Дін мен дәстүр – егіз ұғым

Дін – дүниедегі әрбір жан иесінің өмір сүру үлгісі, екі дүниеде де бақытты болуға жетелер нәзік жол. Дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Әрбір ұлттың ұстанар діні, өзіндік ғұрпы, дәстүр сабақтастығы мен бір ұлтты екінші ұлттан өзгешелейтін мінез-құлық ережесі және өмір сүру ерекшелігі болады.

Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректің болуы қажет. Яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен рухани өміріне үңілсек, дін мен дәстүрдің тығыз байланыста өрбігенін байқаймыз. Ұлттың болмысы, өмір сүру салты, әдет-ғұрпы мен дүниетанымы дінмен сабақтасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Сондықтан да халқымыз «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» деп бекер айтпаған. Бұл мақалада дін мен дәстүрдің өзара байланысы, олардың қоғамдағы рөлі мен қазіргі таңдағы маңыздылығы қарастырылады.
Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі – асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуға тиіс.
Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Сондай-ақ Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа, пітір таратып, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды.
Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр. Дәстүр мен дін аясында айтылатын және сарапталатын дүниелер саны көп. Әр салтымызға діни көзқараспен қарар болсақ, өткен дәуірдегі ата-бабаларымыз ұстанған дара әрі хақ жолдың келер ұрпаққа қаймағы бұзылмастан келгенін тілге тиек ете аламыз. Кез келген дәстүр өз тамырын діннен алады. Себебі дін – ол Хақты қалап, әділдікті талап ететін жалғыз ғана тура жол. Соның ішінде мейірімділік, ата-ананы құрметтеу, жалған сөзден тыйылу, қызды қырық үйден тыю мен оның тәрбиесін, адамгершіліктің кемелін, сонымен қатар ұят пен ардың, ождан мен тәртіптің қайталанбас тұғырлы төрін көрсетеді. Қазақ халқының бойына сіңген салт-жоралғылар мен халықтық ғұрыптар тізгінін қазіргі уақытта жастарға ұстатар болсақ, келешекте оның сақталып қаларына үлес қосқан болар едік. Себебі дәстүрді, не болмаса көне түсініктерді тек ақ сақалды қарттарымызбен ақ жаулықты аналарымыз ғана жадыларына құйып кетер болса, біз, келешек ұрпақ, діни дәстүрдің дәмін сезіне алмай кетуіміз ғажап емес.
Ислам діні – қазақ халқының болмысымен біте қайнасқан рухани негіз. Ислам келгенге дейін де қазақтың әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері терең адамгершілік пен табиғатпен үйлесімге құрылса, дін келгеннен кейін бұл дәстүрлер шариғат талаптарымен үндесіп, одан әрі кемелдене түсті. Мысалы, қонақ күту, үлкенге құрмет көрсету, жеті атаға дейін қыз алыспау, жеті шелпек тарату, жаназа шығару сияқты дәстүрлердің барлығы ислам дінімен тікелей байланысты.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Діннен тамыр жайған дәстүрімізді берік, иманымызды өзімізге серік ету арқылы ғана біз өзіміздің тарих сахнасынан орын алған тәуелсіз ел екенімізді дүйім жұртқа дәлелдегеніміз болар еді. Дін мен дәстүріміз бөлек дегендер бір ел болашағының қамын жегендердің сипатына келмейді. Өйткені олардың түсінігі тар, я болмаса қазақ тарихынан хабарсыз деуге ғана келеді. Дәстүріміздің әлі күнге дейін өз орнын жоғалтпауының бір себебі – оның дінмен ұштасуында. Әрбір қазақ дінге қарап бой түзеп, дәстүрімен сусындап, тарихынан өнеге алған, Абай атамыз айтқан «Пенде мақсаты – адам болу» деген сияқты өз мақсатымызға жетер ме едік, кім біледі?!
Қазіргі кезеңде ұлт пен халық рухани қолдауға мұқтаж. 2023 жылдың 5 қазанында өткен педагогтар съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының пікірімен әрекет жасау үшін дініміз бен дәстүріміз егіз ұғым екенін, бір ағында ағып жатқанын және үйретері мен талабының айқындығын жастар түсінерліктей етіп жеткізу жолдарын қарастыру қажет. Мақсатымыз – ұлттық болмыс, табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу.
Қазақ халқының рухани тірегі дін болса, ұлттық келбетін айқындайтын белгісі – дәстүр. Бұл екеуі бірін-бірі толықтырып, ұлт болмысын қалыптастырады. «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» деу арқылы бабаларымыз ұрпаққа терең мағынасы бар аманат қалдырды. Ендеше, осы рухани мұраны сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Дін мен дәстүр – қазақ халқының рухани тірегі, мәдени болмысы. Екеуінің байланысын бұзу – ұлттық тамырымыздан ажырау деген сөз. Сондықтан жас ұрпаққа дін мен дәстүрді қатар ұғындыру – ата-ана мен қоғамның ортақ парызы. Ұлттың ұлт болып қалуы үшін дін мен дәстүр егіз ұғым екенін ұмытпауымыз керек.

Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі

Comments (0)
Add Comment