Еңбек адамдарын елеусіз қалдырмайық!

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

облыстың Құрметті азаматы

Киелі шаһар бүгінде күн сайын жаңару, жаңғыру үстінде. Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың да тың бастамалары тұрғындардың көңілінен шығып отырғаны жасырын емес. Алдымызда Қала күні келе жатыр. Осы орайда өзімнің бір ұсынысымды айта кетсем деймін.

Бүгінде шаһарымызда дерт дендеген тұста талай адамды ажалдан арашалап қалған дәрігерлер, төтенше жағдай кезінде алғаш болып оқиға орнынан табылып, көмек қолын созған өрт сөндірушілер, білім бәйгелерінде оза шапқан жасөспірімдер, оларға тәлім берген ұлағатты ұстаздар, тіпті күн-түн де-мей қала тазалығына зор үлес қосып жүрген қоғамдық жұмысшылар жетерлік. Алай-да олардың көпшілігін жұртшылық тани бермейді. Сондықтан осы бір мерейлі ме-рекеге орай сондай жандарды марапаттап, лайықты құрмет көрсетіп, есімдері мен еңбегін көпшілікке үлгі еткен жөн деп ойлаймын. Өз мақтаныштарымызды ең алдымен өзіміз дәріптегеніміз дұрыс-ақ. Орайы келіп тұрғанда көкейде жүрген бір мәселенің де түйінін тарқата кетпекпін. «Тайвань» алқабындағы Караванная көшесінде бүгінде жарық жоқ. Бұл тұрғындардың қас қарайғанда көшеде жүруіне қиындық тудырып отыр. Сондықтан осы көшені толықтай жарықтандырса деген тілегім бар. Бұл – менің ғана емес, осында тұрмыс кешетін барша тұрғынның тілеуі. Тағы бір айта кетерлігі, Крылов көшесін абаттандырып, жаяу жүргіншілер жолын салып берсе нұр үстіне нұр болар еді. Мұнда балалар көп жүретіндіктен, ең әуелі солардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Бұған біраз қаржы жұмсалары белгілі, дегенмен қолдан келетін шаруа.

Қала күнінің қарсаңында осындай ұсынысым қолдау табар деген үміттемін. Шаһарымыз жасарып, жайнап, құлпыра берсін!

Comments (0)
Add Comment