Дін және әйел

Қоғамдағы, діндегі әйелдің алатын орнына, әйел мәселесіне келетін болсақ, әртүрлі пікірлер мен көзқарастар бар. Біз оларды дұрыс немесе бұрыс деп сынай алмаймыз. Себебі әртүрлі дінді ұстанатын халықтардың ұстанымдары мен көзқарастары бірдей емес. Өз заманына сай қоғамда ұлттар арасында әйел адамға деген көзқарас әрқилы және дау тудыратындай жағдайда болған.

Мәселен, өз кезінде өркениеттің озығы болған Рим империясында әйел адам ердің құлы, бір шаруасын атқаратын аспап-құралы ретінде қабылданған. Осы себептен болар көне дәуір саясаты, сәулетінен және тағы басқа салаларынан біз бірде-бір әйелдің есімін естімегенбіз. Тіпті спорттың өзі әйелдер үшін жат іс болып есептелінген. Көне Үндістан өркениетінде әйел адам өлім, у, тозақ деген сөздермен ассоциацияланып, тіпті «оттың өзі әйелден қайырлы» деген философиялық көзқарас кеңінен тараған болатын. Кейбір діндерде әйел адамзаттың күнәға батуының басты себебі ретінде қарастырылған. Одан берісін алар болсақ, 586 жылы Францияда «әйел адам ба әлде адам емес пе?» деген мәселе көтерілген. Ұлыбританияға келер болсақ, Генрих VIII әйелдерге өздерінің киелі кітабын оқуына тыйым салған болатын. Сонымен қатар 1850 жылға дейін ағылшын әйелдері Англия азаматы ретінде есептелмеген. Дәл сол Англияда 1885 жылға дейін әйел адам жеке тұлға ретінде қабылданбаған.

Діндегі әйел мәселесіне келер болсақ, басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Тәуратта (Библия) кездеседі. Христиан діні жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды.

Рас, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысқан. Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта ғана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі.

Ислам мәдениетіне келер болсақ, оның бастапқы кезеңінен-ақ әйел ермен тең дәрежені иеленді, тіпті ер адамның жәннатқа кіруіне әйел адам себепкер етілді. «Жәннат аналарыңның аяғының астында» деген сөз – осының айғағы.
Ислам келісімен әйелдер өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай-ақ қоғам кайраткерлері ретінде көрсетуге мүмкіндігі болды. Мысал ретінде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірінші зайыбы Хадиша анамызды айтса болады. Хадиша анамыз тек ана емес, жарының адал серігі, өз жұрты мен еліне ықпалы өткен дін қайраткері ретінде танылды.

Ислам – теңдік әрі кемелдік діні. Сондықтан ислами шариғат институтында жеке тұлға мен қоғамның құқығы тең әрі үйлесімді қарастырылған. Осы жағдай әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне жол ашты. Мәселен, адамзат үшін ең бастапқы қажеттілік – білім алу, парасатты болу. Исламның алғашқы күндерінде-ақ дініміздің басты кітабы әрі қазіргі заманауи білімнің негізі болған Құранды оқып-үйрену барша мұсылманға, яғни ер және әйелге парыз.

Барлық діндердегі сенушілер қауымының елеулі бөлігін әйелдер құрайды. Сонымен қатар дін ілімін жеткілікті деңгейде меңгерген әйел затының ұстаздық қызмет атқаруына ешбір дін тыйым салмайды. Исламда білім алу әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген. Осы жерде әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген бір жайтқа назар аударған жөн. Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеттерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады. Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы рөліне көбірек қатысты болып келеді. Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау дін негіздерін шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп білген жөн. Осы айтылғандардың негізінде әйел затына қатысты әлемдік діндердегі көзқарастардың қазіргі түсінігі «теңсіздік» ұғымымен үйлеспейтінін тұжырымдауға болады.

Қазіргі күні көп елде әйелдер мен ерлердің құқықтарын тең санау арқылы әйелдер құқықтарына көңіл бөлетіндіктерін айтып келеді. Алайда ақиқатында солай ма? Исламда, тіпті қазіргі күні ешбір мұсылман мемлекетінде «ер жалақысы», «әйел жалақысы» деген ұғымның өзі жоқ. Америка мен Еуропаның көптеген елдерінің құқықтық жүйесінде ер адамдар өз әйелдерінің қаржы шығындарын төлеуге міндетті емес. Ал Ислам ер адамға әйелінің барлық жағдайын қамтамасыз етуін міндеттейді.

Дәл қазір Батыс қоғамдарында әйелмен зат немесе бұйым сияқты қатынас жасайды. Батыста Әйелдер дискриминациясын жою комитеті (CEDAW) бар екені баршамызға мәлім. Сол комитеттің мәлімдеуінше, қазіргі күні Португалияда әйелдерді теріс пайдалану көрсеткіші өте жоғары. Осы мәліметтер бойынша, Данияда 2006 жылы әйелдер мен қыздар сауда контрабандасы мен оларға қарсы әртүрлі қатыгездіктер көптеп орын алған.

Ислам әйел затына тән ерекшеліктерін ескереді. Сондықтан Исламдағы әйел мен ердің әрқайсысының құқықтары мен міндеттерін олардың табиғи ерекшеліктері негізінде тағайындаған. Мәселен, ер адам ауыр әрі қиын жұмыстарды атқаруға төзімді келеді. Алла Тағала отбасы істерін бөлгенде, әйелді экономикалық жағдаймен қамтамасыз етуді ер адамға жүктеп, ер адамды рухани сезім тұрғысынан әйелге мұқтаж етіп жаратты. Исламда көңіл бөлінген маңызды тақырып – әйелдің жұбайлық және аналық рөлін орындауы үшін жан тыныштығы мен қауіпсіздігі.

Ислам 14 ғасыр бұрын әйелдердің меншік құқығын ресми түрде танып, ешкімге олардың мал-мүлкін иемдену құқығын бермейтіндігін тағайындаған. Алла Тағала Құран Кәрімдегі «Ниса» сүресінің 32-аятында былай дейді: «Істеген істерінен еркектердің сыбағасы – өзіне, әйелдердің сыбағасы – өзіне. Алланың рақметін тілеңдер».

Ислам әйелдің қоғамдық, саяси және мәдени салауатты әрекеттеріне қарсы емес. Ислам діні әйел жұмыс күшін асыра пайдалану мен оның қабілеттерін танытуға кедергі жасау мен ханымдарды қоғамдық және мәдени әрекеттерден тысқары қалдыруға қарсы.
Әйел Ислам діні арқылы өзінің адами орнын тапты. Содан бері мұсылман әйел барлық салада маңызды әрі адамгершілік бейнеде көрініп келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) маңызды және сезімтал кезеңдерде әйелдердің маңызды рөлін қолдағандықтан, олар саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелерге атсалысқан.
Қазіргі таңда әйел адамның қоғамда алатын орны ерекше. Мұсылман елдерінде қазіргі жаһандану дәуірінде әйел адам ошақ иесі, жанұяның ұйытқысы рөлімен қоса, қоғамдық өмірдегі жұмыс, іс-әрекеттерді бірдей атқарушы, жан-жақты тұлға ретінде қарастырылады.
Шапағат ДҮЙСЕБАЕВА,
ҚазҰУ-дың 3-курс студенті.
Куратор-эдвайзер Мұқан Нұрзат

Comments (0)
Add Comment