Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайда кезекті музыкалық шоуға қатысуда, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қытайда танымал Shine! Super Brothers бағдарламасын YouTube желісінен көруге болады.
Шоуға негізінен Қытайлық әртістер қатысады. Алайда жүргізушілер әншілермен екі тілде: қытай және ағылшын тілдерінде сөйлеседі.
Қатысушылар бір-бірімен танысып, өздерінің музыкалық жетістіктері туралы, сахнада қанша жыл өнер көрсеткендері туралы әңгімелейді. Содан кейін танымал композицияларды орындайды. Бір қызығы, мұндағы қарсыластар бір-бірімен бәсекелеспейді, керісінше қолдау көрсетеді.
Димаш Құдайберген – қазақстандық жалғыз қатысушы. Ол әріптестеріне бес жасқа толғаннан бері сахнада жүргенін айтып берді. Сонымен қатар Қытай шоу бизнесі туралы пікірімен бөлісті.
Қазақстандық әнші Shine! SuperBrothers шоуында әлі өнер көрсетпеді. Жанкүйерлер оны желіде қолдап, сүйікті орындаушыларының сахнаға шығуын асыға күтуде.
Бұған дейін Димаштың Қытайдың Уси қаласына телешоу түсіріліміне қатысуға барғаны хабарланған. Жобада белгілі әншілер, актерлер, рэп орындаушылары, бишілер тобын құрып, осы команданы финалға дейін жеткізу керек болады.