Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Биылғы 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Президенттің мандатын қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді айтқан еді.
Одан кейін Мәжіліс депутаттары осыған қатысты түзетулерді Конституцияға енгізу мәселесін жеделдетуді ұсынды.
Депутаттар нормаларды президент сайлауына дейін қабылдау жөн деді. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша осы күзде Президент болып сайланатын адамға жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін, — дейді Ержан Жиенбаев.
Ол мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру үшін Конституцияға түзетулер енгізу қажеттігін айтты. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен тиісті заң жобасы әзірленген. Онда Президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі туралы және оның бір реттен артық сайлана алмайтыны жөніндегі нормаларды кейін өзгертуге жол бермейтін ереже енгізу де көзделіп отыр.
Бір адамның бір рет қана сайланатыны туралы норма Конституцияға енгізілетін түзету күшіне енгеннен кейінгі президент сайлауында мемлекет басшысы болып сайланатын адамдарға қолданылады,
Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және Президент 7 жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолы Президент атанатындар үшін және одан кейінгі барлық мемлекет басшылары үшін президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектеледі, — дейді Ержан Жиенбаев.
Әлемнің көптеген мемлекеттерінде Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын тұлғалардың, яғни Президенттің және Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінен ұзағырақ болады.
Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі олардың түрлі саяси күштердің ықпалынан тәуелсіз болуына басты кепілдік болып саналады.
Конституциялық Сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайды. Сондықтан оның судьяларының өкілеттік мерзімін ұлғайту туралы шешімді қазірден-ақ қабылдаған маңызды болмақ, — дейді Жиенбаев.
Ата заңның 91-бабының 3-тармағына сәйкес заң жобасы Конституциялық Кеңеске жолданған.