Арайлым Шабденова
Суретті түсірген А.Рысмахан
Ата кәсібінен адал нәсібін тауып, елге танылған кәсіпкер, шаруа – Сайрамбай Дөненбаевтың еңбек жолы көпке үлгі. Әкесінің жолымен Шопан ата таяғын серік еткен ол жас кезінен-ақ ермек қуып сайран салмады, еңбек етіп, көпті қайран қылды. Елбасының қолынан «ҚР Еңбек Ері» төсбелгісін таққан Сайрамбай Әліқұлұлы жастармен кездесті.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен жиынға жиылғандардың қарасы қалың болды. Еңбек Ері алдымен оқу орнының тыныс-тіршілігімен, техникалық базасымен танысты. Еркін форматтағы ашық кездесуді қалалық мәслихаттың депутаты Серікбол Берікқожа жүргізді.
Бүгінде әлеуеті тасыған, дәулеті келіскен ірі де, іргелі шаруашылықтың бірі – аймақтағы Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайты елді мекеніндегі «Шәушен» шаруа қожалығын басқарып отырған Сайрамбай Дөненбаев сөзінің кіріспесін жастарды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, ата кәсіпті қалай бастағаны жөнінде кеңінен айтып берді.
1996 жылы құрылған қожалықтың негізгі бағыты – асыл тұқымды мал шаруашылығын және егін шаруашылығын дамыту. Соңғы жылдары шаруашылықтың аты жалпақ жұртқа мал және егін шаруашылығын дамытудан бөлек, өз ауылына мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар мен жұмысшыларға баспана салып беру сынды істердің арқасында танылып жүр. Әрине, бұл іске Сайрамбай бас ие болып, әр шаруасын шебер ұйымдастыра білуімен жетті. Қажырлы еңбектің өтеуі – осы. Ал ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің күні кеше ғана өткенін еске алған кейіпкеріміз – бұған еш өкінбейтінін айтады.
– Қандай да бір жаңа істі бастар кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мені қанаттандырған сөзін еске аламын. Президентпен бірнеше рет кездестім. Алғашқы кездесуім күні кеше болғандай, әлі есімде. 2005 жылдың 1 ақпанында Астанада ауыл шаруашылығы бойынша үлкен жиын өтті. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Қанша дегенмен, Елбасымен бірінші кездесуім. Бойымды толқу, тебіренумен қатар қобалжу сезімі де билеп алған. Баяндамамды оқып болған соң, жасап жатқан тірліктеріміздің бірсыпырасын айтып бердім. Сөзімнің аяғында: «Нұрсұлтан аға, бұрын мен де колхоз бастықтарын кінәлайтынмын. Сөйтсем, 40 үйді басқарудың өзі оңай емес екен ғой. Оны өз басымнан өткергенде бір-ақ түсіндім. Береке-бірлікте ел басқарып отырған сізге Алланың нұры жаусын! – деп тілегімді білдіре келе, «құлақпен жүз рет естігенше, көзбен бір рет көрген артық» демекші, шаруашылығыма келіп, қонақ болуын өтіндім. Құдай тілегімді қабыл етіп, сол жылдың 27 сәуірінде Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев шаруашылығымды аралап, шаңырағымда қонақ болды. Сол кезде жан-жақтан келген шаруалар, жалпы жұртшылық Елбасыға көрсетуге шығарған біздегі асыл тұқымды жылқы, ірі қара мен қойларға таңырқады дегенім аз болар, көбісі сенбеді. Тіпті «Президент келіп жатқаннан кейін жер-жерден әкеліп жинап қойған» деген сияқты сыпсың әңгімелер де тарады. Ал ол түліктің барлығы өз шаруашылы-ғымыздың көрсеткіші еді. Жалпы, малды асылдандырмай, жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайсыз. Біз мұны ерте бастан ұғынып, 2000 жылдары-ақ әрісі Орал, Ақмола, Өскемен, Павлодар, Қарағанды облыстарымен байланыста болдық. Ол жақтан әкелген асыл тұқымды малды өзіміздікімен будандастырып жаңа тұқым шығардық. Тіпті ет бағытындағы шаруашылықты дамыту үшін ірі, етті жылқыларды Ресейден алып келдік. