Еңбек адамдары жаңа Ата заң жобасына қолдау білдірді

Конституциялық реформа аясында әзірленген жаңа Ата заңның жобасын түсіндіру мақсатында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің еңбек ұжымдарымен кездесуі бүгін «Жамбыл Жылу» мекемесінде жалғасты.

Жиын барысында қала әкімі ел дамуы үшін маңызды өзгерістердің мәні мен маңызын кеңінен түсіндіріп, жаңа Ата Заң жобасында көзделген негізгі жаңашылдықтарға тоқталды. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы бастамалар жан-жақты айтылды.

Сонымен қатар Бақытжан Әмірбекұлы бұл реформаның басты мақсаты – әділетті, ашық және тұрақты мемлекет қалыптастыру екенін атап өтіп, аталған өзгерістердің қоғамның барлық саласына оң әсер ететінін, оның ішінде жұмысшы мамандарының құқығы зор маңызға ие болып отырғанын жеткізді.

Келесі кезекте қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай жаңа Конституцияның халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашатынын тілге тиек етті.

Кездесуде мекеме қызметкерлері еліміздегі саяси реформалар туралы ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа Ата заңның жобасына қолдау білдірді.

Шараны қорытындылаған шаһар басшысы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, еңбек адамдарын ел тағдырына қатысты баянды бастамаларға бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстанымдарын танытуға шақырды.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта қала аумағында арнайы 8 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, белсенді азаматтар және ағартушылар енді. Топтың басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру, еңбек ұжымдары мен қала тұрғындарымен ашық пікір алмасу. Топқа қала әкімі Бақытжан Орынбековтің өзі жетекшілік етуде.

Comments (0)
Add Comment