәнінің мұғалімі Дәурен Естаевті айрықша атап өткеніміз абзал.
Сонымен қатар білім беру мекемелері қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатында өткізілген облыстық рейтинг нәтижесі бойынша «Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» номинациясымен №17 бөбекжай-бақшасының, «Орта білім беретін үздік ұйым» грантымен Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының марапатталғаны – біз үшін зор мақтаныш.
Әрине, осынау жарқын жетістіктердің барлығы қаламыздағы күллі педагогтар қауымының еңбегінің нәтижесі екені айқын. Осы ретте барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, шығармашылықтарына шабыт тілеймін. Озат өрендеріміз бен озық ойлы ұстаздарымыздың қатары молая берсін!

Comments (0)
Add Comment