Дулати университетінің делегациясы Ташкент институтында

Қазақстан Республикасының Үкіметі су ресурстарын басқарудың 2020 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасын қабылдады. Ол негізгі 10 бағытты қамтиды: халықаралық ынтымақтастық, құқықтық базаны жаңарту, су шаруашылығы инфрақұрылымын институционалдық реформалау, жаңғырту және реконструкциялау, су нарығын құру жөніндегі халықаралық озық тәжірибені зерделеу, су шаруашылығын цифрландыру, «Smart Water» жобасын енгізу, су ресурстарын экологиялық оңтайлы пайдалану, қазіргі заманғы дағдылармен су саласының мамандарын даярлау және маңызды ұлттық жобаларды іске асыру.

Негізгі бағыттардың бірі – су ресурстарын ұтымды пайдалану, экономиканың барлық салаларында ысырапты азайту, мықты материалдық-техникалық және оқу-ғылыми зертханалық базасында білікті су саласының кадрларын даярлау. Осы міндетті іске асыруда Дулати университеті базалық ЖОО ретінде анықталды.

«Қазақстан Республикасы су саласына кадр даярлаудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы» бекітілді. Жол картасында су саласының кадрларын даярлау үшін жетекші шетелдік сарапшылар мен білім беру мекемелерінің, зерттеу орталықтарының ұсыныстары ескерілді.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтымен Меморандум және екі дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру туралы келісім жасалған болатын.

Бакалавр мен магистранттарды ТИИАШМИ-мен бірлесіп даярлау төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

– Су шаруашылығы және мелиорация;

– Гидротехникалық құрылыс (су шаруашылығында);

-Инженерлік сумен жабдықтау жүйелері;

– Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар және оларды пайдалану.

2023 жылдың 19 қазан күні Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов пен Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есимова бастаған делегация Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтында болып, «INNOWEEK-2023» Инновациялық идеялардың халықаралық апталығына қатысты.

Іс-сапар аясында заманауи жаңа қондырғылармен және ғылыми құрылғылармен жабдықталған жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын пайдалана отырып оқу және ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізудің ерекшеліктері мен перспективалары талқыланды.

ТИИАШМИ ғалымдары төмендегі бағыттар бойынша жаңа мамандандырылған зертхананы көрсетті: «Гидротехникалық құрылыс», «Гидрология және өзен ағынын реттеу», «Гидравликалар», «Сумен жабдықтау және кәріз», «Сорғылар мен сорғы станциялары». Сондай-ақ нақты жұмыс істеп тұрған су объектілерінің оқу макеттері бар.

Сапар барысында тараптар Орталық Азия елдеріндегі су саласындағы проблемаларды шешу бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын құруға және ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыруға келісті.

 

 

Comments (0)
Add Comment