Екпе салудан үздік үштіктеміз

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстандағы коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі «Ел үшін егілемін» азаматтық штаб мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.

Ағымдағы жылдың 3 тамызы күні еліміздегі коронавирус пандемиясымен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» азаматтық штабы құрылған болатын. Штабтың мақсаты – COVID-19-ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеу.
– Ұйымдастырушылар елімізді қалыпты, коронавирусқа дейінгі өмірге қайтаруды мақсат етіп отыр. Ал бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, халықтың 70-80 пайызын егу арқылы ғана коронавируспен ауырғандар мен көз жұмғандар санын азайтуға болады. Халыққа вакцина туралы шынайы ақпарат таратуға қол ұшын бермек белсенділер арасында Вячеслав Локшин, Жібек Жолдасова, Рафаил Розенсон, Динара Сәтжан, Рахым Ошақбаев, Майра Измайлова сынды белгілі медицина мамандары, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам белсенділері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар бар. Бастамашыл топқа 200-ден астам жоғары кәсіби маман кірді. Олар өз білімдерін, кәсіби тәжірибелерін және басқа да ресурстарын елді вакцинаға қатысты хаостан шығару үшін жұмсауға дайын, – деді штаб мүшесі Саида Тәукелева.
Соңғы екі аптада Жамбыл облысында ауру қарқыны төмендеп, науқастар саны 12 пайызға, яғни 291-ден 255-ке дейін азайған. Күніне 35-40 адам ауру жұқтыруда. Елде тәулігіне 2 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды деп тіркелуде. 2021 жылдың жетінші тамызында елімізде ең көп көрсеткіш анықталып, ол кезде 8 325 адамнан кесел табылған. 19 тамызда елімізде 163 адам коронавирус-тан көз жұмып отыр. Осылайша Қазақстан тамыздың ортасында індеттен көз жұмғандар саны бойынша әлем елдері арасында екінші орынға шыққан. Қазіргі таңда аурудың асқынған кезеңінен өттік, алайда инфекциядан қайтқандар саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы орындарда келеміз. Сондықтан босаңсуға әлі ерте.
– Жамбыл облысындағы екпе алу қарқыны республика бойынша жоғары көрсеткішті көрсетіп тұр. Ел бойынша бұл өңір үшінші орында. Соңғы айда вакцинаның бірінші компонентімен қамту қарқыны 9 пайызға артқан (71 пайыздан 80 пайызға дейін), ал 20 қазандағы жалпыреспубликалық көрсеткіш 71 пайызды құрады. Вакцинациялауға жататын азаматтардың оңтайлы санының көрсеткішін қайта қарауға байланысты (9 млн 970 мыңнан 11 млн 390 мыңға дейін (ДСМ, 13.10.2021 ж.), әрбір өңірде вакцинацияланатындардың санын ұлғайту қажеттілігі пропорционалды түрде өсті, – дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев.
Қазіргі таңда елімізде вакцинациялауға жататын 11,4 миллион тұрғынның 8 миллионы екпе алып отыр.

Зере ҚУАНЫШ

Comments (0)
Add Comment