Еңбек адамы – қоғамның тірегі

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен жастармен ашық сұқбат алаңы өтті. Еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылған дәстүрлі шарада еңбек инспекциясының қызметкерлері мен елеулі еңбегімен көзге түскен еңбек адамдары облыс әкімінің, кәсіптік одақтың, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының, сондай-ақ еңбек инспекциясының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Шара барысында «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген, «Шаушен» ШҚ басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Құсайынов, сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Төлегенов баяндама жасады.

– Білімді, білікті әрі өз жұмысын тиянақты атқаратын мамандар қазір де аз болып отыр. Өңірімізде дипломы бар жастар көп болғанымен, мамандығы бойынша жұмыс істегілері келмегендіктен бе, әлде мамандығына машықтанбағандықтан ба, кейде өндіріс орындары мен мемлекеттік мекемелерде кадрлардың жетіспеушілігі алаңдатады. Осы мәселеге байланысты өзімнің пікірім, кез келген азамат оқу орнында болсын, жұмыс барысында болсын, білмеген нәрсесін сұраудан жасқанбауы керек, – дейді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов.

Еңбек адамы – қоғамның тірегі. Олар жұмыс шеңберінде өздерінің құқықтарын басшылықпен келісімшарт жасасып қорғауға міндетті. Қазіргі кезде еңбек инспекциясына түрлі сауалдармен ағылатын тұлғалардың дүрмегі сол жұмыс барысында екіжақты келісімшарттың жасалмау салдарынан туындайтын көрінеді. Жастармен өткен ашық сұқбат алаңы болашақ мамандардың еңбек шарты жөніндегі білімін жетілдіріп, көкейдегі сұрақтардың жауабын алуға үлкен мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар жұмыссыздық мәселесі де баяндамашылардың негізгі тақырыбына арқау болды.

Жастар мәселесін көтеру болашақты бағамдаумен тең. Өздерінің өткен өміріне бір сәт көз тастап, бүгінгімен сабақтастырып ой қозғаған баяндамашылардың тілегі бір. Ол – болашақ мамандардың өзі қалаған сала бойынша біліктілігін арттырып, сұранысқа ие кадрлардың қатарын толықтырса деген ой.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ,
ТарМУ студенті

Comments (0)
Add Comment