Әділдікті ту еткен Бәйімбет би

Ұшқан қыранның қанаты, қара жердің құйқасын шығара самғаған тұлпардың тұяғы талатын кең-байтақ еліміздің қай өңірінде де қасиетті жерлер көп. Олардың әрқайсысының бір-біріне әсте қайталамайтын дара тарихы бар. Ондай жерлер көзінің тірісінде ұлағатты ісімен дараланған әйгілі тұлғалар есімімен және сол өңірге қатысты қандай да бір айтулы оқиғалармен байланысты. Осындай киелі мекен, құтты қоныстың бірі – менің дүниеге келген атамекенім Көсегенің Көкжоны өңірі (киелі Қаратау жотасындағы белгілі аймақ). Онда елдің есінде қалған зерек тұлғалар, тіпті аңызға айналған қасиетті орындар, киелі жерлер, тарихи өңірлер аз емес. Талдыбұлақ, Бұзаушоқы, Аюсоққан, Қамыр әулие, Қорғантөбе, Бәйімбет сазы, Әулиебұлақ, Білтебай бұлағы және т.с.с. Оның әрбірі – жатқан тарих, аңызға толы әңгіме, таусылмайтын шежіре.

Сол өңірдің тумасы, кемелділік пен кемеңгерліктің иесі Мәйкөт (1837-1902) ақын:
Қаратау менің мекенім,
Мәуесін теріп жеп едім.
Айналайын Қаратау,
Кереметің мол еді.
Алмасы бар аяқтай,
Жуасы бар таяқтай.
Арқары мен Құлжасы,
Жылқыдан шыққан саяқтай.
Бүлдіргені аяқтай,
Доланасы жүректей.
Бұғысы мен маралы,
Жасқа толған лөктей, – деп жырға қосқан әсем өңір ғой бұл!
Осы Көкжонда Ақпанбет бұлағы бар. Ертеде осы Қаратау өңірінде мергендігімен аты шыққан Асан деген кісі болыпты. Домбыра тартып, ән салатын серілігі де болған екен. Атқан аңының тең жарымын көрші әл-ауқаты төмендерге үлестіретін сақылығы да бар болыпты.
Бұлағын Ақпанбеттің арқыраттым,
Басына арқар сойып жарқыраттым.
Көк шалғын майсасында аунап жатып,
Шалқытып, шырқап әнге судай тастым.
Бұлағы Ақпанбеттің шекер балдай,
Ішкен жан мейірленіп қағар таңдай.
Кір жуып, кіндік кескен, қайран Жоным,
Кеудемде шырағымсың жаққан шамдай, – дей келіп, ел аузында сақталған осы жыр жолдары арқылы Көкжонның адам қызығарлық табиғатын суреттеп, атамекенге деген ерекше құрметін білдіреді. Айта берсек әңгіме мол. Бәрін тізбектей бермей, сол тарихқа толы Көкжондағы Бәйімбет сазы туралы сөз қозғайық.
Бәйімбет сазы – Сарысу ауданы, Әшір Бүркітбаев (бұрынғы «Түркістан» шаруашылығы) ауылынан 5,5 шақырым жердегі Үшбас ауылының шығыс жағындағы көк шалғыны белден келетін көлемді, көрікті саз. Әдемі саздың дәл ортасында бұрқ-бұрқ етіп суы мол бұлақ жерді тесіп шығып, сылқ-сылқ күліп еркелеп ағып жатыр. Ат шаптырым жерді алып жатқан нағыз берекелі, құйқалы жер десек қателеспейміз. Сазда нешебір жұпар иісті өсімдіктер өседі. Көк шалғынға жарыса сарымсақ (жабайы чеснок), су жағалай жасыл жалбыз, саз сыртында жағымды иісі аңқыған адамды мас қылатын киікоты және де басқа өсімдіктерден құралған жұпар иіс жанға жайлы саф ауаға тарап, танауыңды еріксіз жыбырлатады. Кең тыныс ала тұрып жанға жайлы, аса бір рахат сезімге кенелесің. Айтушыларға сенсек, кезінде, өткен жүзжылдықтың 30-50 жылдары бұл әсем сазда ауданымыздың мектеп оқушыларына арналған жазғы лагерь болғанын көнекөз қариялар жиі еске алады. Ондаған шатырлы ақшаңқай киіз үйлер қаз-қатар тігіліп, жаз бойы жасөспірімдер асыр салып ойнап, көңілді ән салып, табиғат аясына серуенге шығып, суға шомылып, өңірді қызықты думанға бөлеп жататын. Әттең, 1954-1955 жылдары «тыңды игереміз» деген желеумен Жондағы бірнеше колхоз біріктіріліп, «Түркістан» тың совхозы пайда болды. Қыр демей, бұлақ демей, сай-сала, саз демей, көзге іліккен жерді бейберекетсіз соқамен ерсілі-қарсылы тілгілеп, егін салды. Сол «пышаққа» мәйегі шығып, тартса қара топырағынан май шығатын көрікті қайран Бәйімбет сазы да ілікті. Оны көрген қариялар ішінен тынып, табиғатты қор қылған келімсектерге алакөздікпен қарады. Бірақ жергілікті халықпен санасып, сөзін тыңдап жатқан ешкім табылмады. Пәленбай ғасырлар бойы елдің қуанышына, той-томалағына куә болған, талай жастар ымырт түсе алтыбақан теуіп, сүттей ай жарығында ақсүйек ойнаған берекелі де көрікті саз аяусыз тарылтып, дөң-дөң болып, тоз-тозы шықты, сәні кетіп, көркінен айырылып, баяғы бағы көзден бұл-бұл ұшты.
Осы Көкжондағы шалғынды көрікті сазға аты берілген Бәйімбет деген кісі кім болған? Аңызға зер салсақ және жергілікті қаламгер-жазушы Дулат Шалқарбаевтың, шежіреші Мақсұт Райқұловтың еңбектері бойынша, ол Дулат бабаның Бестерегінің Ақмолда (Сүлгетай) руынан тараған Ожырай елінің тумасы, өңірде туындаған дауларды әділ шешіп, ел аузына іліккен Айтбозым биі болған атақты кісі екен.
Бәйімбет сегіз жасында әкесі Қырықбайдан айырылып, жетім қалады. Шешесі Томар сол өңірдегі белгілі азамат Шоқай Қарабекұлы датқаның қарындасы болып келеді екен. Жиырма төрт жасында жесір қалған қарындасына Шоқай датқа қамқорлық жасап, сырттай қорғап жүрген. Жас Бәйімбетті қасына ертіп, бауырына тартады. Алғыр жастың іс-әрекетін, сөз саптауын, салмақты ой-пікірін байқап, «осыдан бір нәрсе шығады» деп үмітпен қарап, сенім артады. Бәйімбет 17 жасқа келгенде, нағашысы Шоқайдың қолдауымен өзінің туып-өскен Жон аймағына би сайланады. Оған бір оқиға себеп болады. Айтушыларға сенсек, Қырықбайдың ағасы Қойқара мен Шоқай арасында барымта дауы болады. Қолында билігі бар Шоқай оған теңдік бермей жүрсе керек. Бірде Шоқай үлкен ұлы Төрегелдіні қасына ертіп, Ташкент шаһарына Қоқан хандығының мәслихатына кеткенін пайдаланып, Қойқара жігіттерін жіберіп, Шоқайдың 300-ге жуық жылқысын айдатып алдырады да, олардың біразын ай-шуға қарамай пышаққа іліндіріп, сойдырып жібереді. Бірақ аз уақыттан кейін ашуын басып, сабасы түсіп, сабырға келген Қойқара екі елдің арасы ушығып кетерін байқап, Шоқайдан кешірім сұрағанды жөн көреді. «Шоқайға тәуекел етіп кім барады?», – деп ағайындарымен ақылдасады. Елдің ыңғайын байқаған Бәйімбет алға суырылып: «Рұқсат болса, мен барайын. Ел арасындағы мына дауды өшпес өртке айналдырмай басып келейін. Егер ол ойым орындалмаса, біржола жанып-жасып кетейін. Тәуекел!», – дейді. Шоқайды көптен білетін, оның сесін, мінез ызғарын білетін басқалар үн шығармайды. Өрімдей жас Бәйімбеттің мына батылдығына риза болған Қойқара: «Барсаң, бара ғой, Бәйімбет қарағым!», – деп рұқсат етіп, сенім артады. Бәйімбет қасына бір топ жігіттерді ертіп, Ташкентке жол тартады. Шоқай датқа тоқтаған үйді тауып алып, Шоқайға сәлем береді. «Ел-жұрт аман ба, жарқыным? Неге мезгілсіз жүрсің?», – дейді оның мына жүрісінен секем алған Шоқай қария. Сонда Бәйімбет саспастан, байсалды түрге еніп, былай деп жауап береді:
– Нағашы, Ташкентке базаршылап келіп едім. Көңілде күпті болып жүрген дітімді сізге оңаша айтуға бұрылдым. Онымды айып етпеңіз.
