Димаштың әжесі

  Қазір бұл отбасын күллі әлем таниды. Айтбаевтар арқылы дүниежүзі халқына қазақтың отбасылық институты мәлім болды. Біз мереке қарсаңында әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әжесі Миуа Мүбәрәкшақызымен әңгімелескен едік.

Қыз-дәурен
Миуа апамыз мектеп бітіргесін Алма­тыдағы Абай атындағы пе­да­го­гикалық институттың жаратылыстану-геог­рафия факультетіне оқуға түседі. Ақ­төбе өңірінен барған екі қыз қол ұстасып, бір­ге жүрген, жатақханада бірге тұрған. Қақ-соқпен ісі болмай, уақытын тек сабақ­қа арнайтын қос құрбы сенбіні асыға күте­тін. Өйткені бұл күні олар қасындағы қыз­дың ағасының досының үйіне қонаққа бару­шы еді. Жас отбасы да бұларды ықы­лас­пен күтіп, бар дәмдісін аузына тосатын. Бірін­ші курстың студенті үшін бұдан артық не бақыт бар?
Бір күні бұл әлдебір себеппен қонаққа бара алмай қалды. Құрбысы жалғыз кеткен. Кітабын қолына алып, алаңсыз са­бағына кіріскен қызды бір кезде вахтаға ша­қырсын. Біреу іздеп келіп тұрғанын айт­ты. Қатты таңғалса да шықты. Сым­бат­ты аққұба жігіт күтіп тұр екен. «Есімім – Құдайберген. Ақтөбеденмін. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқимын. Осын­да жерлес қарындастарым тұрады деген соң іздеп келіп ем…», – деді жымиып. «Ақтөбеденмін» деген сөз құлағына жылы тиді. Туған ағасы іздеп келгендей қатты қуан­ды. Екеуі жатақхана алдындағы ал­леяда біраз әңгімелесті. Сөйтсе, Құдекең бұдан бұрын да бірнеше рет іздеп келген екен. Бөлмелес жігіттері семейліктер бол­ған. Олар, әрине өз жерлестерімен жиі ара­­ласады. Бұл да солардың отырыстарына барып жүреді. Әскерден келген, оқуын бірың­ғайлап алған жігіттің болашақ жа­рын іздестіріп жүрген шағы. Семейліктердің ара­сында да әдемі, қылықты қыздар бар ғой, бірақ бұл болашақ шаңырағының отын жағатын адамның өзі туған топы­рақ­тан болғанын қалаған. Сұрастырып жүреді екен. Семейлік қыздардан педагогикалық институттың жатақханасында екі қыздың тұра­тынын естіген. Басқа күндері қолы ти­­мей, сенбі күні соғады екен. Ал қыздар бұл күні қонаққа кетеді. Ақыры бір күні жо­­ға­рыдағыдай себеп болып, реті келе ке­тіпті.

Келін
Бірте-бірте қол ұстасып, жиі қы­дыра­тын болды. Театрға жиі барады. Көп сөзге жоқ, барынша адал жігіттің қасында өзін еркін сезінетін. Бірнеше жыл қыз-жігіт боп жүргеннен кейін әңгімесі жарасып, сөз байласты. Бұл – 1967 жыл. Құдекеңнің әке-шешесі бұл кезде қайтыс болып кеткен, әке орнында қалған Аязбай ағасы тойды 5 жел­тоқсанға белгіледі.
Алайда ағасы ол уақытта келе алмайтын болды да, той мерзімі 6 қаңтарға шегерілді. Тас­­тақтағы 156-асханаға тапсырыс беріп қойып, сол күнді асыға күтті. Ол кездегі той­­лар кешкі сағат 10-дарда басталып, таң­­ғы 6-7-лерде аяқталатын. Бұлар өз тойы­­на автобуспен жетті. Иә, көпшілікке ар­­налған автобуспен. Ондағылардың бәрі бұларға бақыт тіледі.
