Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған, еліміздің ертеңіне деген сенімін арттыратын Жолдауын ықыласпен тыңдадық.
Халқымыз ежелден «Тәні саудың жаны сау» деп білген жұрт. Сондықтан ұлт саулығының орны бөлек. Кемел келешегіміз үшін дені сау ұрпақтың болғаны Отанымыздың болашағы үшін аса маңызды. Президент кезекті Жолдауында аса маңызды мәселеге айрықша тоқталды.
– «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады, – деген Президент денсаулық саласына мықтап көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет. Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біздің Ата Заңымыздың бірінші бетінде: «Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам мен оның өмірі», – деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Әрине, мемлекеттің басты байлығы – адам. Бұл туралы Мемлекет басшы да өз Жолдауында тілге тиек етті.
– Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды, – деген Президент атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
– Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ел Президенті Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды да тапсырды. Бұл туралы: «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат ең алдымен ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бүгінде ауыл-аймақта медициналық орталықтарының жоқтығы, сапасының нашарлығы жұрттың жиі назарлығын қозғап жүрген мәселе екендігі жасырын емес. Жолдауда бұл мәселе де назарға алынды.
– Қазір еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттан емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл 4 миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақ халатты абзал жандарға қашанда айрықша назар аударылуда. Бұған Президенттің: «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы 3 жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді», – деген сөзі дәлел.
Адамдарды ажалдан арашалап, халық денсаулығы үшін тер төгіп жүрген сала қызметкерлеріне баса мән берген Мемлекет басшысына алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Сол үшін бұл Жолдауды толығымен қолдап, іске асырылуына күш салатын боламыз.
Жанар Оспанова,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы