Елімізде есірткіге байланысты қылмыспен күрес қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, биылдың өзінде 2000-ға жуық қылмыс тіркеліп, есірткі өндірумен айналысқан 23 зертхана жойылған. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті ведомствоаралық үйлестіру және профилактика басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов республикада есірткі тасымалын тоқтату үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып берді.
Бақытжан Әмірхановтың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдың алғашқы 8 айында 2 000-ға жуық есірткіге қатысты қылмыс тіркелген. Оның ішінде есірткі контрабандасы, психотропты заттарды сақтау, өсіру фактілері де болған екен. Республика бойынша бүгінге дейін 6,3 тоннадай есірткінің өзге түрі, 330 келі шамасында синтетикалық түрі тәркіленген. Ведомство өкілі тәркіленген есірткі тұтастай жойылатынын атап өтті.
“Тәркіленген есірткінің аз бөлігі сотта қылмыстық дәлел болуы үшін үлгі ретінде қалдырылады да, қалғаны толығымен жойылады. Бұл жұмыс акт бойынша барлық құқық қорғау қызметкерлерінің көзінше видеоға түсіріліп, атқарылады”- деп қосты маман.
Оның айтуынша, 2022 жылдың басынан бері елімізде 23 есірткі зертханасы жойылған. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10-ға көп.
“Елімізде дәрілік зертханалардың саны күрт өсті. Биылдың өзінде полиция 23 қылмыстық кәсіпорынның жұмысын тоқтатты. Ең қиыны есірткінің «синтетика» деп аталатын қауіпті түрі біздің елде де шығарыла бастады. Осыдан бірнеше жыл бұрын синтетикалық есірткінің басым бөлігі Қазақстанға дайын өнім түрінде әкелінетін. Ал қазір есірткі сатушылар оларды өз бетімен шығаруды үйренді ”,- деді маман.
«Емге ақша қажет болды»
Басқарма басшысы жастардың есірткі тасымалдаумен айналысуға бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы түрткі болатынын алға тартады. Сөзінше, ауылдан үлкен қалаға келген студенттер материалдық жағынан қиналып, салдарынан осындай ақша табудың оңай жолына түседі.
«Көбіне студенттер курьер қызметіне орналасып жатады. Статистикаға сүйенсек, осы қылмыс бойынша 18 бен 29 жас аралығында 3 мыңға жуық, 30 жастан асқандар арасында 15 мыңдай адам ұсталған», – деді Әмірханов.
Оның сөзінше, елімізде есірткі тасымалдау қылмысы бойынша бала 14 жастан бастап жазаланады.
“Елімізде есірткі тасымалдау бойынша ең жас қылмыскер 16-да. Осы ретте республика көлемінде былтыр 8, биыл 15 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде мектеп оқушылары да, колледж студенттері де болды. Айтып кеткенімдей, олардың қылмысқа баруына басты себеп – әлеуметтік жағдай мен ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы”,- деп қосты маман.
Осы ретте басқарма басшысы ата-аналардан балалардың бос уақытын қалай өткізетіні мен араласатын ортасын мұқият қадағалауға шақырды.
Бақытжан Әмірханов есірткіге байланысты қылмысқа жұмыссыз жастардың жиі баратынын сөз етті.
“Ұсталған азаматтардың бірі әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан осындай қадамға баруына тура келген. Жұмыс таппай қиналып жүргенде ақша табудың оңай жолын жарнамалаған хабарландыруға кез болған. Алғашында ол жарнаманың астарын бірден түсініп, бойын аулақ ұстаған. Алайда анасы сырқатқа шалдығып, емге ақша керек болғанда жанұшырған ол амалсыздан сол іске барыпты. Аз қаражат жинап алсам, бұл істі доғарамын деп ойласа керек. Дегенмен ақша артынан адам ешқашан қуып жетпеген ғой. Міне, ел үміті болатын жастардың болашағына осылай балта шабылуда”,- деді ол.
Мәселе туындатып отырған Telegram желісі
Осы ретте Әмірханов бүгінде 2 мыңға жуық сайттардың бұғатталғанын тілге тиек етті. Алайда кейбірінің ІР мекенжайы шетелде орналасқандықтан оларды бұғаттау қиындық тудыруда екен.
“Біз сайт, желі арналарын үнемі жоямыз, алайда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар секілді жаңасы шыға береді. Қазір Қазақстанның провайдерлерімен жұмыс істеп жатырмыз. Meta, TikTok-пен келісімшарттар жасалды. Енді біз үшін мәселе туындатып отырған Telegram желісі. Қазір олармен келіссөздер жүргізіліп, Қазақстанда провайдерлерін ашу жоспарлануда. Сол арқылы біз Telegram арналарын бұғаттай алатын боламыз”,- деді басқарма басшысы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде сайт, ғаламтор ресурстарының әкімшіліктерін анықтау мүмкін емес. Себебі курьерлерді басқарып, оларға тапсырма беру қызметін адамдар емес, шетелдік ІТ мамандары жасаған арнайы боттар жүргізеді.
«Біздің мамандар есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын сайттарды, жазбаларды, блогтарды және жарнамаларды анықтау үшін интернет кеңістігін бақылайды. Жыл басынан бері осындай 1600-ден астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Интернет-ресурстар арқылы есірткі сату фактілері бойынша 153 қылмыстық іс тіркелді. Есірткілерді жарнамалау және насихаттау бойынша 76 қылмыстық іс тергелді», – дейді маман.
Бақытжан Әмірханов Telegram желісінде бұған дейін жасырын есірткі сатумен айналысатын 440 чаттың анықталғанын айтты.
Сонымен қатар ол химиялық прекурсорлар, реагенттер елімізге логистикалық компаниялар мен көрші елдердің пошта жөнелтілімдері арқылы жеткізілетінін мәлімдеді. Сол себепті ІІМ көлік-логистикалық компанияларымен де өзара іс-қимыл жүргізеді екен. Осы тұста маман сәуір айында Қазақстанның 7, Ресейдің 11 қаласында арнайы іс-шара өткізілгенін хабарлады. Нәтижесінде, 260 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, 13 адам ұсталған.
Осы орайда тұрғындарды сақ болуға, күдікті жарнамаларға ермеуге шақырған Бақытжан Әмірханов есірткіге байланысты қылмыстарға өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын атап өтті.