Дирижер Римманың дара жолы

Хор – ол да бір үлкен ұжым. Ал оны дұрыс басқару – дирижердің міндеті. Әрине, айтуға оңай болса да, жауапкершілігі жоғары қызмет. Себебі дирижер шығарманың нотасы қолына тигеннен бастап оны тыңдаушыға жеткізгенге дейінгі аралықта хор ұжымымен біте қайнасып, қажымай-талмай еңбек етеді. Осы уақыт ішінде қаншама тер төгіледі десеңізші! Демек, дирижер еңбегі ізденіспен бірге қажырлылықты да талап етеді. Осындай қажырлы еңбегімен танылған дирижерлердің бірі де бірегейі – Римма Апсаматова.

«30 жыл бойы осы қызметтемін» деген Римма Дүйсекқызы бүкіл ғұмырын музыка саласына арнап, өз ортасында топ жарып келген хорларға жетекшілік еткен. Ол облысымызда 2011 жылдан бері полиция қызметкерлерінен құрылған топты басқарып келеді. Аталмыш салаға бар ғұмырын сарп еткен Римма Дүйсекқызы талай мәрте өңір мен республика қонақтары қатысқан жиындарда патриоттық әуендер әуелеткен.
2011 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы ішкі істер органдарының қызметкерлері арасынан хор жинақталып, ұйымдастырылды. Осы хордың көркемдік жетекшісі болып республикалық және халықаралық конкурстардың дипломанты Римма Апсаматова тағайындалып, Жамбыл облысы ішкі істер департаментінде 2011 жылдың мамыр айынан бастап ерікті жалданушы ретінде қызмет атқарады. Р.Апсаматова Жамбыл облысы ішкі істер органдарының жас мамандарын патриоттық тәрбиелеуге белсенді атсалысып, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеруге үлкен үлес қосуда. Топтағы әріптестері оның мейірімді жан екенін айтады. Ол жастарды жауапкершілікке үйретіп қана қоймай, қонақжайлылығымен де ерекшеленеді екен.
Римма Дүйсекқызы 1989 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «дирижер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы Жамбыл облысы мәдени-ағарту орта білім орнында музыкалық пәндерінің оқытушысы болып бастаған. Кейін 1990-2001 жылдары Жамбыл педагогикалық жоғары оқу орны «Музыка» кафедрасының аға оқытушысы болды. Ұстаздық жолында талай шәкірт тәрбиелеп өсірген маман 2005-2010 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Қосымша білім беру» факультеті деканының орынбасары болса, кейін төрт жыл қаладағы М.Глинка атындағы балалар музыкалық мектебінде музыка пәндерінің оқытушысы, хор жетекшісі болып қызмет етті.
Р.Апсаматова он үш жылдан аса уақыт бойы басқарып келген полиция қызметкерлерінен құралған хор өз кезегінде ортасынан оза шауып, талай жүлделі орындар мен марапаттарға ие болды. Ол Жамбыл облысының ішкі істер департаментінде өтетін барлық мемлекеттік және ұлттық мерекелік салтанатты іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне бар ынта-жігерін салып, ұйымдастырушылық, бастамашылдық қабілеті зор, білгір, ұстанымына адал маман ретінде көрсетті. Ұжымда сыйлы.
Хор ұжымдарын байқауға дайындау оңай емес. Мұндай өнер ұжымдарында 20-дан бастап 80 әншіге дейін болады. Ал соңғы жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігі кәсіби деңгейі жоғары, ұйымдастырылуы күрделі шараларға мұрындық болып, жас ұрпақты эстетикалық және патриоттық рухта тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Ал Р.Апсаматова басқаратын полиция қызметкерлерінен құралған хор қазіргі таңда 50 қызметкерден тұрады. Республикалық және облыстық көлемде хордың қатысуымен 40-қа жуық концерттік бағдарлама беріліп, хор репертуарының құрамында 50-ден астам ән жинақталған. Р.Апсаматованың жетекшілік етуімен ішкі істер департаментінің жинақталған хоры Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында 2011 жылдың желтоқсан айының 13-14 күндері Астана қаласында өткізілген ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Я люблю тебя, Казахстан» атты республикалық патриоттық әндер фестиваліндегі республика бойынша қатысқан 26 ұжым ішінен министрліктен оң баға беріліп, жүлделі ІІ орынды иеленген.
