Екпе алу сырқаттан сақтайды

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қалалық №2, №7, «Almaz Medical Group» және «Садыхан» емханаларына қарасты мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының басшыларымен, сондай-ақ аталған мекемелердің медициналық қызметкерлерімен кездесті.

Жиын барысында Ұлана Сламбекқызы білім беру ұйымдарында әрбір баланың денсаулығын сақтау мен қорғаудың маңыздылығына айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар оқу орындарындағы балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілетін профилактикалық екпе шараларына бақылауды күшейту қажеттігі ескертілді. 6 жастағы балаларға – АКДС және қызылшаға қарсы, 11 жастағы балаларға – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы, 16 жастағы жасөспірімдерге – АДС-М екпелерінің уақытылы және толық жүргізілуі қажеттігіне баса назар аударылды. Бұл шаралар қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мақсатында зор маңызға ие болып отыр.
Кездесуге аталған емханалардың жауапты өкілдері арнайы қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

«JT»-ақпарат

Comments (0)
Add Comment