Демократиялық құндылықтарды қалыптастырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әділетті Қазақстан құрудың мақсат-міндеттері мен бағыт-бағдарын тиянақтап берді. Президент елімізді алға жетелейтін және алдағы уақытта болатын саяси өзгерістерді де ашық айтты.

Бұл саяси дәстүр, біз де ашық айтайық, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тән. Қазақстандағы биліктің барлық жүйесін реформалау жалғасын тауып келеді. Қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас туралы түсінікті өзгертетін жаңалық көп. Барлық басқару саласында тиімділік пен табысқа қол жеткізетін, жауапкершілікті күшейте түсетін және демократиялық құндылықтарды қалыптастыратын жүйе жұмыс істейді.

Алдағы сайлаулардың болатынын айтудың өзі – нағыз демократияның көрінісі, бұл халықтық сенімді арттырады және реформаларға жол ашады. Сондай-ақ саяси сенімді күшейтіп, билікке деген оң көзқарасты нығайтады.
Мемлекет басшысының президенттік мандатты жеті жылдық бір мерзімге қысқарту туралы ұсынысы – үлкен саяси жаңалық және құптарлық қадам. Президенттің бұл ұсынысы талайға ой салды. Өйткені өмірлік тәжірибенің сабақтары бәрімізге мәлім.

Жолдауда саяси жаңғыру мен жаңғыртудың ақылға қонымды, қоғам дамуына тиімді, халықтың сұранысына сай тарихи қадамдар жасалғанын атап өтуіміз керек. Жалпы осы Жолдаудың аясында адамдардың көкейінде жүрген барлық өзекті мәселе қамтылды және бұл өзгерістер толығымен жүзеге асырылады деген сенімдеміз.

Парламент алдына нақты міндеттер белгіленді, сондай-ақ Үкіметке, әкімдіктерге халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, табысын еселеп арттыру жөнінде тапсырмалар жүктелді.
Қазақстанда мықты демократия орнатудың мақсаттары қоғамның көз алдында кезең-кезеңімен орындалып келеді.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Comments (0)
Add Comment