«Covid-19» коронавирус инфекциясының жаңа штаммы омикрон әлем елдерін әлекке салып, қауіпсіздік шараларын қатаңдатуға мәжбүрлеп жатыр. Тез тарап жатқан бұл штамм біздің елге де жетті. Сондықтан биыл 5 қаңтардан бастап қосымша іс-шаралар шеңберінде жекелеген объектілердің қызметіне енгізілетін жаңа шектеулер күшіне енді.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен жұмыс және демалыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне (азық-түлік емес, сауда алаңы 6 мың шаршы метрден астам), сондай-ақ караокеге тек қауіпсіз «жасыл» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің кіруіне рұқсат етіледі. «Жасыл» мәртебелілерге – вакциналау, сынама алынған сәттен бастап 7 күннен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР-тесті, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы 3 ай ішінде ауырып сауыққан адамдар жатады. Ал «Ashyq» қосымшасында мәртебесі «көк» түсті болып тұрған азаматтар нысандарға кіре алмайды.
Жалпы вакцинаңыз болмаса, енді сіз біраз нысанға кіре алмайсыз. Бүгінде республика бойынша КВИ-ге қарсы екпенің І компонентін 9018784 адам қабылдаса, ІІ екпені 8556465 адам алған. Ал облысымызда бұл көрсеткіш І екпе бойынша 633081, ІІ екпе бойынша 559188 адамды құрап отыр.
– Бүгінде төртінші балама аяғым ауыр. Жүктілігімнің жеті айлығында екпе алуға келдім. «Пфайзер» екпесін алдым. Бұған дейін «Спутник» екпесін қабылдағанмын. Денсаулығыма байланысты ешқандай шағым жоқ. Әзірге дәрігердің бақылауында боламын, – дейді қала тұрғыны Құралай Қорғанбай.
Иә, бүгінгі таңда екпе алудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Жасөспірімдер мен жүкті және емізулі аналар өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша немесе кез келген емханадағы медициналық пункттерден екпе ала алады. Кәмелетке толмаған жандар ата-ананың немесе заңды тұлғаның рұқсатымен ғана екпе салдырады.