Ел аралап, су кешкен

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Парламент Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген және Гүлдара Нұрымовамен кездесті.

Онда аймақ басшысы облыс экономикасының жай-күйіне қысқаша тоқталып өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды. Өңір экономикасының барлық бағытында оң динамика байқалады. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, экономикалық өсудің жоғары қарқынын сақтау үшін барынша жұмыс жасаудамыз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі бүгінгі таңда мал шаруашылығы үшін жем-шөп дайындау маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша назар аударуда. Қыстауды қалыпты режимде өткізу үшін 1,7 миллион тонна шөп дайындау жоспарлануда. Біз жамбылдықтарды мал азығын дайындауға және сайлар мен өзен арналарында шөп шабуға белсене атсалысуға шақырамыз, – деп атап өтті облыс әкімі.
Б.Сапарбаев облыста ауылдық округ әкімдерін сайлауға дайындық қызу жүріп жатқанын жеткізді. Сайлау 41 ауылдық округте өтеді. «Сайлауға қатысушылардың бәріне бірдей жағдай жасалады», – деп сендірді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыстағы туризм саласын дамыту жайы да сөз болды.
– Облыс орталығында Атлах шайқасының 1270 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Бұл дата ата-бабаларымыздың бай мұрасын зерттей түсуге мүмкіндік беріп отыр. Аталған шайқастың түркі халықтары үшін маңызы зор. Айталық, сол оқиғадан кейін Қытайдан тыс жерлерде де қағаз өндірісі бастау алды. Тұтқындардың арасында қағаз шығарудың құпиясын білетін Қытай шеберлері де болды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Басқосу барысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты мәселелер де талқыланды.

– «Таразға тарту» жобасын айрықша атап өткіміз келеді. Бұл жоба аясында жаңа әлеуметтік нысандар салынып, саябақтар мен скверлер жаңғыртылуда десек, ол өз кезегінде тарихы терең шаһардың туристік әлеуетінің артуына да оң әсер етері сөзсіз, – деді Мейрамбек Төлепберген.
Сонымен қатар Мейрамбек Төлепберген мен Гүлдара Нұрымова облыс әкіміне аудандардағы кездесулер барысында тұрғындар көтерген мәселелер туралы хабарлады. Осы ретте Бердібек Сапарбаев әлеуметтік мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Андрей Линник және Ильяс Буларовпен кездескен болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments (0)
Add Comment