Дулати жастары ардагерлерге құрмет көрсетті

Биыл Ауған жерінен Кеңес Одағы әскерлерінің шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Осыған орай Дулати университеті «Әскери» кафедрасы ардагерлермен кездесу ұйымдастырды.

Кез-келген сарбаз бұйрықты орындайды. Оларға қолға қару алып, ел шетіне аттануға бұйрық түскенде, тыныштық күзеті үшін сап түзеген болатын. Ауған жеріндегі «Жарияланбаған соғысқа» қатысқан кешегі жауынгерлердің бірқатары бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқытушылық қызмет атқарып, жастарға патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қосып жүр. Ардагерлер 15 ақпан – Ауған жерінен Кеңес Одағы әскерлерінің шығарылған күніне орай өткізілген кездесуге арнайы шақырылды.

Кездесуде бір минуттық үнсіздік жарияланып,  жиналғандар Ауған соғысы құрбандары еске алды.

Отставкадағы подполковник, аға оқытушы Ұлықбек Жұмабекұлы  «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» атты баяндамасында туралы мәліметтер көп келтірген екен. Студенттер мен оқытушылар тың деректерге қанықты. Сондай-ақ, Жексенбай Масақбайұлы, Тұрсын Тұратұлы, Доғтырбай Ботантаев, Беккелді Ақшалов өздерінің майдандастарын еске алып, басынан өткерген оқиғаларын әңгімеледі.

Кездесу концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Студенттер өз өлеңдерін оқып, домбыра, гитарамен ән шырқады. Көрермендерге «Ауғанстан» атты деректі фильм көрсетілді.

Іс-шара соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Аружан ТЫНЫШБАЙ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
журналистика мамандығының 4 курс студенті

Comments (0)
Add Comment