Демографиялық дүмпу – өркениет көшінің бастауы

Әр елдің даму көрсеткішін бағалаудың бір тетігі – демографиялық өсім. Табиғи өсім болса, сол елде ілгерілеушілік байқалады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауының бiр тармағында демографиялық ахуалға айрықша тоқталды. Бұл орайда демографиялық дүмпуге «Аңсаған сәби» жобасының қосқан үлесі орасан. Баянды бастаманың жемісін бүгінде тараздықтар да көруде. 

          «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» дегендей, бүгінде елімізде демографиялық даму қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Жыл сайынғы көрсеткіш бойынша орта есеппен Қазақстанда 189,5 мың бала дүниеге келсе, оның 98 мыңы – ұл, 91,5 мыңы – қыз. Туу коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 19,20-ны құрады. Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1 000 тұрғынға шаққанда 25,97 адам), Түркістан (25,46) облыстарында және Шымкент қаласында (24,70) тіркелді. Осындай статистикаға сүйенер болсақ, елімізде бала туу көрсеткіші алдыңғы жылға қарағанда әлдеқайда өскенін аңғаруға болады.

         Дегенмен кез келген елдің демографиясы ішкі саясат, экономикаға тікелей әсер етеді. Шынында, демографиясы мықты ел әрқашан өзге елдер алдында іргетасы мықты болып тұрары анық. Мысалы, Қытай өзінің демографиялық ахуалының арқасында қазіргі жағдайына қол жеткізді. Сол сияқты еліміз өзінің территориясын сақтап, қауіпсіздікті ойлау үшін демографиялық ахуалды жақсарту қажет. Ол үшін туу көрсеткішін арттырып, өлім деңгейін төмендету этникалық қазақтарды атамекеніне көшіп келуге ынталандыру міндеті тұр. Қазіргі таңда елімізде бұл міндет толығымен орындалып жатыр деуге толық негіз бар. Себебі Қазақстанда халық санын арттырып, демографиялық ахуалды жақсарту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанның халық саны 19 899 377 адамды құрады. Оның ішінде 12 317 671 адам – қала, 7 581 706 адам – ауыл тұрғындары, 48,8% – ерлер, 51,2% – әйелдер.

Шындығына келгенде, кейбір тарихи оқиғалар қазақ халқының демографиясына үлкен соққы тигізгені анық. Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион адам көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түсіп кеткен болатын. Алайда қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Расында да, ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізгеннен кейін миллиондаған қандастарымыз тарихи Отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. Демографияның атасы аталып кеткен ғалым, марқұм Мақаш Тәтімов: «Қазақтар – 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық. Мәселен, украиндер өз халқының 17 пайызын жоғалтты және жергілікті жерлерде, яғни елдің оңтүстігінде ғана көп шоғырланған. Қазақтар бүкіл Қазақстанның территориясында 49-дан 51 пайызға дейін кеміді», – деген еді.

Ғалымның зерттеулері бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын. Бұл тұста демограф: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…», – деген өкінішін жеткізді.

Расында да, Столыпиннің көші-қоны, Голощекиннің солақай саясаты мен елдің аштыққа душар болуы, миллиондаған адамның қырылып, тірі қалғандардың біраз бөлігі Қытай, Орталық Азия елдеріне бас сауғалауы, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар ұлттың басына үлкен қасірет әкелді. Бір ғасырдың өзінде қазақ халқы бір емес, бірнеше нәубетті бастан кешті. Тәуелсіздік – талай тағдыр соққысы мен қайғы-қасіреттен аман қалған бойын тіктеді, еңсесін көтерді. Бүгінде қазақтың үлес салмағы 70 пайыздан асып тұр. Нақты мәліметке сүйенер балсақ, 2023 жылғы қаңтар-маусымда республикаға келгендер саны 13 652 адамды, елден кеткендер саны 6 996 адамды құрады. Көші-қон сальдосы 6 656 адамға жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (55,2%) Өзбекстаннан, 19,2% – Қытайдан, 9,8% – Моңғолиядан , 8,6% – Ресейден, 5% – Түрікменстаннан және 2,3% – басқа елдерден қоныстанғандар.

Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 63%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28,4%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16%-ы жоғары білімді, 36%-ы орта кәсіби білімді, 39,9%-ы жалпы орта білімді.

«Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 491 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде», – деп көрсеткен арнайы хабарламада.

Жыл басынан бері 653 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 431 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 653 адам біржолғы субсидия алған. Ал 334 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды. Осылайша демографиялық даму барысында қандастарымызды елге оралту қарқынды түрде іске асып жатыр. Бұл – халық санын көбейтудің бірінші жолы.

