Талай жастың бағы мен бабы қатар сыналған ҰБТ да өз мәресіне жетті.
Толғанай АТАБАЙ
Өңірімізде 21-26 маусым күндері өткен тестілеуге жамбылдық 5814 түлек қатысса, оның 1324-і тараздық оқушылар.
Ұлттық бірыңғай тестілеу – он бір жыл бойғы шәкірттер білімі мен мұғалімдер еңбегінің көрсеткіші. Биылғы сынақ қорытындысы бойынша Төле би атындағы №8 гимназияның түлегі Қаракөз Нұрбаева 137 балл жинап, шаһардағы ең жоғары ұпайды еншіледі. 2018-2019 оқу жылында қаладағы 61 мектепті 2144 мектеп бітіруші түлек тәмамдап отыр. Жалпы жоғары оқу орнына түсу үшін өткізілетін ҰБТ-ға мектеп түлектерінің 1346-сы өтініш білдіріп, оның 1324-і қатысқан. Бұл көрсеткіш күндізгі мектеп бітірушілердің 61,8 пайызын құрап отыр. Сынақ тапсыруға өтініш білдірген түлектердің 22-сі өз еркімен тестілеуге қатысудан бас тартқан. Қорытынды аттестаттаудың нәтижесіне сай «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иеленген білім алушылардың тізімі мектеп директорларының бұйрығымен бекітіліп, мемлекеттік емтихандардың қорытындысы негізінде 59 түлек «Алтын белгі», 48 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
– Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен 29 автобуспен түлектерді ҰБТ өтетін жерге жеткізу ұйымдастырылды. ҰБТ-ға жеткізу және өткізу барысында оқушылардың өмір қауіпсіздігі сақталды. 24 маусым күні – 666 түлек, 26 маусым күні 658 түлек тапсырды, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлфия Жолдасова.
Мектеп бітірушілердің 299-ы шығармашылық мамандықтарды таңдауына байланысты екі пәннен тест тапсырған. Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, тест тапсырған түлектердің 40 пайызы, яғни 529 оқушы 100-ден жоғары балл алған.