Діни тұрақтылық – ел дамуының тұғыры

Қазіргі кезеңдегі жаһандану үдерістері қоғам өмірінің барлық саласына әсер етіп, рухани қауіптер мен жаңа әлеуметтік сын-қатерлерді алға тартып отыр. Осындай жағдайда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету – мемлекет дамуының басты шарттарының бірі. Себебі қоғамдағы татулық пен бірлік ең алдымен адамдардың рухани дүниесімен, олардың сеніміне көрсетілетін құрметпен тығыз байланысты.

Діни тұрақтылық – әртүрлі діни конфессиялардың өзара құрметке, төзімділікке және заң талаптарын сақтауға негізделген үйлесімді өмір сүруі. Бұл тек діни еркіндіктің қамтамасыз етілуі ғана емес, сонымен бірге қоғам ішінде теріс ағымдардың, радикалдық көзқарастардың таралуына жол бермеу.
Дін саласындағы тұрақтылық – елдің ішкі қауіпсіздігінің, саяси-әлеуметтік бірлігінің кепілі.
1. Қоғамдық келісім мен бейбіт өмір
Діни татулық – бүкіл елдегі тыныштықтың негізі. Әртүрлі сенімдегі азаматтар бір-біріне құрметпен қарағанда ғана қоғамда жанжал азайып, тұрақтылық қалыптасады. Бұл өз кезегінде елдің саяси жүйесін де мықты етеді.
2. Экономикалық өсудің алғышарты
Тұрақты мемлекетке ғана инвестиция тартылады. Егер ел ішінде діни алауыздық болмаса, әлеуметтік жағдай да жақсарып, экономикалық дамуға қолайлы орта қалыптасады. Кәсіпкерліктің дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – барлығы ішкі тыныштықпен тығыз байланысты.
3. Рухани құндылықтарды сақтау
Дін – адамгершілік пен ізгіліктің бастауы. Діни тұрақтылық қоғам мүшелеріне рухани қауіпсіздік береді, ұрпақтың бойына мейірімділік, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды сіңіруге көмектеседі. Мұндай қоғамда әлеуметтік мәселелер де азаяды.
4. Радикализмнің алдын алу
Тұрақтылық болмаған жерде түрлі деструктивті идеологиялар тез таралады. Сондықтан мемлекет заңнаманы жетілдіру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру арқылы радикализмнің алдын алады. Бұл – қоғамның ұзақ мерзімді қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Тыныштық, тұрақтылық, төзімділік, татулық біздің қоғамның негізгі құндылықтары болып табылады. Егер осы құндылықтарға сызат түсіріп алсақ онда діни және ұлтаралық араздық әрекеттері мен қылмыстар орын алуы ықтимал. Жоғарыда айтылған төрт құндылықты билік, қоғам болып қолға алмаса баянды болашақ туралы әңгіме айтудың өзі әбестік болар еді.
Қазақстан – көпконфессиялы мемлекет. Мұнда ислам, христиан, иудаизм және басқа да дін өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – еліміздегі дінаралық диалог пен татулықтың жарқын көрінісі. Бұл бастамалар халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда.
Діни тұрақтылық – ел дамуының берік тұғыры. Ол саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның рухани іргетасын да күшейтеді. Дін саласындағы келісім мен татулық болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын арттырып, мемлекеттің өркендеуіне жол ашады.
Сондықтан діни тұрақтылықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Самғат МҰТАНОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы

Comments (0)
Add Comment