Дулати университетінде жас журналистер клубы ашылды

Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы, жас журналистер клубының жетекшісі.

– М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жас журналистер клубы ашылған екен. Осы идея қайдан келді? Жалпы, журналистер клубын ашу қажеттіліктен туған дүние ме, әлде тапсырыспен жүзеге асты ма?

– Жамбыл облысының журналистер дайындау ұстаханасы – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгінгі таңда біздің студенттеріміз Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетіне қарасты «Филология және журналистика» кафедрасында конвергентті және веб журналистика мамандықтары бойынша білім алуда. Жалпы, студенттің жазуға тө­се­ліп, мықты маман болып шығуы теориялық біліммен қа­тар, практикалық машықтануды да талап етеді. Осы орайда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз шығармашылық байланыс орнату, сту­денттерді редакциядан тәжірибеден өткізу мәселесі жолға қойылған. Бүгінгі таңда кез келген салада бәсекеге қабілетті мамандардың сұранысқа ие екені белгілі. Сол себепті, сапалы, білікті маман даярлап шығару көзделген. Міне, осы тұрғыдан алғанда кафедрада студенттерге арналған клуб ашудың қажеттілігі туындағаны рас. Бұл ешқандай да тапсырыспен жүзеге асқан дүние емес. Бастамамызды кафедра меңгерушісі Күлзинат Мейрамбайқызы мен оқытушы-профессорлық құрамы қолдап, осылайша дүниеге келген жоба. Ал клубтың жұмысын оқытушы Ләззат Талғатқызы екеуміз жүргізіп келеміз. Ләззат Талғатқызы клуб мүшелерінің университеттің ақпарат және медиакоммуникация қызметімен бірлесе атқаратын жұмысын үйлестіреді. Атап айтқанда, клуб мүшелерінің университеттің телестудиясында жұмыс істеуін ұйымдастырып, ақпараттық қолдау көрсетіп, үлкен шаруаның басы-қасында жүр.

Клубтың бүгінде 70-ке жуық мүшесі бар. Әрине, неше жылғы тарихы бар оқу ордасында бұған дейін бұл бағытта жұмыс атқарылмады деуден аулақпыз. Себебі, әр жылдары түрлі форматта іс-шаралар да ұйымдастырылып, журналистер үйірмесі де жұмыс істеді. Ал қазіргі қолға алып отырғанымыз, солардың барлығын бір жобаға жинап, клубтың жұмысы ретінде көрсетсек деген ойдан туындап отыр.

– Бүгінде 70-ке жуық мүшесі бар дедіңіз, олар кімдер? Қалай іріктедіңіздер? Клубтың алға қойған мақсатымен де бөлісе кетсеңіз.

– Иә, жуырда ғана, дәлірек айтсақ 1 қарашада құрылған клубтың қатары күн санап көбеюде. Олардың дені өзіміздің студенттер. Бұл қатысушылардың қызығушылығы тұрғысынан алғанда біз үшін жаман көрсеткіш емес сияқты. Себебі, бастапқыда клубтың жұмысын жарнамалап, университеттің әлеуметтік желілердегі парақшаларына салғанымызда бірден елуге жуық адамнан өтініш түсті. Олардың ішінде филология және журналистика мамандығында қазақ, орыс топтарында оқып жатқан 1-4 курс студенттері бар. Алдағы уақытта басқа мамандықтан өтініш түсіп жатса тобымызға қуана қосар едік. Рас, насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өз еркімен қосылып жатқан студенттер әлі де баршылық.

Ал енді алға қойған мақсатына келер болсақ, жоспарларымыз өте көп. Бұл клуб о бастан жас журналистерге танымдық, тағылымдық, шығармашылық бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беруді көздеді. Бұл мақсатқа жету үшін жоғарыда айтқан студенттік телестудиямен немесе университеттің газетімен, сайтымен шектелмей, елге танымал журналистермен кездесу ұйымдастыруды мақсат тұттық. Карантин жағдайында онлайн форматтың да шапағаты тиіп жатқан жайы бар. Себебі, өзге өңірдегі әріптестерімізбен зум арқылы байланысқа шығу мүмкіндігі көп жағынан тиімді болып тұр. Біріншіден, жердің шалғайлығы кедергі емес, екіншіден, уақытқа да үнем әрі қолайлы дер едім. Бір уақытта жүзге жуық адамның басын қосуға мүмкіндік беретін онлайн форматтың өзге де артықшылықтары баршылық. Міне, осындай игіліктерді клуб жұмысында да пайдаланып отырмыз. Ал жамбылдық жампоз журналистерді университет қабырғасында сырлы сұқбатқа, дөңгелек үстелге, кездесуге шақырсақ деген ниеттеміз. Оның ішінде осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ардагерлер мен қаламы төселген жас журналистерге қолқа салып, клубпен байланыс орнату ойымызда бар. Ал іс-шаралардың форматына келер болсақ, шектеу қойып отырған жоқпыз. Ең бастысы, шеберлік сағатын, тәжірибелі мамандардың дәрісін көптеп ұйымдастырсақ, одан жастардың үйренері мол болмақ. Ал жергілікті телеарна, радио, газет-журнал, сайттармен тығыз байланыс орнату – біздің басты мақсатымыз десек те болады. Әрине, кафедра мен өңірлік БАҚ арасында бұрыннан қалыптасқан берік достық, әріптестік қарым-қатынас бар. Ал енді осы дәстүр жаңадан құрылып жатқан клубтың да жұмысынан көрініс табатынына сенімдімін.

