Күні бүгінде Дулати университетінде қуанышты жаңалық ETS – TOEFL Тест Орталығының салтанатты ашылуы өтті. Көптен күткен орталықтың ашылу салтанатына шете елдік танымал ғалымдармен қатар, оқу ордамыздың профессор оқытушылар құрамы қатысып, тұсаукесер сөзді филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, Исабаекова Гүлнұр Болатбекқызы өзі ашып берді: « Бұл тест орталығы оқушыларға, студенттерге, оқытушаларға және жалпы барлық ниет білдірушілерге TOEFL тестін ыңғайлы жағдайда және заманауи жабдықтарды қолдана отырып тапсыруға мүмкіндік береді. Барлығымыз білетіндей шетелге оқуға бару үшін, ғылыми тағылымдамадан өту үшін ағылшын тілін меңгеру туралы IELTS және TOEFL сертификаттары керек. Ал Жамбыл облысы мен Тараз қаласының тұрғындары, оқушылар мен студенттері ағылшын тілін меңгеру туралы IELTS және TOEFL сертификаттарын алу үшін Шымкент және Алматы қалаларына баруға мәжбүр болды. Ол қаржы жағынан тиімсіз, жол шығындарын есептемегенде, тест бірнеше кезеңнен тұратындықтан жатын орын іздеу керек болды. Дайын сертификатты алуға тағы да Шымкентке немесе Алматыға бару керек немесе таныс адамға сенім хат рәсімдеу керек болды. Сондықтан Тараз қаласында осындай тесттерді тұрақты өткізетін орталықтар мен компаниялардың жоқ екендігін ескере отырып, қаланың орталығында орналасқан Сүлейменов көшесі 7 мекен-жайында орналасқан корпусымыздан арнайы «TOEFL Authorised Test Centre» деп аталатын орталық аштық. Аталған Тест Орталығы соңғы үлгідегі моноблоктармен, бейнебақылаумен жабдықталған. Енді Тараз қаласының тұрғындары мен студенттеріміз Дулати Университетінде TOEFL тестін тапсырып 2 аптада сертификатын алуға мүмкіндігі бар». Расында, «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген мақал тегін емес-ті. Бұл тест орталығы ғылымға талпынған талайлардың бағын ашып, білім көкжиегінде өз мақсатына жетуге бірден бір таптырмас орталық болып тұр. Алдағы уақытта орталықтың өз деңгейінде жұмыс атқарып, абыройлы мәртебеге ие боларына сенімміз мол.
Бұл мектеп оқушыларының, студенттеріміздің білім жетістіктерін қолдаудағы маңызды қадам болатынына және олардың академиялық және кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз.\
Жансая ДАРХАНҚЫЗЫ
М.Х.Дулати атныдағы Тараз өңірлік университеті Қазақ тілі және әдебиет кафедрасының аға оқытушысы