Он жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2014 жылдың қыркүйек айының 24-26 аралығында Алматы қаласында ішкі істер органы арасында өткен «Біз мәңгілік ел боламыз!» атты патриоттық әндердің өңіраралық конкурсында 86 қатысушының ішінен Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің заңсыз көші-қонға қарсы күрес арнайы ротасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Қойгелдиев І орынды, ішкі істер департаментінің вокалды-аспаптар ансамблі ІІІ орынды иеленген. Сол жылы желтоқсан айында Астана қаласында ішкі істер органдары арасында өткен «Біз мәңгілік ел боламыз!» атты патриоттық әндердің республикалық қорытынды кезеңінде өңірлік конкурстың жеңімпазы мен дипломанты ретінде шақырылған полиция аға лейтенанты Н.Қойгелдиев І орынға ие болды. Бұл – жетекші үшін де үлкен жетістік, маңдай тер мен өнерге бөлінген уақыттың айқын көрінісі.
Тап осы жылы 15-17 қазан аралығында Қостанай облысы ІІД-де өткен «Парасатты полицей» республикалық байқауда қатысушы 22 топтың ішінен Р.Апсаматованың дайындығымен барған Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің «Тараз қырандары» атты командасы І орынды иеленіп, жеңіс кубогымен марапатталған. Ал 2018 жылы ақпан айында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскерлер қызметін қамтамасыз ету және бірлесе нығайту ісін ұйымдастырғаны және 5513 әскери бөлімінің құрылғанына 26 жыл толуына орай грамотамен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор А.Каскеленов марапаттады. Тізе берсек, мұндай жетістіктер де, марапаттар да жетерлік. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, Римма Апсаматованың қажырлы еңбегінің арқасында қаншама жастың шығармашылығына шырақ жағылды. Өнді-өсті, әлі де жас өрендер есейіп, тәрбиеленіп келеді.
Хор жанры Қазақстанда кәсіби өнердің елеулі саласы болып қалыптасуына, ұлттық бояу-бедермен дамуына Б.Байқадамовтың еңбегі өлшеусіз зор болды. Қазақ халқының, халық композиторларының шығармаларын жоғары кәсіби деңгейде ұлттық бояуын жоғалтпай, көп дауысты аралас хорға өңдеуі, оған тыңдарманның көңіліне қонарлықтай етіп дауыстардың ерекшеліктеріне сай өлшеммен бөліп бере білуі бұл саланың республикада өркендеп-өсуіне даңғыл жол ашты. Енді осы жолда адалдық танытып, шын берілген Римма Дүйсекқызының 30 жылдық ғұмырын ел мәдениеті жолына арнауы ерлік десек, артық айтқандық болмас. Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді», – деген екен. Р. Апсаматова – қызметіне адал, қарапайым, болмысынан нағыз қазақылықтың қаймағы кетпеген, ең бастысы, білікті маман.
Мәдениеттің адамы болу – халықтың жүрегінен жылы жол табуға тырысудың баспалдағы. Бұл ретте кейіпкердің сахнада мүлт еткен қателіктерді бір ғана қабағын шытып, білдіртпей жіберетін мінезі бар. Хор болған соң ол туындының шарықтау шегін шынайы көрсетуді қажет етеді. Осы жолда үнемі әр дыбыс пен нотаны дұрыс жеткізуді қамтамасыз етіп, әннің бояуын жеткізе білу – Римманың басты ұстанымы.
Бүгінде осы отыз жыл бойы мәдениет саласына сіңірген үлкен еңбегі үшін «Міндет. Абырой. Ерлік» төсбелгілерімен және өзге де медальдармен марапатталған. Бұл жетістіктерді талай жылғы төккен тердің қарымтасы деп ұққан жөн болар. Себебі өнер адамы үшін еңбектің лайықты бағаланғанынан артық ештеңе жоқ. Ақ тер, көк тер болып еңбектенсе де, адалынан қызмет еткенді жаны сүйеді. Биліктің алғысы мен марапатына бөленсе де, сатылап жеткен жұмысының қорытындысымен бағаланғанды мақсат еткен. Ол үшін бар алғыс – көрерменнің шынайы қошеметі.
Өркениетті ұлт тарихымен, өнерімен, мәдениетімен бағаланады. Қасиетті өлкенің мәдениет саласының өркендеуі мен елдігімізді, рухани қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында атқарылған ауқымды жұмыстар қатарында әңгімеміздің бас кейіпкерінің де қосқан үлесі бар. «Ел батыры» естелік төсбелгісімен марапатталған Римма Дүйсекқызының өзіне, отбасына ғана емес, қоғамға да пайда келтіріп отырғанын мақтан тұтуға әбден болады. Аталмыш марапат та екінің біріне берілетін марапат емесін ескерген жөн. Өз мамандығы бойынша адал қызмет етіп, адамдық парызын да жауапкершілікпен алған Римма Дүйсекқызының еңбегін бүгінгі және кейінгі ұрпақтарға үлгі етуіміз керек.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment