Әділдікті жыр етті

Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің қабырғасында Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің айтысы – адалдықтың жаршысы» атты жас ақындар айтысы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңесі, облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған аламанда елдің әлеуметтік дамуы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен халықтың әл-ауқаты жас ақындардың жырына арқау болды. Сөз жүйрігін сарапқа салған ақындардың сөз саптауы мен мақамын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Равиль Төлебаев, «Руханият және тарихтану» орталығы басшысының орынбасары, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Абзал Есіркепов саралап, айтысқа төрелік етті.

Өңірдің түкпір-түкпірінен жиылған 10 жас ақын бес жұп болып сүбелі сөзбен маржан төкті. Өткір мәселелерді қаймықпай айтып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Арасында қағытпа қалжың да, салмақты ой да аламанның көркін қыздырды. Әсіресе ТарМПУ студенті Ернұр Бейсенов ә дегеннен «Таласымның астынан қала шығып, Таразымның тарихын шаң басып тұр» деп көне шаһардың қасиетін өлең етсе, Нұржан Манатбек есімді таластық ақын «Кімде кім жүрегім жас деп ойласа, осы жыл арналады бәріңізге» деп жастар жылының мән маңызын астарлы оймен қаузап өтті.

– Қазақта «Бір ақынның сау болса тіл мен жағы, мың халықтың айтылар мұң мен зары» деген керемет сөз бар. Сол себепті де биыл жастар жылы болғандықтан жас ақындар елдегі болып жатқан оңтайлы істерден тыс қалмай, өздерінің шамаларын аламанда көрсетіп, атой салып жатқан жайы бар. Әр айтыс жас ақынның шеберлігін шыңдауға таптырмас мүмкіндік. Бүгінгі дода да белгілі бір деңгейде жас айтыскерлер үшін зор тәжірибе болды деп ойлаймын , – деді республикалық, облыстық аламандардың жүлдегері Дидар Апбасов.

Жыр додасында мұнан да өзге ақындар бір-біріне өткір сұрақтарын қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, жыр сүйер жастарды желпіндіріп отырды. Сондай-ақ өңірде биылғы жылы атқарылған келелі істер мен маңызды шаруалар жас шайырлардың өлең бәсекесіне арқау болды.

– Ақындардың бұл жолғы аяқ алысы жаман емес. Еңбек ақталды деуге әбден болады. Облысымыздағы барлық жаңалықтар, мемлекеттің жеткен жетістіктері, кейбір мәселелер қара қылды қақ жарған қара өлеңнің құдіретімен көпшіліктің көңілін тербетті. Жастар жылына осындай додалардың өтіп жатқаны қуантады. Бұл қолдаудың арқасы деп білемін, – деді республикалық айтыстардың жеңімпазы, халықаралық айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағының облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков.

Қазылар алқасының шешімімен айтыстың Бас жүлдесі Елнұр Бейсеновке бұйырды. Бірінші орынға Медеу Мырзатай лайық деп танылса, екінші орынды Дидар Аббас пен Дархан Әбдіманат өзара бөлісті. Үшінші жүлдені Мұқағали Балтабаев пен Нұржан Манатбек қанжығалады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің арнайы жүлдесін Шапағат Әбдір иеленді.

Comments (0)
Add Comment