Жиналғандардың дені студенттер бол­ғасын ба, той өте қызықты өт­ті. Ауылдан кел­ген Аязбай аға мен абысы­ны қатты толқыды. Жастар бидің түбін тү­сірді. Шырқалған әндер қандай?! Таңер­тең өз пәтерлеріне трамваймен қайтқан жас жұбайлардың жүзі бақыттан бал-бұл жанып тұр еді.
Сол жылы Құдекең оқуын бітірді. Бұл 4-курсқа өткен. Факультеттің мандайалды сту­дентінің бірі. Ауылшаруашылық ми­нистр­лігіне кеткен күйеуі жақсы жаңа­лық­пен оралды. Ондағылар жас маманды зор ықыласпен қарсы алыпты. Қала іргесіндегі «Ақсай» кеңшарына жолдама берген. Иә, бүгінде Алматының орталық шағы­нау­дан­дарының біріне айналып үлгерген «Ақсай» ол кезде жай ғана кеңшар болатын. Ми­нистр­ліктегілер тағы бір жаңалықтың ше­тін шығарған. Келесі жылы өздеріне жұ­мысқа алмақ. Демек, бәрі жүзікке қас қон­дырғандай болып-ақ тұр.
«Үйдегі сауданы базардағы нарық бұ­затыны» рас екен. Сол тұста ауылдан келген жең­гесі Құдекеңе Аязбай ағаның сәлемін жеткізді. «Ауылға қайтсын!» депті ол кісі. Ағаның сөзі талқыланбайтын заман, дереу жолға жиналды. Бұл барып, сырттай оқуға ауысу жөнінде арыз бергенде факультет басшылары қатты таңғалды: «Қалай? Үздік оқитын шәкірт. Жолдасына Алматыдан жұмыс табылып тұрған студент…». Бірақ ол кез­дегі әйелдің түсінігі бөлек қой. Ері қайда бол­са, сонда болуы керек.
Аязбай ағасы ауылда тағы да дүркіретіп той жасады. Құдекең кеңшардың машина-трак­тор жөндейтін шеберханасына, бұл мек­тепке жұмысқа орналасты. Мектеп дирек­торы – Аязбай ағасы. Абысыны да осы мектепте жұмыс істейді.
Аязбай ағаның 6 баласы бар. Яғни, өз­дері 8 адам. Бұларды қосқанда 10 адам. Бәрі 36 шаршы метр үйде тұрды. Үйінен қонақ үзіл­мейді және…
Көп ұзамай тұңғышы Гүлзира дүние­ге келді. Үйдің тарлығы сезіліп еді. Сол тұста Құдекең бас инженер болып бе­кіді. Бұрынғы бас инженердің үйі бұларға тие­сілі екен. Кең, еңселі үй. Бірақ Аязбай аға­сы үндемейді. Құдекең де бөлек шыға­мын дей қоймады. Бұнда тіпті үн жоқ. Әке-шешенің орнында болған, осы күнге жеткізген ағаның көңіліне тиіп алмауы керек. Ақыры не керек, әлгі үй басқа адамға бұйырды. Бірнеше жылдан кейін тағы бір үй босағанда ағасы ағайын-туысын ша­қы­рып, батасын берді. Бетіне жел боп тимеген інісі мен келініне алғысын айтты. Көп ұзамай дүниеге ұл келді. Қанат деп есімін қойды. Ол заманда жас босанған әйелдің соңынан абысын-ажыны болмаса, күйеуі бара бермейді. Бұл перзентханадан шығып, бір достарының үйінде үш-төрт күн бол­ғанда барып, Құдекең жетті. Бір шаруаларға ай­налып, шыға алмапты. Үйге жеткен кезде көзіне бірден бесік түсті. Күйеуі ауылдағы ше­бер ұстаға арнайы жасатыпты. Қанат, одан кейін туған Нұргүл сол бесікке жатты. Бұл бесік кейін Димаш, Раушан, Әбіл­ман­сұр­ға да құтты мекен болды. Ағайын-туыс­тардың балалары да сол бесікке бөленіп, бы­лдырлап жатты. Құтты бесік – бүгінде от­ба­сының киелі дүниелерінің бірі. «Ди­маш­тың баласын бөлесем деп едім…» деп қалды Миуа апа. Алла ниетіне жеткізгей.

