Осыдан бір ғасыр бұрын Алаштың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Жақсы адам болу үшін депутат болудың қажеті шамалы, ал депутат міндетті түрде жақсы адам болуы керек», – деп айтқанындай, депутат – қашанда бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Сондықтан депутат болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Жалпы халық қалаулысы атану үшін әділдік, іскерлік, адамгершілік сынды қасиеттер бір арнада тоғысқаны жөн. Мен үшін депутаттық мандат – ең әуелі халықтың сенімі, жауапкершілік жүгі.
Мәслихат – халық сайлайтын, оның еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган. Өзім «Amanat» партиясынан бір мандаттық №17 аумақтық округі бойынша депутат болып, 8-інші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының бірінші сессиясының №1-2 шешімімен Тараз қалалық мәслихат төрағасы болып сайландым.
Бүгінде Тараз қалалық мәслихатына бір мандаттық аумақтық округтер бойынша 27 депутат сайланды. Бұл ретте қалалық мәслихаттың 8-інші шақырылымындағы депутаттар корпусына беделді, елге сыйлы, қоғам мүддесіне жаны ашитын азаматтардың топтасқанын атап өткім келеді.
Мәслихат қызметінің негізгі нысаны – сессия. Бүгінге дейін 8-інші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының 5 сессиясы өтті. Оның екеуі кезекті және үшеуі кезектен тыс. Өткізілген сессияларда 36-дан аса шешім қабылданып, оның барлығы уақытылы әділет органдары мен тиісті орындарға жолданды. Мәслихат қабылдаған шешімдерге қатысты құзырлы органдардан наразылық пен ұсыныс түскен жоқ. Мәслихат сессиялары өз кезегінде «YouTube» платформасында үздіксіз жариялануда.
Қалалық мәслихат депутаттарының қызметі шаһарымыздың экономикалық, қоғамдық және мәдени өмірінің барлық аспектілерін қамтиды. Депутаттар тарапынан өздеріне бөлінген аумақтағы мәселелерді зерттеп, шешіп, тұрғындарды қабылдап, тұрақты комиссиялар отырысы, депутаттық аралауларға, кездесулерге қатысып, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге атқарған жұмыстарын жариялап тұрады. Әсіресе қала тұрғындарының өмір сүру сапасына әсер ететін бюджетті қабылдау бойынша сауалдары ерекше ұқыптылықпен және жауапкершілікпен талқыланады. Кез келген мәслихат депутатының басты міндеті – сайлаушыларға берген сайлауалды уәдесін орындау, олардың сенім үдесінен шығып, өз округіндегі тұрғындардың үмітін ақтау. Барлық депутаттар өз қызметінде, ай сайын өткізетін қоғамдық қабылдауларда тұрғындардың көтерген немесе өзге де шешімі табылмай жатқан маңызды мәселелер бойынша қала әкімімен бірлескен 2023-2025 жылдарға арналған жалпы саны 103 депутаттық сауал дайындады.
Жеке өзіме келсек, депутаттық қызметімдегі 4 ай ішінде көптеген әлеуметтік нысандар мен ұйымдарды аралап, шаһар тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткіздім. Атап айтқанда, №17 сайлау округінің тұрғындарын 6 рет жеке сұрақтарымен «AMANAT» партиясының қалалық филиалында және №32, №53 орта мектептерінде қабылдау жүргізіп, өтініштерін қарадым. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің №4 және №8 аумақтық сайлау округтерінің тұрғындарымен өткен кездесуіне қатыстым. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге қала іргесіндегі «Шөлдала» алқабының және №7 округ тұрғындарымен көшпелі кездесуінде болдым. Бұдан бөлек, жеке тұлғалардан өзіме 30-ға жуық өтініш келіп түсті.
Айталық, №32 орта мектепте өткен жеке қабылдауыма келген №17 сайлау округінің тұрғындары жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді жаңғырту, ағаштарды кесу, көше жарығы, аялдама, бағдаршам орнату, автобус бағыттары мен лоток жүйелерін қалпына келтіру сынды өзекті мәселелерді көтерген. Аталған әрбір өтініштер тиісті өкілетті органдарға қарастыру үшін ресми түрде жолданды. Кейбір өтініштерге жеке қабылдау барысында заңға сәйкес түсініктемелер беріліп, аталған мәселелер толық шешілгенге дейін қосымша бақылауға алынады.
