Дін – ғылымның анасы

Дін – әлеуметтік-мәдени қатынастардың жетекші буыны. Діннің қызмет етуі арқылы оның құрылымын және пайда болуын түсінуге мүмкіндік аламыз.

Дін әлеуметтік байланыстардың пайда болуының және қалыптасуының факторы болып табылады, алдымен дін әлеуметтік қатынастардың белгілі бір формаларын заңдастыру факторы ретінде өз қызметін атқарып келсе, екіншіден, дін қоғамның тұрақтылығына, оның өзгерісіне қол жеткізетін ынталандырушы фактор ретінде қабылдануы тиіс. Вебер, Дюркгейм сынды және басқа заманауи діни мамандардың тұжырымы бойынша діннің басты қызметтерінің бірі әрі маңыздысы – мағыналық пайымдау қызметі жатады.

Мұқағали ақынның өзі «Дін – ғылымның анасы, ғылым – діннің баласы» деген өлеңінде діннің қоғамдық біріктіруші және адамның өзін-өзі анықтауға мүмкіндік беретін қызметін айқын келтіреді. Сондықтан діннің біріктіруші қызметі – қазіргі қоғамдық қатынастарда аса маңызды фактор, бірақ өкінішке орай, осы қызметтің іске асырылу амалдары мен формалары өзгеріске ұшырады және оның ауқымды залалды салдары да орын алуда, мәселен, дінаралық жанжалдар.

Дін – түсіне білген адамға ғылым мен білімнің бастамасы, рухани қазына һәм мол ілімнің қайнар бұлағы. Дін қоғамның нормалары мен құндылықтарын насихаттау арқылы оның тұрақтылығына мүмкіндік тудырады. Дін түрлі әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды кіріктіре отырып, тұрақтандырушы функция да атқарады. Дiн мен мемлекеттiң көздегені – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы болуы шарт. Дiн мен мемлекеттiң өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық нормаларын уақыт талабына сай айқындау жəне жетілдірудің маңызы зор.

Жалпы дін туралы, оның ішінде ислам діні туралы қоғамның түсінігі әлі де жеткіліксіз. Әсіресе, қоғамдағы кейінгі кезеңде көрініс тапқан келеңсіз оқиғалар – керісінше, діннің тұрақтандырушы функциясының әлсіздігінің дәлелі. Кейбір діни сала зерттеушілердің пайымдауынша, қоғамның діни білімі үстірт, таяз. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі – діни білімнің негізгі ұстанымдарын, қағидаларын, тарихын толық білмеудің нәтижесі.

Дін адамзат өркениетінде түрлі тарихи кезеңдерден өтіп, қоғамда өзін әртүрлі деңгейде көрсетті. Адамзаттың қалыптасу тарихында рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі атауға ие болды. Әлемдегі халықтар, мемлекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Бұл кез келген мемлекеттің өркендеу тарихында діннің жетекші рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуін айқындайтын негізгі фактор ретінде көрсетіп отыр.
Дін – адамзат тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің нәтижесі және сарқылмас құндылық көзі. Қазақстан Республикасының Конституциясында заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген. Ал сенім шеңбері мәселесінде дін кеңістігіне мүмкіндік беретін мемлекет ретіндегі тұжырым басымдыққа ие. Сондықтан да мемлекетіміздің дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына оң нәтижемен ілігіп отырғаны шындық. Ислам діні – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің, тұрақтылықтың кепілі. Тарихи талдау бойынша Қараханид дәуірінде қазақ даласына енген ислам діні таным-түсінігіміз бен салт-дәстүрімізде біте қайнасып, түркі халқының бітім-болмысына ерекше жақын, тән болғандықтан кеңінен насихатталды, аз уақыт аясында жылдам тарады. Ондаған ғасырдан аса уақыт ішінде ислам діні өркениетіміздің құнды өзегіне айналды.

Дін адам өмірінің құндылықтары мен нормаларын қалыптастыра отырып, әлеуметтік тәртіпті тұрақтандыру нәтижесінде әлемдік тұрақтылыққа кепілдік береді. Осы ретте Парсонстың пікірін дәлел ретінде келтіруге болады. Діннің мәдени таратушы қызметі діннің тұрақтандырушы функциясының қозғаушы күші болып табылады. Діннің мәдени таратушы қызметі саясат немесе құқықтан бұрын ең алдымен адамның жүріс-тұрысын, оның нақты мақсаттар мен жағдайларға байланысты тұлғалық санасын қалыптастырады. Діни символдар мен түсініктер белгілі бір мағына бере отырып, адамның өмір сүруінің тұрақтылығы мен мықтылығын қамтамасыз етеді. Қоғамның бірігуі мен тұрақтылығын бірқатар факторлар қамтамасыз етеді немесе қамтамасыз етуге ықпалдасады. Қазіргі дамыған демократиялық өркениеттегі интеграцияның белгілі бір деңгейін көп жағдайда кез келген мемлекеттің заңдары қамтамасыз ететінін, жалпылама құндылықтардың (адам құқығын) таратушы рөлін құқықтық институттар өз қолына алу қажетттілігіне басымдық беруде. Осы басымдық жүйелі жүзеге асса, әлеуметтік тәртіпті тұрақтандыруға қол жеткізуге мүмкіндік туады.

