Педагогикалық білім беру жүйесін әлемдік деңгейде жаңғыртуда қашықтықтан білім беру жағдайында болашақ педагогтердің цифрлы-креативті құзыреттіліктерін қалыптастырудың әдіснамалық, технологиялық және әдістемелік аспектілерін айқындау қажеттілігі туындауда. Осы мақсатта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті өзара ынтымақтастық туралы келісім шарт жасасты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Нәтижесінде қос оқу ордасы қолға алған «Жаңа жағдайдағы Қазақстанда педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру: Қазақстан Республикасында қашықтықтан оқытуда болашақ педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастырудың технологиялық-әдістемелік аспектілері» ғылыми жобасы аясында (Жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бузаубакова мен Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Артур Дзиов) www.smart-pedagog.kz педагогикалық білім беру порталының тұсаукесері өтті.
Педагогикалық білім беру порталын Наталья Скоробогатова таныстырса, Клара Бузаубакова оның ерекшеліктеріне тоқталды.
Басқосу барысында Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің Коррекциялық педагогика және психология кафедрасының профессоры Татьяна Филютина педагогикалық порталдың болашақ педагогтерді дайындауға қосар үлесі зор болатындығын ерекше тербенспен айтып, ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек, бірлескен шара аясында Дулати университетінің өкілдері ресейлік білім ордасында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Сондай-ақ, жоба жетекшісі Клара Бузаубакова Шадринск МПУ студенттеріне «SMART-болашақ педагогы деген кім?» атты тақырыпта педагогикалық тренинг өткізіп, ресейлік білімгерлер өз ой-тұжырымдарымен бөлісті. Сондай-ақ, онлайн тест және онлайн-сауалнамадан өтіп, өзінің цифрлы құзыреттіліктерін сынады.
Бірлескен жоба нәтижесінде Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінде «SMART-болашақ педагогы» аталатын онлайн-кафедра ашуға келісім жасалды. Жаңа кафедраны «Мектепке дейінгі және әлеуметтік білім беру» кафедрасының профессоры, п.ғ.д. Людмила Пономарева басқаратын болды.
Тұсаукесері Ресейден бастау алған www.smart-pedagog.kz педагогикалық білім беру порталы болашақ педагогтердің цифрлы-құзыреттілігін қалыптастырумен қатар Ресей ғалымдары мен Қазақстандық ғалымдардың ғылыми -зерттеу жұмыстары бойынша өзара ынтымақтастық байланысқа кеңінен жол ашты.
Клара БУЗАУБАКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі,
п.ғ.д., профессор