Алматыда «Қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» бекіту бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтуде деп хабарлады turkystan.kz.
Қала әкімі Досаев сессияның ашылуында Алматы әкімдігінің қызметкерлері және түрлі қызмет салаларының 130-дан астам сарапшысы 5 ай бойы даму бағдарламасымен жұмыс істегенін айтты.
«Бағдарламаны іске асырудың жалпы сомасы 6,1 трлн теңге. Бұл ретте тартылған жеке инвестиция көлемі 55% асады. Олардың ішінде таяудағы үш жылда 1,3 трлн теңге тарту жоспарланып отыр, ал қалған 2 трлн теңгеден астамы – орта мерзімді перспективада 2030 жылға дейін», – деді Досаев.
Дамудың жаңа бағдарламасы 7 негізгі мақсатқа негізделген.
«Даму бағдарламасы осы жылдың шілде айында мен ұсынған 7 негізгі мақсатқа негізделген, олар: «Жайлы қалалық орта», «Орнықты экономикалық өсім», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық және тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Ақылды қала және қауіпсіз қала», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол 2030 жылға дейін Тhe Global Livеability Index рейтингінің TOP-70 индексіне кіруге талпыну керектігін айтты.
«Бұл – қалалардың жайлылық деңгейінің интегралды индексі, мұнда тұрғындардың өздері қаладағы өмір сүру жайлылығын 30-дан астам көрсеткіш бойынша бағалайды. Біз Алматыны осы индекстен өмір сүру жағдайлары жайлы мегаполис ретінде, бүкіл әлемнің озық технологиялары, инновациялары мен сапалы адами капитал үшін тартылыс нүктесі ретінде көргіміз келеді», – деді қала басшысы.