Әлеуметтік желіде «Дикий Арман» деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиевке қатысты жаңа бейнежазбалар желі қолданушыларының ашуын тузғызды деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бейнежазбада қолына ақ мата байлап алған адамдардың бір азаматты сүйрелеп әкеліп, тізерлетіп отырғызғаны және «Дикий Арманның» оның басына тапанша тақаған сәті көрсетілген.
Бұл ретте қылмыстық топтың жетекшісі болған Дикий Арман 24 бейбіт тұрғынды күштеп ұстаған. Оларды аяусыз ұрып-соққаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады. Бүлікші бұдан кейін тергеу изоляторына қамалды. Ол темір тордан қашты деген ақпарат та тараған еді. Артынша Алматыдағы ҰҚК-ден табылды.
«Оның іс-әрекеті заңсыз. Бұл қылмыс болып есептеледі. Олар жолындағыны қиратып, қару-жарақ алды. Ломбардтарды және қаражат, қымбат дүние-мүлік бар жерлерді тонады. Осы әрекеттері үшін оған қандай жаза кесілетінін тергеу жұмысы көрсетеді», – деді Ішкі істер және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков.
Сондай-ақ «Дикий Арманның» деструктивті діни ағымдармен байланысы бар ма, жоқ па, ол жағы тергеу барысында анықталады.