Екіншісі – табиғи өсім. Яғни туу коэффициентін көтеру керек. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек. Қазақстанда табиғи өсім оң бағытқа ие. Соңғы деректер бойынша, туудың жиынтық коэффициенті 2,73 болды. Туу коэффициентінің өсуіне әсер ететін тағы бір фактордың бірі – экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) ұсынатын орталықтардың көбеюі. Сондай-ақ осы рәсімге мемлекет бөлетін квоталар бар. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында квота 7000-ға дейін өсті. Әрине, бұл елдегі туу көрсеткішінің алдағы жылдары  өсуіне оң әсерін тигізеді. Осыдан 5-10 жыл бұрын көп отбасы мұндай орталықтарға жүгінбеген болса, бүгінде экстракорпоральды ұрықтандыру қажеттілігі әрбір алтыншы отбасына әсер етуде. Нақты мәліметтерге сүйенер болсақ, бүгінде «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері 2022-2023 жылдары ЭКҰ 19 мыңнан астам әйелге жүргізілді. 7 000-нан астам әйел жүкті болды. 3 800 отбасында 4 500-ден астам нәресте дүниеге келді. 2 500 жүкті әйел нәрестесінің өмірге келуін күтіп жүр. Дәл осы бағдарлама аясында ана болу бақытына кенелген Дана Өмірбекова мамандарға қуанышын, жылы лебізін жеткізді.

– 9 жылдан бері күткен қуанышымыз – осы. Сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Осы «Аңсаған сәби» бағдарламасын шығарған Президентімізге және өз қызыметтерін орындап жүрген ақ халатты абзал жандарға рақметімізді айтамыз. Барлық сәби аңсаған аналарға осындай бағдарламалар арқылы көбірек квота бөлініп, ана бақытын барлығы сезінсе екен деп тілеймін.

Дәл осындай аналарымыз үшін, яғни бір перзентке зәру болып жүрген нәзікжандылар үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі демографиялық ахуалдың күрделі екеніне тоқталып, бұл бағыттағы жағдайды жақсарту үшін Үкіметке бірнеше тапсырма бергені белгілі.

     – «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Ал ажырасу демографияның әлсіреуіне алып келері анық. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Сондықтан осындай маңызды мәселелердің алдын алу мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын қолға алуды бұйырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет, – деді Президент. 

Жалпы табиғи өсім болу үшін аналарға қажетті көмек, медициналық және әлеуметтік жәрдемақы көлемі артуы қажет. Шындығында, елдегі табиғи өсім соңғы 5-6 жылда артып келеді. Қазірде бір әйелге 3 баладан келіп отыр. Үкімет те осы жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны бала 1,5 жасқа толғанға дейін төлейтін болды. Ал осыған дейін жәрдемақы тек 1 жасқа дейін берілетін. Сондай-ақ бұл жәрдемақының мөлшері де артты: бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (30 705 теңге). 2023 жылдан бастап бала күтіміне бай­ланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды Үкіметке Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүм­кіндік береді.

Статистикаға сүйенсек, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Елімізде күн сайын 1 000-нан астам сәби өмірге келеді екен. Осы қарқынмен жүрсек, 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады деген болжам бар. Әрине, ол үшін ана мен сәбиге сәйкесінше жәрдем көрсетіліп, қоғам тарапынан үлкен қолдау керек екені мәлім. Бүгінде демографияның қарқындап дамып жатқаны да осы аналардың арқасы деп еш шүбәсіз айтуға болады. Алайда туу коэффициенті қарқындап дамып жатқанымен, елімізде ажырасу мәселесі де күн санап артып келеді. Ал ажырасу демографияның әлсіреуіне алып келері анық. Сол себепті елімізде етек жайып бара жатқан бұл мәселенің де шешімін тапқан дұрыс.

«Биыл бірінші жартыжылдықта елімізде 65 мыңнан астам неке тіркелсе, 9,4 мың жұп ажырасқан. Ресми мәліметке сүйенсек, некеге тұру мен ажырасудың басым бөлігі белгілі бір қалаларға тиесілі. Еліміздегі некелердің үштен бір бөлігі Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелсе, 1 000 адамға шаққанда үйлену коэффициенті Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау облыстарында жоғары. Ал ажырасудың көрсеткіші Алматы және Қарағанды облыстарында жоғары болып  тұр. Сарапшылар өткен жылмен салыстырғанда, ажырасу көрсеткіші 2,9 пайызға азайды дейді. Дегенмен соңғы онжылдықтағы жағдайды сараптасақ, ажырасу көрсетіші жыл сайын артып отырған. Бұл өз кезегінде демографиялық ахуалға да айтарлықтай әсер етуі мүмкін, – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова

Шынына келгенде, ажырасу, балаға аз көңіл бөлу қоғам дертіне айналып бара жатқаны белгілі. Осы жерде «Отбасы институтын дамыту қажет» дейді ғалымдар. Мәселен, «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасының зерттеу нәтижесіне сүйенсек, елімізде әкелер балаларына аз көңіл бөледі екен. Азаматтардың тек 17 пайызы ғана бос уақытын бала-шағасына арнайды. Бұл міндет көбіне әйелдердің мойнында. Отбасы туралы ұлттық баяндаманы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қазақстанның қоғамдық даму институты жариялаған еді.

