Дулати жастары «Taiburyl» грантын жеңіп алды

Қайырымдылық – қазақтың қанына сіңген қасиет. Халқымыз қашанда оны ардың ісіне бағалаған. Сондықтан да бабаларымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп тағылымды тәмсіл қалдырған. Бүгінде адамгершіліктің осындай ерен үлгісін Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры көрсетіп келеді.

Жуырда аталған қор «Taiburyl» атты білім беру грантына байқау жариялады. Білім бәйгесіне жалпы саны 3349 өтінім келіп түсіп, 735 грантқа қол жеткізді. Солардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 23 студенті бар.
Жалпы дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған конкурсқа қатысуға білім грантына қол жеткізе алмаған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі жастар мүмкіндік алды.
Дулати университетінің өтінім берген 23 студентінің барлығы білім бәйгесінде топ жаруы оқу ордасына да зор бедел әкелгені шындық.


– Көп студенттердің әлеуметтік жағдайы мәз емес. Нарық қос бүйірден қысқан қазіргідей заманда олардың оқу ақысын төлеу де ата-аналарына едәуір салмақ түсіреді. Тіпті кейбір отбасылар бір емес, екі бірдей мүгедектігі бар баланы оқытуда. Олардың өмірі күреске толы. Білім беру грантының қорытындысы шыққан сәттегі олардың жүзіндегі қуанышты көріп, елжіремеу мүмкін емес еді. Алғашқы кезеңде 8, ақтық айналымда 15 студентіміз топ жарып, мерейімізді үстем етті. Олардың барлығы осы грантқа лайық. Өйткені ешқайсысы қоғамдық шаралардан тыс қалып көрген емес. Керісінше, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысады, ұйымдастырады. Тіпті еліміздің атын айдай әлемге паш етіп, спорттан олжалы оралып жүргендері де жетерлік, – дейді университеттің Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу орталығының аға үйлестірушісі, психология магистрі Сандуғаш Үсенова.


Расында, бұл студенттердің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері өте көп. Мәселен, «Білім саласындағы дене мәдениеттік-спорттық қызмет» мамандығының 4-курс студенті. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асан Нұржан грек-рим күресінен есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы еліміздің III спартакиадасында алтыннан алқа тағынса, Ғасыр Мадиярұлы осы жазда еркін күрестен дәл осы спартакиадада 74 келі салмақ дәрежесінде тұғыр биігіне көтерілді. Дәл осы жарыста 72 келі салмақта Жамбыл Әділет күміспен күптелді. Парапауэрлифтингтен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерболат Кәрібай ашық Америка чемпионатында 2 алтын, 2 күміске қол жеткізсе, Ақтау қаласында өткен ел чемпионатында топ жарды. Бұған қоса Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өткен Еуропа чемпионатында жастар арасында 2 алтын, ересектер арасында 1 қоланы еншіледі. Бұл жарқын жетістіктердің тек бір парасы ғана.
Осы орайда жұлдызы жанған жастардың ата-аналарымен де тілдескен едік. Олар балаларының қуанышын естіп, көздеріне жас алғанын жасырмады.
– Баласы атқа шапса, үйде отырып анасы тақым қысатын қазақпыз ғой. Менің балам Аңсар Қалмахан «Өнер және спорт» факультетінің «сән дизайны» мамандығында білім алады. Ақылы түрде оқып жүрген балам «Taiburyl» грантына өтінім тапсырып, жолы болды. Соны естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалды. Осы сәтті пайдалана отырып, осыған ұйытқы болған барша азаматқа шынайы алғысымды білдіргім келеді, – дейді Гүлфайруз Алжанбаева.
Расында, бүгінгідей алмағайып заманда ата-аналардың жан тебіренісін түсінгенімізбен, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны грант иегері атанған «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 2-курс студенті Санжар Мамановпен сөйлескенде тағы бір мәрте аңғардық.
– Әрине, грантты еншілегенімді естігенде, менен бақытты жан болмады. Бірден ата-анама барып сүйінші сұрадым. Олар үшін баласының бағы жанғаны зор мәртебе. Шынымды айтсам, мұндай жаңалықты өзім де күткен емеспін. Сол үшін Дулати университетіне шексіз ризашылығымды айтамын, – дейді ол.
«Әлеуметтік саладағы психология» мамандығының 2-курс студенті Әсем Мусееваның да әңгімесі бізді толқытты.
– Мен денсаулығыма байланысты 3-ші, ал әпкем 1-ші топ мүгедегі. Бір үйден екі баланы оқытып, оқу ақысын төлеп беру ата-анамызға өте ауыр. Одан бөлек, біздің ем-домымызға жұмсалатын қаражат тағы бар. Оның үстіне оқу ақысы да жылдан-жылға өсіп келеді. Гранттың иегері атанғанымды естіп біз де, ата-анамыз да марқайып қалды. Барлығы үшін ризашылығымыз шексіз. Енді келешекте университетті үздік тәмамдап, ел дамуына үлес қоссам деймін, – дейді ол.
Қор бөлетін гранттардың ерекшелігі – ақша қайтарылмайды, яғни грант иегері оқуын аяқтағаннан кейін оған жұмсалған қаражатты өтеуге міндетті емес екен. Жігері жығылмаған жалынды жастардың бұл жетістігі мақтануға тұрарлық.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment