Еңбектің лайықты жемісі

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесін жамбылдық журналистер зор қуанышпен қарсы алды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Аймақ журналис-тикасының жүйріктері түрлі деңгейдегі сыйлықтармен марапатталды. Ал жүз жылдық тарихы бар «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Мемлекет басшысының Алғыс хатын өз қолынан алып қайтты. Облыстық басылым басшысының Нұр-Сұлтан қаласына арнайы сапар шегіп, Президенттің Алғыс хатын алуы жамбылдық журналистер үшін де үлкен абырой.

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірі жайлы тынбай жазып келе жатқан басылым оқырмандар арасында зор беделге ие. Жедел ақпарат, жан-жақты талдау, сауатты сараптамалық материалдарымен ерекшеленетін ұжымның жаңалықтары да көп. Бұрын тек орыс тілінде жарық көретін газет былтырдан бері айына бір мәрте қазақша қосымшасы да жарық көруде. Сонымен қатар өңірдегі басылымдардың ішінде алғаш болып баспасөзге жазылудың электрондық нұсқасын жүзеге асыруда. Мұның барлығы білікті басшының ұйымдастыруы екені даусыз.

– Елордаға аяқ басып, Президенттің қолынан Алғыс хат алу біздің ұжым үшін зор қуаныш болды. Алғыс хат алған күннен бері еліміздің әр түкпірінен телефонға толассыз қоңырау соққан әріптестерім құттықтап, қуанышымды екі еселеді. Бұл еңбегіміздің лайықты жемісі деп білемін, – дейді Бекет Момынқұл.

Comments (0)
Add Comment