Әже
Қанат Қ.Жұбанов атындағы педаго­гика­лық институтты бітірер сәтте бір қыз туралы жиі айтып жүрді. Есімі – Све­та, көрші Темір ауданының қызы екен. «Жақ­сы қыз!» дейді ұлы бұған. Әкесіне шешіліп әңгіме айта бермейді ғой. Көңілін анық танығасын қамсыз қалмайын деп бір­де Ақтөбеге барғанда үстінен түсіп, «са­маурын сырға» деп аталатын сырға сатып алды. Заттың қат кезі, дүкеншілерге тапсы­рыс беріп қойып, бірде сақинаны қолға түсірді. Екі неке жүзігін алып қойды. «Сау­сағының мөлшері қандай екенін де біл­мей­мін ғой, білгенде де, дәл сол размерді ала­мын деп шалқайып отыратын қазіргі кез емес, қолға түскенініне риза боласың ол уақытта…» деп күледі осы күні.
Светаның Дариға дейтін апасы көрші тұратын. Бір күні сол арқылы әке-шешесіне хабар бергізді: «Біз құда болып, бар­сақ деп едік…». Жауап көп күттірген жоқ. «Күтеміз…» депті. Бұларды хан көтеріп кү­тіп алды. Той күні белгіленді. Ол кезде той­ға қыз тарапынан ер адамдар келе бер­мейтін. Бұлар сол «дәстүрді» бұзды. «Бәрі кел­сін, қуаныш қой…». Құдасы Ермек бастап кел­генде төбесі көкке жетті. Келінді тура есік­тің алдына түсіретіні қазір ғой, ол за­ман­да бірнеше шақырым жерден жаяу алып келетін. Әдетте, жеңгелері баратын жер­ге бұл өзі барды. Жұрттың сыпсың сөзі­не қараған жоқ. Той дүркіреп өтті.
Светаның аяғы құтты болды. Әжесі Зульфияның бауырында өскен, барынша ашық, қолынан келмейтін нәрсе жоқ келін күллі әулетке ұнап еді. Жас отбасы пәтер жалдап, Ақтөбеде тұрды. Өйткені Света әлі студент-тін. Өзі секілді сырттай оқуға ауысқанын қалаған жоқ. Көп ұзамай дүниеге перзент келді. Атасы институтта бірге оқыған досының құр­ме­тіне атын Манарбек деп қоям деп шешкен. Сол күні Ақтөбеге келіп, Бақтығали Сан­ды­баевтың үйінде қонып шыққан. Таңертең досының шешесі «баланың атын кім қоясың?» деп сұрапты. Қамдап келсе де, үлкен кісіні сыйлап, үндей қоймаған еріне 90-нан асқан, ел-жұртқа аса беделді кейуа­на таң ата түсіне ақсақалды қария еніп, сә­бидің атын Мұхаммед деп қою керегін ай­тып аян бергенін жеткізген. Үлкенді сый­лап өскен Құдекең қарсы бола қоймаған. Үй ішіне айтқанда Қанат: «Ардақты пайғам­барымыздың атын алып жүру қиын болмас па екен, Дінмұхаммед не Нұрмұхамбет деп толықтырсақ қайтеді…» деп ойын айтқан. Ен­деше Димаш атасындай болсын деп ырым етіп, сәби Дінмұхаммед атанды.
Құйттақандай Димашын қолына алған сәті әлі күнге дейін есінде. Құдай-ау, құдды атасының өзі. Бірнеше күн­нен соң Бақтығали достың су жаңа «вол­гасымен» Ембіге тартты. Әкесі Мүбәрәк­шаның шешесі Шәмсияға үйленгенде мал-мүлкінен бөлек, 150 күміс тиыны болған екен. Кәдімгі Николай заманындағы күміс ақша. Соның бірнеше тиыны бұған тиген. Сырға жасатқан. Ырымдап, соны баланың итаяғына салды. Сосын құдағиы Динаға ұсын­ды.
