Депутаттар өз сайлаушыларының алдында жылына бір рет есеп беруге міндеттелген.
Толғанай АТАБАЙ
Осы орайда, қалалық мәслихаттың депутаты, №7 сайлау округі бойынша сайланған депутат Жанар Орынбаева аумақ тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жайынан хабардар етті. Есепті жиында халық қалаулысы өткен жылы аталмыш округте қордаланған мәселелердің бірқатары шешімін тапқандығын алға тартты.
– Сайлауалды бағдарламамда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларын, «Nur Otan» партиясы «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға белсене атсалысу арқылы №7 сайлау округі аумағында әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге ықпал ету қарастырылған. Сондай-ақ Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында, «Ұлы даланың жеті қыры», «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы» атты Жастар жылына арналған мақалаларында белгіленген міндеттер аясында аумақ бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кездесулер өткізілді, – дейді округ депутаты.
Өткен жылғы есепті кезең барысында тұрғындар тарапынан «Көктем» тұрғын алқабында ұры-қарының көбеюіне байланысты берілген өтініштер қаралып, аталған алқапқа жауапты ішкі істер органының учаскелік полиция қызметінің жұмысы қадағаланған. Нәтижесінде тұрғын алқаптың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қылмыс саны азайған екен. Сондай-ақ былтыр «Аса» мөлтек ауданы №№27, 28, 29, 30 көпқабатты үйлердің балалар ойын алаңшасына арналған жерге қоғамдық монша құрылысы жүргізілуіне наразылықтарын білдіруіне байланысты өтініштері қарастырылып, бірнеше рет кездесулер өткізіліпті. Аталған көпқабатты үйлерде аз қамтылған көпбалалы отбасылар тұратындығы, сонымен қатар ойын алаңшалары балалардың бос уақыттарының тиімді пайдалануларына септігін тигізетіні туралы қала әкіміне, қала прокурорына, Тараз қалалық мәслихаты, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалына депутаттық сауалдар жолдау нәтижесінде қолданыстағы заң аясында монша құрылысы тоқтатылған. Ал бүгінде аталған алаңша тұрғындардың қолданысына беріліп, балалар ойын алаңшасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл «Көктем» тұрғын алқабы сайлаушыларының атынан «Көктем» алқабынан Саңырақ батыр көшесіне дейін жаяу жүргіншілерге арналған жол салу, Фресно көшесінің №196-216 үйлер аралығына көше шамдарын орнату, «Аса» мөлтек ауданы №24 үй ауласындағы қураған тал ағаштарын кесу, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының әкімшілігінің мектеп терезелерін ауыстыру үшін қаражат бөлу туралы өтініштері берілген болатын. Аталған өтініштер бойынша Тараз қаласының әкіміне, Тараз қалалық мәслихатына депутаттық сауалдар жолданды. «Көктем» алқабының тұрғындарының өтініші назарға алынып, бюджеттік қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қажетті жұмыстар көлемі 3-5 жылға бөлінетіндігі туралы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жауап алынды. Сондай-ақ «Аса» мөлтек ауданы №24 үй тұрғындарының өтініші бойынша «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-мен бірлесе комиссиялық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 15 түп талдың қураған бұталарын санитарлық кесуге рұқсат берілді, – деген депутат Жанар Рымбекқызы күн тәртібіндегі мәселелердің шешілу тетіктері мен мерзімдерін меңзеп өтті.
Сонымен қатар партиялық жобалар аясында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Кездесу соңында алқап тұрғындары да депутаттың атқарған ісіне оң бағасын беріп, алғыстарын айтты.