Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтіп, өз мәресіне жетті. Әлем біріншілігінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті Бибарыс Сауханбек ел қоржынына қола медаль сыйлады,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.
Байрақты бәсекеге әлемнің 65 елінен 1700-ге жуық спортшы қатысқан. 9 күнге созылған тартысты сайыста Бибарыс Сауханбек 57 кг салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Польша, Италия елдерінен келген қатысушы жігіттерді ойсырата жеңген. Дуы басым дода да Қазақстан Республикасының құрамасы сапында сынға түскен Баймұратов Дінмұхамед (51 кг) пен Усип Мақсат (71 кг) сынды спортшылар да қарсыластарын шақ келтірмей әлем чемпионы атанды.
«Алдағы уақытқа жоспарлаған арман-мақсаттарым өте көп. Дегенмен спортшылардың ең негізгі мақсаты болады. Ол олимпиадаларға шығып ел байрағын көкке көтеру. Кикбоксинг техникаларын жақсы меңгеріп, бапкерлеріммен бірлесе жұмыс жасап, алдағы жарыстарда бірінші орынды иеленсем ел сенімін, ата-ана үмітін ақтағаным деп білемін. Сайыс барысында көрсетілген қолдаулар күш береді. Маған үміт артып, барынша тәжірбиелерімен бөліскен бапкерлерім Сабит Усип, Нұрғали Наурызбаев, Теймураз Жаханов ағайларға ерекше алғысымды білдіремін»,-дейді жас спортшы Бибарыс.
Бұл Бибарыс Сауханбектің әлемдің аренаға шыққан алғашқы жарысы емес. 2018 жылы Босния Герцеговина елінде өткізілген сайыста бақ сынаған. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған спорттық бәсекелерде чемпион атанған.
Бибарыс Сауханбекті кезекті жеңісімен құттықтап, алдағы сайыстарда тек биіктен көрінуіне тілектеспіз.