Бір ғажап сезімге тап болды. Жаны сәбидің үстінде. Бірден бауырына басты. Түнде де өзі қарайды. Қарны ашқан­да ғана емізуге апарады. Қырқынан шы­ғарар­да иткөйлегіне талас болды. Қыздары бар, ұлы жоқ екі келіншек бет жыртысуға шақ қалған. Қазақтың ырымы кейде дәл келеді ғой, иткөйлек алған келіншек келесі жылы шекесі торсықтай ұл тапты.
Нағыз қызық жас жұбайлар Ақтөбеге кетер сәтте болды. Өй, өздері бала мы­налар кішкентай сәбиді қалай бағады-ей. Оның үстіне, жалғыз ұлдың бөлек тұр­ғаны дұрыс емес қой. Ақылдаса келе, Ақтө­беге көшетін болып шешті. Ембідегі үйін сатып, Құдекең лауазымды қызметін, бұл мектептегі жұмысын тастап, облыс орта­лы­ғына қоныс аударды. Әуелі көпқабатты үйден пәтер алып еді, тізесі ауыратын бұған кі­ріп-шығу қиын болғасын, жерүйге ауыс­тырды. 47 жасында жұмысты қойып, бір­жола бала бағуға бұрылды. Димаш бес жа­сынан бастап музыкалық мектепке барды. Бұл жаяу апарып, алып келетін. Тілі қызық еді, сұрамайтын нәрсесі жоқ. Бұл ерінбей бәріне жауап беретін. Мектепке барғанда: «Ме­ні мамам 47 жасында туған…» деп «қырып салыпты». «Құдекеңді папа, мұны мама» деп айтады. Әке-шешесі — «Ағатай», «Све­та апа». Әлі күнге дейін солай.
Димаш мектеп бітіріп, астанаға оқу­ға түскенде, бұлар далада қалып қой­­­­ғандай күй кешті. Күндіз-түні ой­лай­ты­ны «кенже ұлдың» жайы. Қанат пен Све­таның мазасын алып бітті. Ақыры пәтер сатып алып, қасына көшті. Бір кезде Димаш деп Ақтөбеге келіп еді, енді Димаш деп елор­дадан бір-ақ шықты.
…Димаш қай жерде жүрсе де бірінші әжесіне звондайды. «Мама-ау» деген даусын ес­тіген сәтте-ақ көзінен жас ыршып кетеді. «Адам бәріне үйренеді екен. Атақ-даңққа да, қошеметке де. Бірақ мен «үйрене алма­ған» бір нәрсе бар. Ол мамамның мен қоңы­рау шалған шақтағы: «Құлыным» деп кем­сеңдей бастайтын сәті. Әр звондаған сайын тұңғыш рет естігендей қатты тол­қимын. Сол сөзді қайта есту үшін тау қо­пару­ға да әзірмін…» деп еді Димаш бірде. «Адам­ға өз үйінен артық мекен жоқ қой, аға. Таңертең ояна салып, асбөлмесінде бір­деңе пісіріп жатқан мамамды бір иіскеп ке­тетін сәтке ештеңе жетпейді…», – деді бір­де.
Раушан да, Әбілмансұр да ата-әже­сі­нің бауырында өсті. Құдайға шүкір, ке­ліні екеуінің арасында кейбір ене мен келін­нің арасындағыдай кикілжің болып көр­ген жоқ. Ол мұның қас-қабағына қарай­ды, бұл да ешқашан оның жанына тиетін сөз айтқан емес. Отбасы деген көзге көрін­бейтін нәзік тіндерден тұрады ғой. Ағайын-туыс, дос-жаранмен қарым-қатынасты рет­тейтін – әйел. Әр адамның, әсіресе, әйел­дің бағы да, соры да – тілі. Соған ие бол­ған абзал. Үлкен үй болғасын бұлардың қо­нағы көп. Бірақ келіні ешқашан қабағын шытқан емес. Жарқырап қарсы алып, күліп шығарып салады. Бұл – аз бақыт емес!
«Қазір қазақ көп өзгерді. Ажырасу кө­бейіп барады, «ішіме сыйған қызым сыр­ты­ма да сыяды» дейтін әйелдер көбейді.
