Айжан Байзақованың үш жасар ұлы отбасылық сурет салып, анасын жылатты. Ол суретте әкесі мен анасын, өзін бейнелеген. Перзентінің бұл әрекеті Айжанды тебірентпей қоймады. Әдетте көз жасын ешкімге көрсете бермейтін блогер бұл жолы ішкі ойымен көпшілікпен бөлісті, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұл менің өмірімдегі ең әдемі сурет, көзіме жас келді. Осы суретпен дәретханада еңіреп отырмын. Негізі ешқашан камераға жыламайтынмын, бірақ мұны сіздермен бөліскім келді. Оңайлықпен жібімейтін адамды қарапайым суретпен жылатуға болады екен», – деп бөлісті Байзақова.
Мұны оқыған оқырмандардың бір тобы әкесі отбасын тастап кетті деген байламға келіп, Айжанға жанашырлық танытқан. Алайда блогер ұлының әкесімен дос болып қалғанын жеткізді.
«Көпшілігі «бізді де әкесі тастап кетті, оңбаған» деп жазып жатыр. Бізде жағдай басқаша. Мен айырылысамыз деп шештім. Өйткені мен сондай адаммын, жол беруге дайын емеспін. Бізді ешкім тастаған жоқ.
Бірақ мінезіме қарамастан, олардың араласуына кедергі келтірмеймін, керісінше қолдаймын. Алан үшін барлық жақтан махаббат жеткілікті. Ол тіпті, әкесі екеуміздің бөлек кеткенімізді сезген де жоқ. Екеуміз дос болып қалғандықтан, бізді отбасы деп санайды», – деді Байзақова.
Бір қызығы, үш жасар Алан әкесін суреттің басына қойып, оны басқалардан үлкен етіп бейнелеген. Оқырмандар суретті «нағыз қазақы отбасының көрінісі» деп бағалады.
«Алан әкесін қатты жақсы көреді. Ол үшін әкесі суперқаһарман. Қандай да бір күшті нәрсе жасаса: «Мен әкем сияқтымын», – дейді. Ұлым мүлтіксіз тыңдайтын бір жан болса, ол – әкесі. Оған бір ұлы адамдай қарайды. Оның суретін салғанда: «Папа үлкен», – деді.