Депутаттар 27 миллион теңге бөлінген қазақ тілі сабағына бармай жүр (ВИДЕО)

Мемлекеттік тілді үйрену үшін «халық қалаулылары» болып жүрген депутаттарға бюджеттен биыл 27 миллион теңге бөлінді деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Кейбір депутаттар бұл қаржы босқа кетеді деп есептейді. Өзін патриот санайтын Ерлан Саиров алдына 2 тілде ұсынылатын құжаттар, яғни заң жобаларының тек қазақшасын қарайды екен.

«Депутаттардың арасында мемлекеттік тілді жетік білетін және басқа азаматтарға да өздері тегін үйрете алатын әлеуеті бар депутаттар бізде көп. Әрбір депутат мемлекеттік тілді жеке өзі үйренуі керек», – дейді ол.

Ал Айдос Сарым, керісінше, бұл бастаманы қолдайды. Осы арқылы депутаттар ең болмағанда тұрғындармен сөйлесе алады деген пікірде. Сөйлей алмаған күннің өзінде түсінеді. Нәтиже VII шақырылымның мерзімі біткенше болады деген пайымда.

«Менің ойымша, 27 миллион теңге деген көп ақша емес. Осында астанада жүрген біраз қазақ тілін оқытушы мұғалімдерге еңбек орны, жақсы мүмкіндік», – дейді Айдос Сарым.

Белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы болса, қазақ тілі сабағына депутаттардың келмей жүргенін айтты.

«Парламентке ең жоғарғы білікті мұғалімді апарып, оларға аптасына 5 күн сабақ кестесін жазып қойған. Бірақ бірде-бір депутат өзінің мемлекеттік тілді білмейтіндігіне қарамастан, ол сабаққа бармайды. Төрт шақырылымның депутаты болып, 4 ауыз сөз білмейтін депутаттар өте жеткілікті», – деді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.

 

Comments (0)
Add Comment