М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен «Мен – smart педагог боламын!» халықаралық онлайн коучинг- вебинар өтті.
Жиынға республикаға танымал ғалымдар, болашақ педагогтер, білім беру ұйымдарының әдіскерлері және Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары мен болашақ педагогтері қатысты. Онлайн коучинг-вебинарды университеттің Басқарма мүшесі, академиялық қызмет жөніндегі проректор – Гульвира Мусабекова ашты.
Коучинг-вебинарға қашықтан қосылған Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің «Мектепке дейінгі және әлеуметтік білім беру» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессор Наталья Александровна вебинардың маңыздылығына баса назар аударды. Сондай ақ, екі университеттегі болашақ педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастыру бойынша коллаборациялық зерттеулеріне тоқталды.
Дулати университетінің профессоры Клара Бузаубакованың жетекшілігімен жасалынған бұл жоба өз нәтижесін береді деп күтілуде. Жиын барысында жоба мүшелері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті профессоры Амина Амирова және Дулати университетінің бөлім секторы Маковецкая Анастасия Андреевнаның «Цифрлы педагогика» оқулығының тұсаукесу рәсімі жасалынды.
«Цифрлы педагогика» оқулығының «ХХІ ғасырдағы білім берудің цифрлық трансформациясы» атты 1-тарауында цифрлы білім беру ортасы, цифрлы білім берудің даму тенденциялары, заңдылықтары, принциптері, әдістері мен технологияларының мәні ашылады. Киберпедагогиканың пайда болуы, оның негізгі ұғымдары беріледі. Киберпедагогика технологиялары мен әдістерінің дидактикалық дайджесті талданады.
«Цифрлы педагогика» оқулығының «Цифрлы педагогиканың дамуы және болашағы» атты 2-тарауында цифрлық педагогика контекстіндегі жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының мазмұны ашылып, цифрлы ортадағы мұғалім мен оқушының рөлі айқындалады. Цифрлы орта контекстіндегі жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы, цифрлы ұрпақтың ерекшеліктері айтылады.
«Цифрлы педагогика» оқулығының «Цифрлы ортадағы оқыту технологиялары» атты 3-тарауында цифрлы оқыту құралдарына қойылатын талаптар, цифрлы оқыту құралдарының ерекшеліктері айқындалып, цифрлы білім беру платформаларының дидактикалық мүмкіндіктері қарастырылады: Skype, Zoom, Microsoft Teams, Google Meet, Google Classroom, Nearpod, Learning Apps, Quizizz, Kahoot, «Күнделік», BilimLand, Online Mektep және т.б.
Цифрлы білім беру платформалары электронды оқыту жүйесінің негізгі бір құрамды бөлігі ретінде қарастырылады. Цифрлы білім беру платформаларының әлемдік тәжірибеде қолданыста бар: эдмодо, сократтық, жоба, тhinglink, TED-Бас, cK-12, ClassDojo, eduClipper және т.б. түрлеріне сипаттама беріледі. WizIQ виртуалды лабораториясы және оның мүмкіндіктері айқындалады.
Сондай-ақ, «Цифрлы педагогика» оқулығында білім алушылардың білімін тексеру және бағалауға арналған сұрақ-тапсырмалар, тест тапсырмалары, глоссарий беріледі.
Онлайн коучинг-вебинарға қатысқан Дулати университетінің Кітапханалық-ақпараттық Орталықтың директоры Гульжан Иржанова «Цифрлы педагогика» оқулығының университет электронды кітапхана бөлімінде арнайы QR кодпен қойылғанын айтты.
«Цифрлы педагогика» оқулығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылған.
Онлайн коучинг-вебинарға қатысқан магистранттар және докторанттар «Цифрлы педагогика» оқулығының болашақ педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін арттыруда таптырмайтын құрал екендіктерін қуанышпен жеткізді.
«МЕН –SMART педагог!» педагогикалық идеялар тұсаукесері жасалынды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан Халқына Жолдауында: «Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» – деп атап көрсеткеніндей, жайлы мектепте сапалы жұмыс жасайтындай SMART педагог қажеттілігі кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Болашақ педагогтер SMART педагогтің келбетін – жайлы мектепте әрбір оқушыға сапалы білім беретін, сыни ойлайтын, өте мейірімді, балаға деген махаббаты шексіз, баланы шынайы жақсы көретін, жүрегі жылы, жайдарлы мінезді, оқушы жанын жүрекпен түсінетін, балаға түсінбеген материалды қайта-қайта түсіндіруге, көмектесуге, кеңес беруге ұдайы дайын тұратын, әрбір баланың қажеттіліктерін қанағаттандыратын жаңашыл педагог; цифрлы ортада жұмыс жасай алатындай цифрлық құзыреттіліктері қалыптасқан және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу-тәрбие процесінде тиімді пайдаланатын шебер педагог; рефлексиялық құзіреттілі жоғары, сыни ойлайтын, педагогтің өзін-өзі кәсіби маман ретінде бағалай алатын, білім сапасын арттыру бойынша ұдайы ізденісте болатын шығармашылық педагог; тұлға қалыптастырушы педагогикалық іс-әрекетті өнер деп танитын креативті педагог деп жаңаша мазмұнда аша алды.
Онлайн коучинг-вебинарда Жоба мүшесі Маковецкая Анастасия Андреевна «Білім беру процесінде цифрлы білім беру ресурстарын пайдалану» тақырыбына шебер сынып өткізді, цифрлық білім беру ресурстарының мәнін ашып, crosswordlabs.com платформасында сөзжұмбақты жасау және дайындаудың технологиясымен таныстырды.
Шебер сынып соңында болашақ педагогтер https://docs.google.com/forms/d/e/ 1FAIpQLSdaiuytducyazJd _pWw5nFDL 2juFiiGIPiNQRgdA0sQ9RGaSw/viewform?usp=sf_link сілтемесімен кіріп, арнайы дайындалған 10 сұрақтан тұратын тесттен өтті. Өздерінің цифрлы құзыреттіліктерін сынауға және арттыруға мүмкіндік алды.
Онлайн коучинг соңында вебинардың қорытындысы шығарылып, резолюция қабылданды; креативті болашақ педагогтерге арнайы сертификаттар табыс етілді.
Цифрлы Қазақстанның ақпараттану жағдайында болашақ маманның жеке тұлғасын, интеллектуалды мәдениетін, технологиялық құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін электронды ресурстарды пайдалану оның ақпараттық қоғамда өмір сүруіне, оның ақпарат ағымында дұрыс бағдар жасап, тиімді шешім табатын кәсіби маман даярлау маңызды болып табылады.
Онлайн коучинг-вебинар болашақ педагогтерге оқыту технологияларын цифрлы білім беру тұрғысынан жетілдірілген түрлерін меңгертуді көздей отырып, оқытушы мен білім алушының серіктестікке құрылған қарым-қатынасы оқу материалының цифрлық контенттерінің жаңа формаларын тиімді қолдануға бағыт-бағдар сілтеді. Болашақ SMART педагогтердің әлемдік деңгейдегі ғылымның озық жетістіктерімен және танымал ғалымдардың инновациялық іс-тәжірибелермен танысуына кеңінен жол ашты.
Клара БҰЗАУБАҚОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор.