Dulaty университетінде жаңа буын прокурорлары қалыптасатын кеңістік ашылды

Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды.
Салтанатты шараға ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күренкей, университет өкілдері, оқытушылар, студенттер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. 
Аталған алаң студенттерге құқық қорғау саласының ерекшеліктерін тереңірек меңгеруге, тәжірибе жинауға және кәсіби бағдар алуға мүмкіндік береді. Кеңістік арнайы кітаптармен жабдықталған. Және қажет болған жағдайда түсіндірме сөздіктері электронды нұсқада алуға да болады.
Іс-шара шеңберінде облыс прокуратурасы мен жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар университеттің бас ғимаратында прокуратура қызметкерлері заң факультетінің студенттерімен кездесу өткізді. ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев өз сөзінде заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауда прокуратура органдарының ерекше рөлін атап өтіп, жастарды құқық қорғау саласына бағыттау, әділеттілік қағидаттарын насихаттау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Бұдан бөлек, ол қоғамға елеулі қауіп төндіретін лудомания мен наркомания сияқты әлеуметтік дерттерге назар аударып, болашақ заңгерлер арасында «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаларын қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті.
Comments (0)
Add Comment