– Ал, айта бер, тыңдайық. Құлағым сенде, Бәйімбет.
– Менің бір туысым намысқа тиетін үлкен бір әбестік іс жасапты. Артынша білместіктен мүлт кеттім деп аяғыма жығылды. Соған не істейміз? – дейді Бәйімбет.
– «Білмегенді кешірмесең, білгенің қайсы?» деген қазақта аталы сөз бар. Дәстүрінен ауытқып қайда барамыз? – дейді ойында дәнеге жоқ Шоқай сабырлы күйде әділін айтып. Шоқайдың бұл сөзіне ширай түскен Бәйімбет:
– Сөзіңізге құлдық, нағашы. Онда мынаны тыңдаңыз.
Дау басы ерте кезде қой-ешкі еді,
Қойға қара қосылып шатақ болды.
Қойқара құдаңыз бір іс істеп,
Шала жансар күйге еніп, ақсақ болды,
Мұнысы Ожырайға сор атақ болды.
Менен басқалар кешірім сұрап келейін деп ед
Жол ауыр, жауын жауып, батпақ болды.
Құдаңыз жүрегі жара, беті қара, көңілі сатпақ болды.
Жөн жүйесін мен арқылы таппақ болды.
Ақылды ноян, алдыңыздың кеңдігін жасап,
Кешіргеніңіз, жан аға, жақсы-ақ болды, – дей келе мән-жайды баяндайды.
Болған оқиғаны естіп, ішкі дүниесі алай-дүлей болған Шоқай датқа Бәйімбеттің буынсыз жерден ұстағанын ұғып, айтқан сөзінде тұрып:
– Жарайды, ердің құны болса да, батылдығың жетіп алдыма келген сен үшін кешірдім, – деп ашудан қайтады.
Содан, елге келгеннен соң Шоқай өңірдің бар беделді адамдарын жиып, ол жиынға Қойқара мен Бәйімбетті шақырып, ел арасындағы көптен келе жатқан дауды бітіреді де, Бәйімбетті сегіз атадан тараған Сүлгетай (Ақмолда) руының биі етіп тағайындайды. Бәзбіреулер «ол әлі жас қой, кімге ақыл айта алады» деп сенімсіздік білдіреді. Сонда Шоқай датқа: «Ақыл айтар ата ретінде қабылдаңыздар. Мен Бәйімбеттің іс-әрекетінен, айтқан келелі сөзінен орақ тілді, жүрегінің түгі бар, көздерінің оты бар ақылды жас деп танимын. Оның тапқырлығында талас жоқ, биге лайық ақыл-біліктілігі жетеді», – дейді. Сөйтіп, Бәйімбет Ақмолдадан тараған дүйім елге 17 жасында би болыпты. Шоқайдың демеуінен қанаттанып, қариялардан бата алып, өз кеңістігінен орын тауып, алмағайып дүниеге қанат қағып кете барады. Ол таза әділеттілігімен, адалдығымен елге қадірлі болады. Талай шешімі қиын дауды әділдікпен бітімге келтірген.
Қазақ арасында ол кездері барымта деген дүние болған. Ол қатар жатқан елді әрдайым дау-жанжалға алып келіп отырған. Бірде Байшақан мен Тама рулары арасында дау өршіп бара жатады. Оның басты себебі Тама жігіттері көрші Байшақан руының тумалары Қылти мен Бостанның жылқысын айдап кетеді. Артынан қуғыншылар жеткенде, екі жақ аянбай шайқасады. Сол шайқаста Қылтидың Әділ деген баласы мерт болады. Осыдан кейін Тіліктің ылғи ығай мен сығайлары жиылып құн сұрауға және қуып кеткен жылқыларды кері қайтаруға аттанады. Даугер би ретінде Бәйімбетті бетке ұстайды. Содан жол бойы ой үстінде келе жатқан Бәйімбет Көктасқа келгенде:
– Сендер бара беріңдер. Мен Алшын Төреқұлдың Қарғашына келгенімді білдіріп, сәлем беріп қайтайын, – деп қасына бір топ біліктілерді ертіп, жолдан бұрылып кетеді.