– Бүгінгі студенттердің аяқ алысы мен деңгей-дәргейі туралы не айтасыз?

– Бұл сұраққа бәлкім көпжылдық тәжірибесі бар ғалымдардың жауабы толық болатын шығар. Себебі, журналистерді дайындау ісімен өне бойы айналысып келе жатқан кісілерге көп нәрсе аян ғой. Мен тек қазіргі 1-курс студенттерінің әлеуеті туралы аздап өз ойымды айтар болсам, бұрнағы кезбен салыстырғанда дәстүр мен жаңашылдық тұрғысынан қарасақ көп өзгерістің болғанын көреміз. Бүгінде әлеуметтік, цифрлы медиа қарқынды түрде дамуда. Ал жастар осы жаңашылдықты жатырқамай бойына тез сіңіріп жатыр. Бір қарағанда «инстаграмшы», «тик-токшы» ағайынның танымалдылығы жоғары, бәсі бөлек сияқты. Дегенмен, жас журналистер бәсекеге қабілетті болуды ойласа арзан танымалдылыққа әуес болмаса екен дейміз. Жастардың әлеуеті зор, мүмкіндігі мол, қабылдауы тез. Осыны дұрыс бағытта басқара алса болғаны. Тағы бір айта кетерлігі, жастардың көрсем, білсем, үйренсем деген құлшынысы басым. Осы қуантады.

– Университетте ақпарат және медиакоммуникация орталығы бар дедіңіз, одан бөлек студенттер шеберханасы бар ма?

– Қазақ және орыс журналистикасының компьютер кластары бар. Одан бөлек кафедра тағы бір аудиторияны жас журналистер шеберханасына айналдыруға ұсыныс жасаған болатын. Бұйырса, алдағы уақытта ашылады деп жоспарлануда.

– Клубтың жұмысына қайта оралсақ, жақын күндері нақты қандай іс-шараларды жоспарлап отырсыздар?

– Оқу жылының аяғына дейін жоспар жасап қойдық. Оның ішінде ілгеріде айтқанымдай танымал журналистердің шеберлік сағатын көптеп ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ал құрылғалы бері тындырылған тірлікке келер болсақ, клуб мүшелері 8 қарашада «Jambyl» телеарнасына Ашық есік күніне барды. Ол жерде телеарна директоры Мейіржан Әлібекұлы мен орынбасары Айбол Қарашев студенттерді телеарна мен радионың жұмысымен, студиялармен таныстырды. Шара барысында білімгерлер үшін арнайы жаңалықтар мен «Таңғы тайм» бағдарламасының түсірілім сәті көрсетілді. Клуб мүшелері жаңалық жүргізу, радиода мәтін оқу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, жаңа маусымның жеті жаңалығы да студенттер назарына ұсынылды. Ал іс-шара соңында баспасөз орталығында Мейіржан Әлібекұлы мен Айбол Қарашев дәріс оқып, өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, студенттер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берді. Мейіржан Әлібекұлы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді. Білімгерлер де іс-шараның қызықты өткенін, ерекше әсерленгенін айтып, ризашылықтарын білдіруде. Бұдан бөлек 9 қарашада жас журналистер клубының ұйымдастыруымен «Медиасауаттылық – заман талабы» тақырыбында белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, «Атырау» телерадиоарнасының директоры, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының стипендиаты Қанат Әуесбайдың шеберлік сағаты өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған іс-шараға клуб мүшелері толық қатысты. Қанат Әуесбай өз тәжірибесімен бөлісіп, фейк ақпаратпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп, көшбасшы журналист болудың жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ студенттер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берді. Мәселен, Дариға Асқар журналистердің құқығы туралы сұраса, Томирис Дуанбекова Ұлыбританиядағы журналистердің еркіндігі, жалпы сол елдегі ахуал жайлы сыр тартты. Шара соңында Қанат Әуесбайұлы алдағы уақытта Таразға келіп, клуб мүшелерімен офлайн кездесуге дайын екенін жеткізді. Бұл біздің құрылғаннан кейінгі алғашқы онкүндіктегі жұмысымыз. Алда атқаратын жұмыстар мен алар асулар әлі де көп. Мәселен, келесі аптада тағы бір қарымды қаламгер, мықты журналист, білікті басшының шеберлік сағатын өткізбекшіміз. Міне, осындай жоба-жоспарларымыз бар. Әзірге студенттердің құлшынысы мен қабылдауы жақсы. Қалғаны уақыттың еншісінде деп ойлаймыз.

Әңгімелескен,

Қамар Қарасаева.

Comments (0)
Add Comment