Бүгін – ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Жалпы кәсіби мерекенің осы күнге белгіленуінің өзінің еліміз үшін тарихи мәні бар. 12 сәуір – Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күні.
Жалпы жаһандық даму тендециясы ғылымның ілгері басуына тікелей тәуелді. Біз қазір әлем елдері өз әлеуетін ғалымдарының потенциалымен өлшенетін кезеңде тұрмыз. Ол бәсекенің басты өлшеміне айналды.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда бүгінде ғылым саласында 22 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35 пайызы ғылыми, сондай-ақ академиялық дәрежеге ие. Ал Дулати университетінің 25 ғалымы ҰҒА, салалық ғылым академиялары мен Кәсіби қауымдастықтарының құрамына қабылданған.
Жоғары білім беруді жалпы білім беру жүйесінен бөліп, өз алдына бөлек министрлік етіп құру қажеттілігі ғылымға баса көңіл бөлу мақсатынан туғанын, өздеріңіз білесіздер. Ал ғылымды оқытудың жоғары сатысынан тысқары қарай алмаймыз.
2022 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі едәуір артқаны белгілі. Мысалы, былтыр біздің 6 бірдей жас ғалымы «Жас ғалым» атты жас ғалым-постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру конкурсында әрқайсысы 19 миллион теңгеден грант ұтып алды.
Университетте еліміздің құрылыс индустриясы үшін қызығушылық тудыратын, өндіріске енгізуде таптырмайтын жобалар зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдарымыз бар. Соның бірі – «Жетектелген талшықты темірбетонды полиберікті пирамидалы-призматикалық қадаларды әзірлеу» жобасы.
Қазіргі уақытта біз облыстың химия өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындары «Қазфосфат» ЖШС, «Еврохим» ЖШС-мен ынтымақтастықта сүзгілер мен катализаторларды пайдалана отырып, шығарындылар мен қалдықтарды кәдеге жарату бойынша университет ғалымдарының жобаларын коммерцияландыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Құрылыс индустриясына қажетті және сұранысқа ие портландцемент, талшықты темірбетон, гипс, кездейсоқ күкірт қышқылын өндіру де жоспарланған.
Сонымен қатар, мұнай-газ секторының кәсіпорындары үшін ұңғымалардың қабырғаларын нығайтуға мүмкіндік беретін «Дифференциалды қасиеттері бар цемент шламдарын әзірлеу» жобасының нәтижелерін коммерцияландыру мәселесі өз кезегін күтіп тұр.
Мұның барлығы – Дулати университеті зерттеушілерінің еңбегі. Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік институты 2021-2022 оқу жылында университет ғалымдарына өнертабысқа 10 патент пен 39 авторлық куәлік берді. Жалпы, университеттің патенттік базасы 1998 жылдан бері 700-ден астам қорғау құжатын қамтиды.
2022 жылы университеттің 2 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері атанды, 4 ғалымы қауымдастырылған профессор атағына ие болды, және 8 оқытушы философия докторы PhD ғылыми дәрежесін алды. Соңғы бес жылда университеттің 33 оқытушысы «ЖОО Үздік оқытушысы» байқауында жеңімпаз болса, 6 оқытушы мемлекеттік ғылыми стипендияны иеленді.
Дулати университетінде биыл 8D05311-«Химия» және 8D07411 «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» білім беру бағдарламалары бойынша PhD ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.
Университет ғалымдары меморандумдар негізінде Қазақстан Республикасының басқа жоғары оқу орындарымен, АҚШ, Германия, Португалия, Оңтүстік Корея, ТМД елдерінің серіктес университеттерімен бірлесіп, басқа да халықаралық ғылыми жобаларда орындаушы ретінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.
Дулати университеті ғылыми-зерттеу институттарымен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 154 келісімге қол қойып, ғалымдардың халықаралық деңгейде зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік жасап отыр. Жасалған келісімдердің 47-сі алыс шетелдегі ЖОО, 66-сы ТМД, 41-і республикадағы оқу орындары.
Біз шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту арқылы ең маңызды жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Университет ғалымдары халықаралық деңгейде гранттар ұтып алып, жалпы адамзатқа ортақ проблемалардың шешімін табуда кең көлемде зерттеу жүргізулеріне жол ашылды. Соның бір дәлелі – Небраска университетімен (АҚШ) және Браганса политехникалық институтымен (Португалия) бірлескен гидротехникалық құрылыстар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың сарқынды суларын тазарту бойынша екі жоба. Қазір ғалымдар осы жобаны жүзеге асыру бағытында бірлесіп еңбек етіп жатыр.
Университеттің негізгі жылдық жетістіктері ретінде келесі жетістіктерінің бірі – былтыр тиісті ведомства жариялаған ғылымды қаржыландыру бағытындағы конкурстарға біздің ғалымдарымыз 90 өтінім берді.
Соның ішінде 52-сі 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға конкурсқа өтінім жасады. Жалпы сомасы 157 108 483 теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданды.
Сондай-ақ былтыр халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және ЖОО ішіндегі конкурстарға 381 студент қатысып, оның 142-сі жеңіспен оралды.
Қазіргі таңда университетте 936 профессор-оқытушы еңбек етуде. Олардың 33-інің ғылым докторы, 249-ының ғылым кандидаты және 70-сінің PhD докторы, 510-ында магистр ғылыми дәрежесі бар.
Университетте соңғы 5 жылда 15 ғылыми-зерттеу бағдарламаларының құрамдас бөлігінде белгіленген тақырыптық жоспарға сай 71 инициативтік ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілді. Ғылыми тақырыптық әркелкілігі бойынша қазір олардың саны 71-ге жетіп отыр.
Былтыр 11 гранттық, 1 шаруашылық келісім-шарт негізінде, 3 халықаралық, жалпы 15 ғылыми-зерттеу жобасы жүргізілді. Жобалардың нақты қаржыландырылуы 144,4 миллион теңгені құрады.
Біз мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды, өзіміздің ғылыми әлеуетімізді пайдалана отырып, ғалымдарға өз ісімен айналысуына мүмкіндік туғызуды көздейміз. Университетте студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби бағытын арттыру мақсатында нақты шаралар қолға алынуда.
Мұхтар Байжұманов,
Дулати университетінің ректоры.