Ел қадірін Ер біледі дәл Сіздей!

Елбасының бейнесі, оның асқақ болмысы бүгінде ақындардың жырына да арқау болуда. Әлбетте бір ғана өлеңмен оның келбетін ешкім дәлме-дәл айшықтап бере алмасы анық. Десе де, қаламның ұшынан ақ параққа төгілген әсем жырлар оқыған жанға ой салары сөзсіз.

Кие

(поэмадан үзінді)

Оттан сақтап, оқтан қорғар берен боп,
Не болса да пешенемнен көрем деп.
Елің үшін түстің талай додаға,
«Күн астынан орын тауып берем!» –
деп.

Емен құсап ерек біткен еренім,
Көз жетпеске ой жеткізген төрелім.
Сертке ұстаған семсер
сынды жарқылдап,
«Халқым үшін жаным құрбан!» –
деп едің.

Ірікпестен лықсып келген сезімді,
Жасырмастан жасқа тұнған көзіңді.
(Ұмытқан жоқ, ұмытпайды бұл халық!)
«Айналайын, елім!» – деген сөзіңді.

Қызғанады-ау кейбіреулер бағыңды,
Ардақтауға ары жетпей нар ұлды.
Сіз жасаған еркін, бейбіт қоғам бұл –
Шүберекке түйіп жүріп жаныңды.

Ел билеудің қияметін сезем мен,
Елді бастап өткелі жоқ өзеннен,
Алып өттің, ел басына күн туып,
Етікпенен су кешетін кезеңнен.

Бардың қанша нартәуекел қадамға,
Түсініксіз көрінгенмен наданға.
Судың өзі жол береді екен ғой,
Жүрегінде от лаулаған адамға.

Сыншы көп қой біткен іске сынайтын,
Ғұмыр кештің ұлтың үшін ұнайтын.
Жатыр елім күндіз-түні той тойлап,
Құрметіне құрбан шалып Құдайдың.

Шартарапқа байлығымен байқалған,
Қазағымды бақытсыз деп айта алман.
Сара жолға түсті елім тәубә деп,
Жорға сынды төрт аяғы тайпалған.

Атажұрттың керегесі керіліп,
Оғыландар атқа қонды тебініп.
Армандаған, Сіз аңсаған дәуірдің,
Көкжиегі көз ұшынан көрініп.

…Бас иесіз көрген қызық мәнсіздей,
Ел бақытты Елтұтқасы бар Сіздей.
«Ер қадірін ел біледі» деуші еді,
Ел қадірін Ер біледі дәл Сіздей!

Маралтай Райымбекұлы
Жаны да – нұр,
жүзі де – нұр, аты – Нұр
Жаны да – нұр, жүзі де – нұр, аты – Нұр,
Халқы қолдар, ел жұртына жақын ұл.
Маңдайына біткен жұлдыз қазақтың
Нұрағадай әділ басшы, батыр ұл!

Қиындықтан алып шыққан
халықты-ай,
Қыран құстай биік самғар қалықтай.
Елбасымыз құрмет тұтар Нұраға
Қараңғыдан түскен сәуле, жарықтай.

Саясаты жүргізетін алғырлық,
Қиындықты барша артта қалдырдық.
Көшті бастап, алға дамып, өрлеумен,
Қазақ елін барша әлемге жар қылдық!

Қазақстанды дүниежүзі біледі,
Нұрағаны үлгі етіп жүреді.
Бірлігіміз жарасумен тек алға,
Халқым менің, қазақ елі, Нұр елі!

Төзе білген түрлі кезең сынаққа,
Жетерміз біз Нұрағамен мұратқа.
Тәуелсіз ел туын тіккен Елбасы
Нұрсұлтанның биік туын құлатпа!

Өр тұлғалы, жігер толы, намысты ер,
Нұрағамен бар бақытпен қауышты ел.
Раббым Алла, елімізге тыныштық,
Береке мен табыс, бақыт, ырыс бер!

                                   Марал Хантөреқызы

 

Бәйтерек

(поэмадан үзінді)

Төбемнен төңкергендей қара түнді,
Түлетті Тәуелсіздік қанатымды.
Елбасы арқасында ел жаңарып,
Арқаға Астанадай қала тұрды.

Ежелде елтұтқалар ел орнатқан,
Ұласқан ұрпағына олар – мақтан.
Елбасы – қасиетті, аталы сөз,
Мазмұны, мағынасы терең жатқан.

Ту тіккен, еңсе тіктеп елдігің ғой,
Өзгемен терезесі теңдігің ғой.
Елтеріс, Ататүрік даңқыменен,
Елбасы ұғымының орны бірдей.

Тоқтамас ғасырлардан озған дәуір,
Тынысын сезінесің жазғанда жыр.
Кеңестік көсемдерді мансұқ етіп,
Кетті ғой көсем деген сөзден қадір.

Әр сөздің астарына осы арада,
Ағайын, ой жіберіп, жете қара.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында,
Тұлғасы Елбасының жеке-дара!

Өмірдің судай ағып өзегімен,
Келеді Президенттер кезегімен.
Елбасы – Назарбаев – егіз ұғым,
Жасайды мәңгі бірге өз елімен!

Нұрағам өзі салған нұр қаланың
Сәулеті бағын ашты бұл даланың!
Азаттық, Елбасыны, Астананы
Белгілі «Бәйтеректе» жырлағаным!

«Бәйтерек» біреулерге ұнамайды,
«Билікті мақтадың» деп кінәлайды.
Жырласам Елбасыны айып па екен,
Көтерген төбесіне ұлы Абайды?!

                                         Несіпбек Айтұлы

Comments (0)
Add Comment