Еңбекақыға әлеуметтік кепілдік бар

Бүгінгі күнде еңбек саласындағы өзекті проблемалардың бірі – жалақыны мезгілінде төлемеу. Азаматтардың конституциялық құқығын бұзу қоғамда әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеп соқтырады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабы 2-тармағы әрбір азамат еңбегі үшін ақы алуға құқылы екеніне кепілдік береді. Қызметкерлерге жалақы төлеу еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарында өзгеше көзделмесе, олардың жұмыс істейтін орнында жүргізілуге тиіс.
2015 жылғы 23 қарашада қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі – ҚР ЕК) жұмысшының еңбек ақы алуға құқылы екенін толық көлемде реттейді. Еңбегі үшін сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында, кодексте еңбек ақы түсінігі заңнамалы түрде бекітілген. ҚР ЕК 23-бабының 2-тармағы, 5) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті.
ҚР Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау облыста «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ қамтамасыз етеді. Жұмыс берушімен жұмыскерге еңбек жалақысы төленбеген жағдайда жұмыскер департаменттің мекенжайына жазбаша немесе электронды түрде арыздануына болады. Ол үшін «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, «Е-өтініш» базасы арқылы жолданым жолдауға болады. Жолданымда оның тегi, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесiнiң аты, почталық мекенжайы көрсетілуге тиіс. Жолданым арыз иесiнің қолы қойылып немесе электронды цифрлық қолтаңбамен куәландырылуы қажет.
Заң талаптарына сәйкес берілген жолданымның негізінде мемлекеттік еңбек инспекторы тексеру жүргізеді және заң бұзушылық анықталған жағдайда, жұмыс берушіге міндетті түрде орындалуы тиіс нұсқама береді.
Сондай-ақ тексеру жүргізу барысында мемлекеттік еңбек инспекторы арызданушы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек қатынастарын анықтау проблемасымен жиі қақтығысады. Оның себебі – еңбек шартының жоқтығы. Бұл – жұмыс берушінің кінәсі ғана емес, жұмыскердің де жауапсыздығы. Бұл жағдайда жұмыс беруші тарапынан жұмысшының алдындағы берешекті заңды түрде растаудың мүмкін емес. Осылайша, жұмыскердің құқығын қорғауда бірқатар қиындықтар туындайды.
Жалпы, Еңбек инспекциясының алдында тұратын міндеттердің бірі – мемлекет берген құқықтар мен кепілдіктерді жұмыскердің білуі, тұрғындардың құқықтық сауатсыздығын жою және бұзылған құқықтарын қорғау. Осыған байланысты мемлекеттік еңбек инспекциясы баспа басылымдарда, облыстық телеарналарда ақпараттық жұмыс жүргізеді, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру жүргізу барысында еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша лекциялар оқиды. Осы бағытта тұрғындар Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, №78 мекенжайы және 43-01-96, 43-06-31, 45-15-31 байланыс телефондары бойынша консультациялар алуға мүмкіндіктері бар.
Жалақыны төлемеу проблемалары мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және жұмысшылардың тиімді өзара әрекет етумен ғана шешіледі.

Кәмшат ЕСПЕНБЕТОВА,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті
еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы

Comments (0)
Add Comment