Дін интеграция мен тұрақтылықты орнатушы емес, өкінішке орай, қиратушы, дау-жанжал әкелуші фактор ретінде де әрекет етеді. Дін тарихи қажеттіліктен туындайды, ал тарихи кезеңде түрлі қоғамдық дау-жанжалмен, күш көрсетумен, түрлі топтар қатынасындағы билік үшін күрестермен сипатталады. Тұрақтылық өз кезегінде тек уақытша тепе-теңдік ретінде қалыптасуы мүмкін. Діни топтар – бір-біріне қарсы араз топтардың мүдделері қарама-қарсы тұратын, соқтығысатын жүйенің бір тетігі. Бұған мысал ретінде христиан дінін ұстанушы елдердегі еврейлерді қудалауды дәлел ретінде келтіруге болады, бірақ бұл діни қақтығыстың түбінде экономикалық фактор болғандығы тарихтан белгілі. Ұлттық және топтық айырмашылықтар діни айырмашылықтармен шиеленіскен жағдайда, әдетте қақтығыстар айрықша өткір сипатта болады. Діни қақтығыстар сыртқы көріністе, ұлттық немесе ұлтаралық негізде соқтығысуды бүркемелеуі мүмкін. Діни қақтығыстар әлеуметтік өзгерістерге бастама болуы мүмкін және өз кезегінде әлеуметтік өзгерістер мен әлеуметтік қақтығыстар діни салада өзгерістерге алып келуі мүмкін немесе алып келеді. Бірақ, бір өкініштісі, оның салдары залалды болатыны да анық.

Діннің саясатқа қатынасы түрлі аспектілермен орын алады. Мәселен, мемлекеттің пайда болуы мәселесі тарихи кезеңдерде діни тұрғыдан да қарастырылды. Қазіргі қоғамда діни мен саяси институттардың өзара қатынасы төмендегідей екі аспектіде қарастырылады: біріншісі, діннің сол қоғамның құндылықтарын негіздеу мен қолдау қызметін орындауы. Бұл құндылықтар заңға және билікке қатысты көзқарасқа ықпал етіп, саяси әрекетке (қарсы шығу немесе қолдау) тартылған. Екіншісі, діннің саясатпен, белгілі бір әлеуметтік топтардың ықпалының күшеюіне байланысты мүдделерін білдіруші институция ретінде қатыстығын айқындау.
Қазіргі тарихи кезеңнің ерекшелігі ол ұлттық құндылық өлшемдермен санасатын саясатқа қажеттілік болып табылады. Осыған байланысты діннің саясатқа, саяси күштердің күресіндегі жетекші рөлін атқарушы этникалық фактор ретіндегі ықпалы ұлғая түседі.

Қазіргі өркениетте діни құндылықтарды тереңірек түрде іске асыруға жол ашатын «жаңа өмірлік» құндылықтар жүйесін қалыптастырудың түрлі жолдары әркелкі деңгейде жүзеге асырылып келеді.

Осыған байланысты қазіргі діннің әуелетін біртұтас процесс ретінде қарастыру басымдыққа ие болып отыр. Сонымен қатар діннің әлеуметтік факторлардың әсерімен өзгеруі өз кезегінде қоғамның тарихи даму барысына өзгеріс енгізуші фактор ретінде діннің эволюциясы тұжырымдамасы жасалуда. Діннің эволюциясы тұжырымдамасы дінді дамушы құбылыс ретінде оны талдауға көңіл бөлуді көздеп отыр.

Қазіргі өркениеттік пайым бойынша ислам дінінің зайырлы мәдениетпен және дінсізденген қоғаммен әрекеттесуі нәтижесінде дінге деген «заманауи пайымдау» пайда болды. Діннің қоғамдағы әуелеті өсе түсті. Қазіргі әлеуметтік-саяси процестерге байланысты Еуразия кеңістігіндегі ислам дінінің ықпалдық мүмкіндіктері ауқымды түрде қалыптасып келе жатыр. Нәтижесінде ислам діні ұлтаралық татулықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің тұрақты кепілі ретінде орнықты.

Ғалымжан Бекбаев,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Comments (0)
Add Comment