«Баяндамада отбасы институтының негізгі проблемалары мен трендтері анықталып, еліміздегі отбасы саясатын жетілдіруге арналған практикалық ұсыныстар әзірленді. Зерттеуге сүйенсек, бүгінгі қоғамда әкелердің отбасын­дағы рөлі негізінен қаржылық және материалдық игіліктерге байланысты екен. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті, алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен пейілі одан да маңыздырақ. Ұлттық баяндамада осындай түрлі зерттеулер кеңінен қамтылған», – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Жоғарыда айтып кеткендей еліміздің демографиясының өсуінің бірден бір себебі атажұртына табан тіреп, елге оралған қандастарымыз екені мәлім. Алайда қандастарымыз елге оралғанымен, елден кетіп жатқан қазақтарымыз да баршылық. Бұл жайлы баспасөз беттерінде  жазылып та жатыр. Бірақ академик Ораз Баймұратов «елімізге келгендерден, кеткендер көп» деген сарындағы пікірлерге келіспейтіндігін айтты. Оның сөзінше, шетелге кетіп жатқандардың басым бөлігі – білім іздеген жастар. Олар өзге мемлекеттерге түбегейлі қоныс аударған жоқ. Білім алып, кәсіп игергеннен кейін елге оралуды көздейді. Көпшілігі – түрлі салада жұмыс істеп, аз-кем қаржылай қор жинап келуді мақсат тұтқандар. Десе де, өзге елдерде ұзақ уақыт жұмыс істеуге кеткендердің ішінде амалын тауып сонда тұрақтап қалуға шешім қабылдағандар да аз емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өткен жылдың өзінде 26 мыңнан астам адам Қазақстаннан шетелге кеткен. Олардың басым бөлігі – білімді жастар мен білікті мамандар. Қолымызға түскен тағы бір деректе 2015-2019 жылдар аралығында елімізден шамамен 200 мыңнан астам адам шетелге тұрақты тұру мақсатында қоныс аударғаны айтылған. Керісінше, дәл осы 2015-2019 жылдар аралығында елімізге 112 мыңнан астам адам қоныс аударыпты.

Осы тұрғыда айтарым, әрине, жастарымыздың білімді болғаны – біз үшін үлкен мәртебе. Себебі «білімді жастар – ел болашағы» екені анық. Алайда сол білімдерін, тәжірбиелерін өз елімізде, өз жерімізде пайдаға асырса, міне, осы біз үшін ең үлкен олжа болар еді.

Мамандардың тағы бір мәліметіне сүйенер болсақ, елімізде демографияның өсуіне  кері әсерін тигізетін тағы бір фактор ерте қартаю, яғни қарттар санының артып бара жатқаны дейді. Ал кейбіреулері жұмыссыздыққа бейімделу деп те өз пікірлерін айтуда. Яғни қалай қарасақ та, демографиялық дамуға кері әсерін тигізер факторлар көбеймесе азайатын ойы жоқ. Алайда демографиямызды дамыту барысындада көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны жасырын емес. Оны 19 миллионнан асқан халқымыздың санынан-ақ аңғаруға болады. Осы тұста экономист Асылбек Күздеубаев бір сұхбатында: «Ел халқы қартаю алдында тұруы мүмкін, бірақ бұл алдағы 10-20 жыл көлемінде анық байқала қоймайды. Себебі біз ұлды ерте үйлендіру керек, қызды тұрмысқа беру керек деген ұғымдардан алшақтаған жоқпыз. Халық қартайып барады дегеннен қорқудың қажеті жоқ және бұл мәселені шешудің жалғыз ғана жолы бар: қазірден бастап туу көрсеткішінің ұлғаюына жағдай жасау. Болашақтағы еңбекке қабілетті халық санын арттыру. Қазір дүниеге келген балаларға әлеуметтік көмектер беріп жатырмыз ғой, осы саясатты бұдан әрі қарай да ұстануымыз керек. Көпбалалы аналарға берілетін көмектер мен жеңілдіктерді көбейтуіміз керек. Бірақ белгілі бір нормадан аспауы керек, яғни масылдыққа әкеп соқпауы керек. Көп баланы дүниеге әкеліп, мемлекеттен сұрайтын отбасылар өте көп. Проблема көп, бірақ олардың асыраушылары, яғни отағасы қайда, ер-азаматтары неге жауапкершіліктен қашады? Олардың да өз аргументтері бар: жұмыс жоқ, бәрі қымбаттап жатыр, тағысын тағы. Бірақ осы жерден тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Бізде халықтың белгілі бір тобы нарыққа бейімделуге дайын емес. Яғни шешілмеген түйін әлі де көп», – деді.

Қалай дегенде де, демографиялық дамудың мемлекетіміздің экономикасына берері көп. Осы тұста ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі ойға оралады. Бүгінгі күннің талап-тілегіне орай жазушының айтқанын «Ел боламын десең, демографияңды түзе» деп өзгертіп айтқан да дұрыс шығар. Себебі демографясы мықты ел әрқашан бәсекеге қабілетті, іргетасы мықты мемлекеттер қатарында болары анық.

Әмина Мұса

 

 

 

 

 

 

 

Comments (0)
Add Comment