Әлемдегі ең көшбасшы спорт саналатын бокс Жамбыл жерінде қарқынды дамығаны баршаға мәлім. Алдыңғы толқын ағаларының ізін басқан біздің бүгінгі кейіпкеріміз де әлемдік ареналарда тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүр. Айталық, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті, бокстан Қазақстан чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы, 2023 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Бексұлтан Боранбекті облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы десек, қателеспейміз.
Бексұлтан Рахатұлы – жылдар бойғы еңбегінің жемісін көруді армандап жүрген спортшы. Асқақ арманының жетегінде бүгінге дейін бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген. Атап айтар болсақ, 2021 жылы Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың 100 жылдығына арналған республикалық турнирде І орынды иеленіп, турнирдің «Үздік боксшысы» атанды. Сондай-ақ бокстан КСРО спорт шебері Е.Ишекентовті еске алуға арналған Қазақстан Республикасының «Оңтүстік-Батыс» аймақтық турнирінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен боксшылар бәсекесінде де жүлделі I орынды қанжығасына байлайды. 2022 жылы ел чемпионатында топ жарды. Бұдан бөлек, КСРО спорт шебері Қамбар Андашевті және ҚР спорт қайраткері Аманбек Досмайыловты еске алуға арналған республикалық турнирлерде де тұғырдың ең биік сатысына көтерілген. 2023 жылы 3 дүркін Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермек Серіковті еске алуға арналған VI республикалық турнирде ІІІ орынды қанағат тұтады. Сонымен қатар жуырда ғана, яғни 4 қарашада Бексұлтан Рахатұлы Азия чемпионатының күмісімен күптелді.
Жуырда Бексұлтанның жарқын жеңісіне орай Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхтар Бердібетов және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Дүйсенбек Абдраимов пен студент жастар қатысты.
Жиында Бексұлтан Боранбек алдағы уақытта әлемдік ареналарда еліміздің атын шығарып, көк туын әлі талай көкке көтеретінін сеніммен жеткізіп, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.
Колледж директоры Дүйсенбек Абдраимов өз кезегінде былғары қолғап шеберінің алдағы жарыстарына сәттілік тілеп, бокс қолғабын сыйға тартты. Біз де Бексұлтанның қоржыны әлі талай алтынмен толығатынына сенімдіміз.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