Екі жүзге тарта жігіттерден тұратын даугерлер тобы Мұңлы мен Құлының аралығында отырған Құмыкер ауылының сыртына тоқтап, хабаршы жібереді. «Біздің елдің рәсімі бойынша, құмыкерліктер алдымыздан қалың кілем жапқан қара нар алып шығып, аяғымызға жығылсын. Әйтпесе, бүкіл ауылды аямай шабамыз, шаңырақтарын ортаға түсіреміз» деп сәлем айтады. Бұл хабарды естіген ел абыржып қалады. Сонда ауыл ақсақалы Құлмырза Тіленші батырды шақырып алып ақылдасады. Жайдың анық-қанығын түсінген Тіленші батыр:
– Неге абыржып жүрсіңдер? Олардың рәсімі солай болса, біздің де өз рәсіміміз бар. Дауға келгендердің бір құлағын кесіп алып, қанша адам келгенін содан анықтаймыз. Олар осыған келіссе, несі бар, біз де келісеміз, – дейді.
Тіленшінің бұл сөзі дауға келгендердің жүрегін шайлықтырып, олардың қатары біртіндеп ыдырай бастайды. Сөйтіп ұнжырғалары түсіп, берекесі кетіп тұрғанда, қасына Қарғашты ертіп Бәйімбет келеді.
– Оу, неге үйіріліп тұрсыңдар? – дейді Бәйімбет. Не істерін білмей үрпиісіп тұрған даугерлер бар жағдайды баяндайды. Сонда Бәйімбет:
– Ақымақ болмаңдар. Мұны ойлап тапқан кім? – деп басу айтып, сұраққа алады.
Даугерлер біріне-бірі қарап, күбірлесіп, «бұны бастаған анау пысақай Жоламан» деп жауап береді.
– Біздің елде әлгідей рәсім жоқ. Егер олар өзінің рәсімін жасаймын десе, ерік өздерінде. Жүріңдер ауылға, – деп Бәйімбет би елді бастап ауылға жетіп, аттан түседі.
Оның алдынан Тіленші батыр шығып:
– Уа, Бәйімбет, елдеріңнің рәсімін жасамай, неге аттан түстіңдер? – деп Бәйімбеттің қолын алып, төс түйістіріп, сәлем береді.
– Біздің елде рәсім жоқ, Тіке. Бір жігітіміз менің жоқтығымды пайдаланып, иттік жасапты. Кешіріңіз. Біздің елде дана қария, дара қария, бала қария деген сөз бар. Оның мәнісі дана қария дегеніміз өзіңіз сияқты елге айтары бар, ықпалы күшті, ақыл-пайымы бар қазыналы қарияны айтады. Дара қария деп ешкіммен жұмысы жоқ, ел-жұртпен араласпай, тамақ ішіп, табақ босататын, елеусіз қалған қарияны айтады. Бала қария деп жасы келген сайын бала мінезді болып, ардың-күрдің сөйлеп, ештеңенің парқына бармайтын қадірсіз қарияны айтады. Осы сапарда мен сіздің даналығыңыз бен парасаттылығыңызға сеніп келіп отырмын. Қатар жатқан елді жауластырмайық, керісінше, бауырластырайық деген үмітпен келдім. Қамшының сабындай қысқа өмірімізде сыйласып, сырласып, жекжат болып өтейік. Көптің сөзіне сенсек, Тіке, сізді жүйелі сөздің парқын білетін текті азамат деп алдыңа келдім, – дейді Бәйімбет.
– Шіркін, Бәйімбет-ай, адамның жан сарайын аша сөйлейсің-ау, тегі. Үйге жүр, мейман бол. Екі жақ бәтуаға келіп ымырласса, бітпейтін шаруа бар ма, сірә. Алаңдама, барлық іс жүйесін табар, – деп Тіленші өз үйіне алып жүреді.