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, Астана төрінде өткен сол үлкен жиында Елбасы мені екі-үш мәрте орнымнан тұрғызды. Бір-екі сұрақ қойды, оған өз бетімше жауап бердім. Сол кездегі Елбасының: «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң, жаман болмайсың, өсесің, өнесің» деген сөзі көкейімнен кетпейді. Расында, Елбасының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында біз жұрттың сеніміне ие болдық. Көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Осы күнге дейін мемлекеттен субсидия болмаса, ешқандай несие алмаппыз. Тек өз күшімізді, өз қаражатымызды жұмсап, өз еңбегімізбен осы күнге жетіп отырмыз. Осыдан кейін жыл сайын елдің игілігіне әлеуметтік бір нысан салып беру басты мақсатымыздың біріне айналды. Одан кейін де Елбасымен үш мәрте үлкен жиындарда кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар аламын. Оның үстіне Елбасының әр жылғы ұсынып отырған бағдары мен Жолдаулары тың бастамаларға жетелейді. Енді ауылда үлкен спорттық кешен салу жоспарымызда бар. Ауыл жастарын қолдап, олардың ертеңгі күні ел игілігі үшін еңбек етуіне жол сілтегеніміз абзал. Мысалы, біз бүгінде ірілендірілген шаруа қожалығына айналсақ, өз басым аудандағы тағы да 16 шаруашылық қожалыққа қамқорлығымды көрсетіп, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Ал онда еңбек ететін азаматтардың дені – жастар, – дейді Сайрамбай Әліқұлұлы.
Бұдан бөлек Жарлысу ауылында шаруашылықтың жас отбасылы қызметкерлеріне 37 тұрғын үй тұрғызып, малшы балаларына арналған елу орындық интернат кешенін пайдалануға беріп, ауыл адамдарының игілігі үшін 300 орындық асхана, тұрғын үйі, медресе кешені мен зәулім мешіт салып, тау бөктерінде «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру орнын пайдалануға берген жомарт азамат Тараз қаласында ұйымдастырылған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мәдени іс-шараларына үлкен демеушілік көрсеткен. Жағдайы төмен отбасыларға, мектеп оқушыларына қолдау көрсетіп, облыс, аудан деңгейіндегі қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, үнемі демеушілік көрсетіп келеді. Сондай-ақ Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтың маңында орналасқан «Ғибрат» орталығында халық игілігіне облыс әкімінің бастамасымен Еңбек Ері салып беріпті.
– Малды жаныңды жеп бағасың. Бес жасымда әкем отардағы қойды санап үйретті. Бірінші күні онға дейін санадым. Одан кейін тілім сынды ма, жүзге дейін жаңылмай санап үйрендім. Бір айдың ішінде бір-бірінен айнымайтын бір отар қойды жұптап санап, есебімнен жаңылмайтын болдым. Содан бері қанша жыл өтті десеңізші! Кезінде мемлекеттің қойын бағып, жүз қойдан 150-ден қозы алып, алға шықтым. Уақыт өте келе өз шаруамды айналдырдым. Құдайға шүкір, ісім алға басты. Біз бес ағайындымыз. Үш ұл жиған-тергенімізді бір жерге қосып, кәсібімізді бірге домалаттық. Бұл орайда жастар бауырмал болыңдар. Ата-аналарыңды сыйлап, құрметтеп, туғандарыңа бауырмал болыңдар. Дос табылар, бірақ бір әкеден туған бауыр табылмайды. Қамалдарыңды берік қылатын, өзгенің алдына жығып бермейтін, қашан да қиындықта қасыңнан табылатын ағайын-туыстың, бауырдың бағасын барында біліңдер. Бүгінгідей кеңшілік заманда астамшылықтан аулақ болыңдар. Сендерге керегі білім, еңбек және намыс. Бойында намысы бар өрен ешқашан өзгеге таба болмайды,– дейді соңғы бес жылдың өзінде бес миллиард теңгеге жуық қаржыға қайырымдылық шаралар өткізіп, салығының өзімен аудан бюджетін толтырып отырған «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Сайрамбай Дөненбаев.
Бірнеше сағатқа созылған кездесуде жастар легі Еңбек Ерін түрлі қырынан танып қана қоймай, көкейлерінде жүрген сауалдарына мардымды жауап та алды.