Қаламыздағы өзекті мәселелерді депутаттық сауалдар арқылы да көтеріп келемін. Атап айтсам, №7 мектеп-гимназиясына жапсарлас құрылыс салу үшін жобалық-сметалық құжатқа қаржы бөлу, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы көпірді жөндеу және көпірге дейінгі түнгі жарық шамдарын орнату, Рысбек батыр көшесін кеңейту, жаяу жүргіншілер жолын салу және арық жүйелерін қалпына келтіру, №1, 2 Чехов бұрылыс көшесіндегі асфальт жабындысын ауыстыру, Е.Ниетқалиев көшесі Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының жанындағы бос жатқан жер телімінің қоқыс алаңына айналуы сынды проблемалардың оңтайлы шешілуіне атсалысудамын. Мәслихат жұмысы әрдайым жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыста. Сол үшін әрбір жиын барысында тұрғындардың сауалдары жауапсыз қалған емес.
Халық қалаулысы болған соң тұрғындар мен қала үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға барынша көңіл бөлеміз. Шешімін тапқан мәселелерге келсек, қаламыздағы Химиктер көшесіне жарық шамдары орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысымен, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының айналасына асфальт жабындысы төселді. Бұдан бөлек, №7 мектеп-гимназиясында жапсарлас ғимарат құрылысын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Аталған білім ошағындағы құрылыс жұмыстары сәтімен басталса, құрылыс жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы аяқталуын қадағалайтын боламыз.
Түрлі мерекелік іс-шаралар мен акцияларды ұйымдастыру, спорттық жарыстарды өткізу, балалар, оқушылар, ардагерлер, зейнеткерлерге қамқорлық көрсету орайында жергілікті билікпен бірге қалалық мәслихат депутаттары белсенділік танытуда. Жеке өзім қалалық мәслихат депутаттарымен бірге шаһарымыздағы 16 іс-шараға қатыстым. Қиындығы мен қызығы аралас қым-қуыт шаруаның оң шешімін табуы үшін депутаттар қашанда бар күш-жігерін салуда.
Шаһарымыздағы әлеуметтік нысандар құрылысы, жолдарды жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы – кезек күттірмейтін мәселе. Жуырда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен Әулиеата өңірінде болды. Сенатор және қала әкімімен бірге шаһар көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, жауапты мекеме өкілдерімен кездестік.
Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Астана қаласындағы «AMANAТ» партиясының форумына қатыстық. Бұл алғашқы форумға еліміздің барлық өңірінен 2 500-ден астам мәслихат депутаттарымен қатар, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, Үкімет мүшелері мен басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сонымен қатар мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері кеңінен айтылды. «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумы үлкен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа идея ұсынуға, даму бағытымызды айқындауға, Үкімет мүшелеріне кез келген толғандырған сұрақты қоюға мүмкіндік беретін басқосу болды. Сондай-ақ бас қаламыздың мерейтойына орай өткен «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты елордадағы бауырлас қалалардың форумына да қатысып қайттым. Айтулы шараға 40 елден 1 000-нан астам делегат қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум аясында сөз сөйлеп, бауырлас қалалардың басшыларына, әлемнің бірнеше елінен арнайы келген қонақтарға ілтипат білдіріп, елордамыздың 25 жылдық қалыптасу тарихын атап өтті. Форумда әлемді толғандырып отырған урбанизация үрдістері, қалаларды тұрақты дамыту, цифрландыру, транспорттық инфрақұрылым, денсаулық сақтау, инвестиция және туризм салаларындағы мәселелер талқыланды. Мұндай ауқымды шаралар еліміздің тәжірибе алмасуымен қатар, әлемдік қалалар арасындағы байланыстарды нығайтуға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қалалық мәслихат депутаттарының корпусында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар бар екенін тағы да баса айтқым келеді. Бір сөзбен айтқанда, мәслихат депутаттарының алдындағы мақсат ортақ, ол – халыққа қызмет ету.
Кенжебек Олжабай,
Тараз қалалық мәслихатының төрағасы