Сөйтіп, даугерлерді екі-үш күн мейман етіп, келген шаруаларын бітіріп, риза етіп жіберіпті. Ертеде тіршілік еткен ата-бабаларымыз қашанда қара қылды қақ жара білуімен, шындықты айтуымен, әділдіктің туын желбіретуімен небір дау-дамайды қиналмай-ақ әділ шеше алған. Оның басты себебі – олардың бойында мөлдір, таза тау суындай, даланың саф ауасындай таза құндылықтарымыздың, шынайылықтың, әділеттің сақталғандығы.
Міне, бұл киелі Қаратаудың жотасындағы Көсегенің Көкжоны аумағында тіршілік еткен, оның жазғы жайлауы болған Бәйімбет би туралы елдің аузында қалған шағын бір әңгіме. Әділдікті ту еткен, әрқашан ақ сөйлеген, сөйтіп, артында айтулы із қалдырған, сыйлы, беделді тұлғалардың аты жерге, суға, көлге, бұлаққа, сазға, жайлауға берілетіні атам заманнан белгілі. Сөйтіп, олардың есімі мәңгілікке қалады. Ал сақталмағаны қаншама?! Қасиетті елдің арасында талай сөзге шешен айтқыштар, тапқырлар, ақындар, жыраулар, батырлар мен батылдар, даналар мен ақылмандар, билер мен датқалар, билер мен болыстар өтті емес пе?! Әттең, олар туралы қызықты мәліметтер, олардың парасатты нақыл сөздері, елге жасаған қайырымды іс-әрекеттері жайлы еміс-еміс әңгімелер бірте-бірте бұлыңғырланып, естен шығып, ұмыт қалып немесе тым сиреп кетті. Уақыт көбін ұмыттырған. Дер кезінде қағазға түспей қалғаны қаншама?! Сол өкінішті…
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп жазады Н.Назарбаев. Орынды, уәжді айтылған ой. Сондықтан туған жердің қадіріне жетіп, бағалай білу, тарихын ұғып, оларды санамызға құйып, халқына аянбай тер төккен, ізгілікті ісімен ел-жұрттың есінде қалған азаматтарды біліп өсу кімге болмасын артық емес.
«Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген қазақта қанатты сөз бар. Егер олай болса, жұмыр жер өз төсін мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың, рулардың ғұмыр шежіресін төсіне жаза беретін мәңгілік шежіре кітап сияқты. Сондықтан әркімнің-ақ туған жерін, кіндік қаны тамған топырақты киелі, қасиетті санап, перзенттік ыстық махаббатпен сүйетіндігі орынды болар. Ой елегінен өткізсек, басып жүргеніміз жай ғана топырақ қана емес, ондаған-жүздеген ғасырлар бойы қатталған ата-бабамыздың естелігі емес пе?! Әр өлкенің өз тарихы, жер-су аттары бар. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір елге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – деп жазған болатын. Қазақ қашанда жерге себеп-салдарсыз ат қоймаған.
Туған жер – жүрек түкпірінде қалғымай, әлдилеп жататын мәңгілік жырлап өтер жырыңыз, еш сарқылмайтын сағынышыңыз. Әр тауы мен тасын түртіп қалсаң, көне тарихтың бұлақ көзі ашыла кететініне куә боласың. Барлығы тұнып тұрған тарих. Отанды білу, еліңді, жеріңді тану оның киелі де, қасиетті жерлерін білуден басталады.
Өмірге ерте туып, асыға өскен,
Дүниеге адам қонақ түней көшкен.
Ер туып, ел қорғаған ата-баба,
Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен…
Мына моп-момақан болып, бірде қырат, бірде бел, бірде жазық болып жатқан боз жусан иісі бұрқырап, сылқ-сылқ күліп сылдырап аққан бұлақтарды жағалай иісі мұрын қытықтар жалбыздар мен аяқ сүрінер киікоты қаулап өскен, көкмайса шөбі белден келетін өлкенің тарихын зерттей түссек, зерделей түссек, шіркін! Алаштың біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек», – деп орынды айтқан. Егер олай болса, қазақтың әрбір түйір тасының, өзен мен көлінің, бұлағы мен сазының, қырлары мен белестерінің, жайлауы мен қыстауының тарихы бар, есімдері ел есінде қалған дегдар азаматтардың ізі бар. Тек өткенімізді саралап, бүгінгімізді байыптай алуымыз керек. Осыған жеткілікті түрде көңіл бөлсек, ілгері қарай дамып, өркениетті елдер қатарына қосыларымыз анық.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Comments (0)
Add Comment