Өкінішке қарай, соңғы жылдары түрлі ағым өкілдері діннің тазалығы жайында әңгіме айтамыз деп қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, өзінің теріс идеологиясын қабылдатқысы келеді. Олар тек Құранмен ғана жүруіміз керек деп сүннет пен салт-дәстүрді тәрк етуде. Шәкәрім атамыз мұндай ағымдарды «шатақ діндер» деп атаған. Жат ағымды ұстанушылар анасын жылатып, атасын сыйламай, «сенің қолыңнан тамақ ішпеймін, өйткені сен намаз оқымайсың, сендер кәпірсіңдер» деп талайы тура жолдан адасып келеді.
Дәстүрлі Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы кереғар діни топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер. Хадисте: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам», – деген. Ал бүгінде, жасыратыны жоқ, өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам, ширк, бидғат деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар. Мұны, әлбетте, олардың діни білімсіздігі, надандығы деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды.
Жалпы қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасып келеді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе – халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету.
Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады. Ал дәстүр ұлттың қағаз бетіне түспеген заңдары десек те болады. «Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген» дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз.
Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары. Әрдайым ұрпаққа салтымыз бен дәстүрлі дінімізді ұштастыра отырып, тура жолымызды жеткізе білсек, онда ортақ міндетіміздің орындалғаны.
Ежелден халқымыз адал, арам, обал, сауап деген төрттағанды тұғыр етіп келеді. Бұл төрттаған дініміздің талабына ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді. Ұлтымыз сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтай отырып, тәлімі мен тәрбиесін өскелең ұрпақтың санасына жеткізе айтуымыз керек.
Дәстүр мен діннің ұқсастығы туралы бір ауыз сөзбен айту мүмкін емес. Сондықтан біз дін мен дәстүрді еш уақытта бір-біріне қарсы қоюымызға болмайды. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген талай ақындарымыз, жыршыларымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз бен қазыларымыз ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білген. Осылайша Исламның құндылықтары халқымыздың тілі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтымен сабақтасып үйлесім тапқан.
Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген. Дәстүрдің түрі көп. Соның ішінде «Сөздің көркі – мақал» дегендей, дін мен салт-дәстүрдің сабақтастығы халық ауыз әдебиеті – мақал-мәтелдерінде де керемет көрініс тапқан. Ар-ұят, иман, көркем мінез турасында «Ұят – иманнан», «Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны» деген хадистерге қатысты «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ары таза нар жүгін көтереді», «Өлімнен ұят күшті», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ниеттегі мақал-мәтелдері айтылған.
Алла Тағала бір аятта: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «уф» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле», – деп бұйырған. Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай, «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеуі нағыз дәстүрлі ұстанымымыз болған.
Сонымен қатар қонақжайлылық дәстүрі – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін», – деген екен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Халқымызда «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі.
Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене мұсылмандық дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау һәм жеткізу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі ұрпақ та дәстүрлі дінімізді қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.
«Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз.
Абзал Есіркепов,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры