Еңбек бәрін түзетеді

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесінің базасында «Ұлы дала үміті» атты өндірістік тауарлар көрмесі өтті.

Бәтес Шапағат

Көрмеге жазасын өтеп жүрген азаматтардың темір торға тоғытылса да, тағдыр жазуына мойымай жасаған түрлі астау, әшекей бұйымдар, былғары аяқ киім сынды заттары қойылған. Төрт бірдей түзету мекемесінен келген сотталушылардың қоғамнан оқшауланбай, белгілі бір іске машықтанып, жанұясын асырап отырғандары көңілге үміт ұялатты. Аталмыш мекемеде 15 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзету орындарында 2088 азамат жазасын өтеп жатыр. Оның 1245-і еңбекке жарамды. 807 сотталушы жұмыспен қамтылса, 475 жазасын өтеуші жеке кәсіпкерлер және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен бірлесіп еңбек етеді.

Былғары аяқ киім тігумен айналысатын «Тілепбергенов» жеке кәсіпкерлігі көрмеге жылдың төрт мезгіліне арналған туфли, етік сынды аяқ киімдерді ұсынған. Оның айтуынша, қарамағында жұмыс істейтін сотталушылар жасайтын әр бұйымына ұқыпты әрі тиянақты қарайды. Соған сай айлықпен қамтамасыз етіледі. Кәсіпкер Бақытжан Тілепбергеновтің айтуынша, қол астында жұмыс істейтін сотталушылар соңғы еңбекақы туралы заңға сәйкес 43 мың теңге көлемінде айлық алады.

– Әйелдер мен ерлерге арналған қысқы етіктің бағасы 10 мың мен 25 мыңның ортасында, балалардың етігі 10 мың теңгеге саудаланады. Ал жаздық туфли 5-8 мың теңге аралығында. Отандық өнім болғандықтан, біздің аяқ киімдерге қызығушылықпен қарайтындар өте көп, – дейді кәсіпкер.

Жазасын өтеушілердің ағаштан жонып жасаған астаулары нарықтағылар үшін таңсық дүние емес. Ал бөдене жұмыртқасын өндіретін Нұрбақыт Пірназаров көпшіліктің таңданысын тудырды. Себебі түзету мекемесінде құс өсіру – көптің ойына келе бермейтін кәсіп түрі. Оны бағу мен баптауды былай қойғанда, жұмыртқасын өзге өңірлерге жіберу табиғи өнімнің бағасын еселей түсетіні сөзсіз.
– Бөдене өсіріп, жұмыртқасын сату идеясы ойда жоқта пайда болды. Теледидар көріп отырып, құс бағудың жолдарымен таныстым. Кейінірек осы іспен айналысуға бел будым. Өз ісімен айналысуға әр сотталушының мүмкіндігі бар. Біз қоғамға бөтен емеспіз. Осылай экономикаға пайдамызды тигізе отырып, жазамызды өтеп, бостандыққа шығу – басты мақсатым, – дейді Нұрбақыт Пірназаров.
Сотталушы 200-ге тарта бөдене асырап отыр. Жұмыртқасын түзету мекемесінің басшылығына тапсырады. Басшылық жұмыртқаны Тараздың дүкендерімен қатар Шымкент, Алматы қалаларына жібереді.

Көрмеге ұсынылған бұйымдардың барлығы «Қайырымдылық шуағы» акциясы аясында қаладағы балалар мен қарттар үйіне тапсырылды. Шара аясында келушілерге тек ағаштан жасалған бұйымдар ғана емес, тербелмелі кресло, мангал сынды темірден дәнекерленіп жасалған заттар ұсынылды.

Көрмеден соң, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/8 түзету мекемесінде Наурыз мерекесіне орай ашық есік күні ұйымдастырылды. Шара аясында жазасын өтеушілер туыстарымен жүздесіп, жақындарымен сағынысып көрісті. Мұндай шаралар тоқсанына бір рет сотталғандар арасында оң мінез-құлық қалыптастыру үшін өткізіледі. Мамандар осы сипаттағы шаралар жазасын өтеп жатқан азаматтардың қайталап қылмыс жасамауына ықпал ететінін айтады. Сондай-ақ мұндай шара мемлекеттік органдардың ашықтығын сақтауға ықпалын тигізбек. Бүгінгі таңда түзету мекемесінде 719 азамат жазасын өтеп жатыр. 142 адам жұмыспен қамтылған.

– Сотталушылардың бостандыққа шығуға талпынысы зор. Тәртіптері де жақсы. Ашық есік күнінде ерекше тәртібімен көзге түскен жазасын өтеуші азаматтар жақындарымен қауышып жатыр. Туыстары азық-түлік әкеліп, балаларымен кездесуде. Осындай шаралар арқылы қоғамда полиция қызметкерлеріне деген зор сенім қалыптасады деген ойдамыз,– деді мекеме басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Байжігітов.

Comments (0)
Add Comment