Бұл – дұрыс емес. «Шыққан қыз шиден сыртқары» деген қазақ. Қызыңның әр ісіне араласа берсең, түбінде зияның тиеді», – дейді Миуа апа. Өзі қыздары тұрмысқа шығарда былай депті: «Мен осы күнге дейін сендерге беретінімді бердім. Енді маған сендерден үйдегі келінім жақын. Тұрмысқа шыққасын, барған жерлеріңнің мүддесін бірінші орынға қойыңдар. Анау-мынауды бізге айта бермей, өздерің шешіңдер». Соның арқасында, олар ешқашан шағым айтып келген емес. Құда-құдағи, күйеу балалардың алдында да жүзі жарқын.
Миуа апа бұл күнде әлеуметтік желі арқылы Димаштың тыңдарман­дары­мен сырласып отырады. Instagram парақ­шасына 47 мыңнан астам адам тірке­ліпті. Шетелдіктерді, әсіресе бұлардың бәрі­нің бірге тұратыны қатты қызық­тыра­ды екен. Бұл соны түсінбей дал. Әке-шеше баласымен бірге тұрмағанда, қайда тұрмақ? Айтпақшы, Қанат елордадан үй салып жатқанда, бұларда Ақтөбедегі өз үйінде, ағайын-туыстың ортасында қала берсек қа­лай болады деген ойдың болғаны рас. Ба­лаларына айтқанда, олар шошып кетті. «Онда несіне үй салып жатырмыз, біз де осын­да қаламыз…» десті Қанат пен Света. Ди­маш­тың көңіл күйін айтпай-ақ қояйық. «Мен үйленген соң да бәріміз бірге тұра­мыз…» депті Димаш. Сол күнге жеткізгей!
Қара қазан мен диірмен
Миуа апаның қатты қадірлейтін екі жә­дігері бар. Бірі – қол диірмен, екін­шісі – қа­зан. Бірі – енесінен, бірі – ана­сы­нан қал­ған мұра. Екеуінің де тарихы бар. Қол диір­мен – енесі қолданған дүние. Не­бәрі 54 жа­­­сында дүние­ден озған марқұм өлеріне кө­рінді ме екен, келіні Бәдиғаға: «Осы қол диір­менді Құдай­бергенімнің ке­лін­шегіне бер…» деп шегелепті. Сол диірмен әлі бар. Алда-жалда Айтбаев­тардың үйіне жолыңыз түсе қалса, сол диірменге тартқан талқан жейсіз.
…Анасы Шәмсия күйеу баласын қатты жақ­сы көрді. Тек қана соның сөзін сөй­лей­тін. «Сен осы мені емес, Құдайбергенді ту­ған сияқтысың…» дейтін бұл кейде ренжіп. Е, дүние-ай, ол да бір өмірдің сәулелі сәті екен ғой…
Сол ғазиз ана бұлардың ауылына кел­генде қазан ала келіпті. Бір қозы­ның еті сиятын жеңіл қазан. Сол қазан бұлар­ға құт боп дарыды.
Айтпақшы, тағы бір қазан бар. Бұлар бөлек шыққанда абысыны берген қазан. «Өскен-өнген адамдар ғой, сол қазанын ырым ғып әлі сақтап келемін…», – дейді апа­мыз көзіне жас алып.
Осы жәдігерлер туралы үйде үнемі айтылады. Содан ба екен, Ақтөбе­ден көшкенде Света ең бірінші болып қол диірмен мен екі қазанды жөнелтіпті. Әулет­тің ырысы ғой!

8 наурыз туралы
«Құдайберген аға 8 наурызда не сый­лайды?» деген сұрағыма апам әбден күліп ал­ды. «Е, шырағым, көңілден артық не сый бар? 53 жыл бір шаңырақтың астында бақытты өмір сүріп келеміз. Ағаң қай кезде де тапқанын қолыма әкеліп берді. Ешқашан қолымды қаққан емес. Сыйлықты маған балалар жасайды. Димаш та ұмытқан емес. Ал мен үшін ең басты сыйлық – осылардың аман жүргені, отбасымның берекесі. Құдай көп көрмегей!».

Turkystan.kz

Comments (0)
Add Comment